5.04.2024, 17:58
Оқылды: 7

Өмірін өнерімен өрнектеген әнші

Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде ауданымыздың мәдениетіне талай жыл еңбек сіңіріп келе жатқан, Қазақстан авторлары қоғамының мүшесі, «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісінің иегері, тамаша дауыс иесі Сансызбай Сұлтанғалиевтің «Өнерім – өмірімнің өрнегі» атты шығармашылық ән кеші өтті.

концерт (1)

Сазды кешті Сансызбай Асқарұлы туған жерге арналған «Шыңғырлауым» әнімен бастап, көпке белгілі шығармаларын, термелерін орындады.

Айта кететіні, осы кеште бірқатар жаңа әннің де тұсауы кесілді. Бұл Сансызбай Сұлтанғалиевтің әрдайым ізденісте болып, көрерменін жаңалықтармен қуантып жүретінін көрсетеді.

концерт (2)

Жерлес ақындарымыздың сөзіне жазылған туындылар жанды дауыста орындалып, көрерменнің жанын тербеп, жүректеріне жетті. Көптеген әнінің сөздерін жазған Қаршыға Елемесов, Жұмаберген Оспанов, Самат Байболат, Абдул Рахметовке әнші шапан жауып, өнер жолында әркез қолдау білдіріп жүргендері үшін алғысын білдірді. Ақындар да өз кезегінде құттықтау сөздерін сөйлеп, ақжарма тілектерін арнады.

концерт (3)

Сондай-ақ кеште әншінің өнердегі әріптестері, кеш қонақтары Әсел Кұтжанова, Тарас Жауынбаев әннен шашу шашты. Алыстан келіп, тамаша тарту жасаған өнерпаздарға шыңғырлаулықтар ризашылығын қошеметтерімен білдірді. Алыста жүрген жанашыр жандар да өз құттықтауларын бейнероликтер арқылы жеткізіп жатты. Ақын, композитор Қайрат Темірғалидің Сансызбай Асқарұлына арнаған өлең шумақтарын, термеші Аманғали Сатпанов төгілтіп тұрып орындап берді.

концерт (5)

Көрермен ыстық ықыластарын білдіріп, ақ баталарын беріп, гүл шоқтары мен сый-сыяпаттарын ұсынып жатты.

Салтанатты шара соңында әншіге аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің атынан және БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасы басшысы Сайран Дүйсеновтың атынан алғысхаттар мен сый-сыяпаттар табысталды.

 

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале