Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылдық округінде «Нұрлы» оңалту орталығы ашылды.
Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі балаларға үлкен мүмкіндік болғалы тұр. Өйткені өмірге деген құштарлықты арттыруға, денсаулыққа көңіл бөліп ем алуға барлық жағдай жасалған.
Орталықтың негізін қалаушы Нұрлы Берқалиева мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, массаж орталығын ашуды жөн көрген. Оған ем іздеп келетін халық қарасы қалың, тіпті Ақтау, Қостанай, Жезқазған секілді қалалардан да іздеп келуде.
– Ұядай ғимарат бүлдіршіндерге де, ата-аналарға да зор қуаныш сыйлағанына куәміз. Кішкентайлардың көзіндегі үміт оты, шексіз қуанышы – біздің басты мақсат орындалғаның көрсетеді. Бұл — жүйелі, жоспарлы жұмыстың жемісі. Әр бала бақытты болуға лайық. Абай атамыз: «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді» деген. Осы игі бастамаға қолдау болып келген баршаңызға зор алғысымды айтамын, - деді Нұрлы Орынбайқызы өз сөзінде.
Орталықтың салтанатты ашылу шарасында лента қию рәсімін ағасы Мерхат Орынбайұлы мен нағашысы Талап Айтмұханбетұлы жүргізгенін айта кеткен жөн.
Оңалту орталығының жұмысымен танысқан көпшілік жылы лебіздерін білдіріп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ Подстепный ауылдық округі әкімінің орынбасары Жанаргүл Хусайнова, аудан және ауыл әкімінің құттықтауын жеткізді.
Меймандар арасынан бой көрсеткен облысқа танымал әнші Ербол Ақбасов әсем әннен шашу шашты.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz