Ел ықыласына бөленген құрметті азамат, өмірден түйгені мол білімдар әрі ізденімпаз тұлға, адамгершілік пен ізгіліктің биік тұғырына көтеріле білген асыл жан, асқар тау әке, ардақты ата Ержанов Кенжеғали Ержанұлының дүниеден озғанына жиырма жыл болып қалыпты. Әлі де қимаймыз, сағынамыз... Оның асыл бейнесі алыстаған сайын күннен-күнге ірілене түскендей...
Әкемізді еске алғанда, ең алдымен, көз алдымызға оның туа бітті кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы, адамгершілігі мен азаматтығы, ізеттілігі мен иманжүзділігі, биік мәдениеті мен рухани бай дүниесі тұра қалады. Айтатын пікірі нақты, айқын, сөзі салмақты, ойы ұшқыр, тілі өткір болатын. Жағымпаздық пен жалғандыққа жаны қас еді. Бұл мінез оған әкенің қаны, ананың ақ сүтімен берілді.
Ержанов Кенжеғали 1940 жылы 25 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауданы Талпын ауылында Баймағамбетов Ержан Баймағанбетұлы мен Баймағамбетова Хадиша Мусағалиқызының отбасында төртінші бала болып дүниеге келген. Өзінен үлкен Қанымзия есімді апасы, Тасбау, Бақтығали сынды ағалары болды. Әкесі Ержан мен анасы Хадиша еңбекқорлықтарының арқасында қиын заманда бытырап кеткен бауырлары мен тума-туыстарының басын біріктіріп, ашаршылық жылдары шарғыжіптен ау тоқып, Шалқар көлінен балық аулап, бауырларымен қоса көптеген ауылдастарын аман сақтап қалады. Әкесі Ержан 1950 жылы өмірден өтті. Ол кезде әкеміз Кенжеғали 10 жаста, ағасы Тасбау 23 жаста, апасы Қанымзия 20 жаста, ағасы Бақтығали 14 жаста болған.
Әкеміз Кенжеғали 1948-1955 жылдары Аңқатыдағы жеті жылдық мектепті қазақ тілінде оқып бітіреді. Орыс тілін меңгеру үшін 1955-1956 оқу жылы қайтадан жетінші сыныпты орыс тілінде оқып шыққан. Өзінің айтуы бойынша, орыс тілінде жақсы сөйлеп, жазуды үйрену үшін «Русские народные сказки» деген кітапты алып оқыған. 1956-1959 жылдары Орал ауыл шаруашылық техникумында зоотехник мамандығын, 1959 жылы Орал ауыл шаруашылығын механизациялау техникумында тракторист мамандығын меңгереді. Еңбек жолын 1959-1961 жылдары «Энбекский» совхозының №3 бөлімшесінде зоотехник болып бастайды. 1961-1963 жылдары «Лбищенский» совхозының №3 бөлімшесінде зоотехник болып, қызметтік жолын жалғайды.1963 жылдың қаңтарында Саратов зооветинститутының зоотехникалық факультетінің сырттай бөліміне оқуға түседі. Сол жылы бірінші сессия нәтижесі бойынша институттың ректоры В.Дементьевтің арнайы шақыруына келісім беріп, күндізгі бөлімінің 1-курсына қабылданған. 1964-1965 оқу жылында 2 және 3-курстарын бір жылда оқып, емтихандарды сәтті тапсырып, үйдегі жағдайға байланысты сырттай оқу бөліміне ауысады. Төртінші, бесінші курстарды сырттай оқып, 1967 жылы «Ғалым зоотехник» мамандығының иесі атаныпты.
Институтта оқып жүрген кезінде Кенжеғали Мәскеудің К.А.Тимирязев атындағы академиясынан оқуға шақырту алады. Бірақ анасы Хадиша «Саратовтың өзі алыс, Мәскеу одан да алыс» деп жібермей қойған. Содан әкеміз 1966 жылы Астрахань облысы Зеленга ауданы Сизый-Бугор ауылында балықшының отбасында туып-өскен Жанапова Зәуре Зұлқашқызымен шаңырақ көтеріп, 1 ұл, 4 қызды тәрбиелеп, өсірген.
Жас кезінде бокспен айналысып, шағын калибрлі мылтық атудан мерген болған әкеміз туған жері Аңқатының көркеюі үшін маңдай терін төгіп еңбектенді. Атап айтсақ, 1965-1971 жылдары Аңқаты асыл тұқымды зауытында қолдан ұрықтандыру жөніндегі маман, №2 бөлімшесінде зоотехник, экономист, 1971-1972 жылдары Аңқаты ауыл советі атқару комитетінің төрағасы қызметтерін жауапкершілікпен атқарды. Қазақтың ақ бас сиырын өсіріп, Аңқатының атағын дүркіреткен. Қолдан ұрықтандыру жөніндегі маман болып жұмыс істеп жүргенде, «Орлик» атты жылқысына мініп, барлық шаруашылықты күніне екі рет аралап шығады екен. Жұмыста өзіне де, өзгеге де талапшыл болған. Москва, Алматы т.б. қалаларға түрлі конференцияларға, сьездерге делегат болып барғанда, міндетті түрде кітап дүкендеріне соғып, әлем классиктерінің шығармаларын том-томымен сатып алатын. Қонақ бөлменің бір жарын түгел алып тұрған кітапханасы болды. Жұмыс барысымен Москва, Саратов, Оренбург, Алматы қалаларынан, облыс орталықтарынан келген үлкен лауазымды адамдарды, ақын-жазушыларды, фермалардан шаруасымен келген жұмысшы болсын, тракторист болсын, үйге әкеліп, қонақ қылатын. Сонда «Менің бар байлығым» деп балаларымен таныстырып, кітаптарын көрсететін. 15 одақтас республиканың бәрінде достары болды. Бәрімен хат арқылы хабарласып отырды.
Еңбекқорлығының, жауапкершілігінің арқасында 1972-1974 жылдары В.И.Ленин атындағы қолхозының төрағасы (Сарыөмір ауылы), 1974-1977 жылдар аралығында Аңқаты асыл тұқымды зауытында аға экономист, 1977-1987 жылдары Аңқаты ауыл советі атқару комитетінің төрағасы, 1987-2002 жылдары Аңқаты асыл тұқымды зауытында экономист болып қызмет еткен. Жас мамандарға білгенін аямай үйретуші еді. Олар да әкемізді ұстаз тұтып, құрметтеп, сыйлайтын. «Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, әкеміз: «Мен кейінгі буын мамандардан көп нәрсені үйрендім. Ылғи өз мамандығым емес, қосымша мамандықпен жұмыс істеп келемін»,- деп жиі айтып отыратын. Өз ісіне деген адалдығымен, тазалығымен, парасаттылығымен, турашылдығымен көзге түсті. Балаларын да солай тәрбиеледі. Әр адамның басты парызы еліне, ұлтына адал қызмет ету болса, Кенжеғали Ержанұлы - сол міндетті биік тұғырда орындаған жан.
Әкеміздің қамқорлығы мен көмегін алдына келген адамның бәрі сезінетін. Ол ешқашан ешкімнің бетін қайтармай, бәріне қолдан келгенше көмектесетін. Өйткені бұған оны өмірдің өзі үйреткен. Отбасында үйдің кенжесі болса да,үлкен ағасы ерте қайтыс болып, апасы тұрмысқа шығып кетеді. Ағасы Бақтығалидың көзі көрмей қалып, жеңгесі өмірмен ерте қош айтысады. Сөйтіп, ағасының балаларына қарасып, балдыздарын да қамқорлап, аяқтан тұрып кетуіне көп септігін тигізген.
Әкеміз өз отбасы мен жақындарына ғана емес, көпшілікке қолдан келген жақсылығын аямай, көмек қолын созуды, қамқор болуды өзінің парызы деп білетін. Бірде ауыл советі атқару комитетінің төрағасы болып жүрген кезінде ауылдан 25 шақырым қашықтықта Самара-Шымкент тас жолымен өтіп бара жатқан автокөлік апатқа ұшырап, ауыл милициясымен көмекке барыпты. Көлікте екі орыс халқының өкілі бар екен. Әкеміз көліктерін 4-фермаға апарып, өздерін үйге алып келіп, тамақтандырып, қондырады. Таңертең тұрса, анамыз киімдерін тазалап, үтіктеп қойыпты. Аяқ киімдері де мұнтаздай таза. Қонақтар әкеміз бен анамыздың қамқорлығына бастарын иіп, кішіпейілдігі мен қонақжайлығына таңырқап, риза болып кетіпті. Енді бірде түнде анамыз екеуі қонақтан келсе, төрде бірнеше адам ұйықтап жатыр дейді. Таңертең тұрып, мән-жайды білсе, украиндар екен. Ауыл адамдарынан қонатын жер сұраса, біздің үйді көрсетіп жіберіпті. Айта берсең, осындай оқиғалар өте көп. Бір күні әкеміз жеке «Москвичімен» жолда келе жатса, «Жигули» жеңіл көлігі тоқтап тұрады. Жөн сұраса келе корейліктердің көлігінің дөңгелектері жарылып, қосымша ауыстыратын дөңгелек таба алмай тұрғанын біледі. Әкеміз көп ойланбастан, өзінің қосымша дөңгелегінің камерасын алып, олардыкіне салып беріпті. Танысып, қай жерде тұратынын, кім болып жасайтынын сұрастыра келе, ауыл советі атқару комитетінің төрағасымын десе, сенбейтін көрінеді. Соңынан сол кісілер іздеп келіп, рақметтерін айтып, достасып кетті.
Анамыз Зәуре әкемізге адал жар, айнымас дос бола білді. Анамыз екеулерінің арқасында біз бірлігі мен ынтымағы жарасқан берекелі де мерейлі отбасында бақытты шақтың куәгері болдық. Балаларын «мынау – ұл, мынау – қыз, мынау – келін» деп бөлмей, бәріне бірдей көңіл бөліп, алтын уақытын арнап отырды. Әр баласымен тығыз рухани байланыс орнатып, әке қамқорлығы мен мейіріміне бөлеп өсірді. Тұңғыш немересі Исаны бауырына басып, туған баласындай көрді. Немерелеріне аса қамқор болды.Иса мен Дананы қасына алып жатып, ертегісін айтатын. Өздеріне ертегі айтқызып, ойларын толық жеткізіп, анық сөйлеуге баулыды. Аулада бау-бақша егіп, ертіп жүріп, соларды күтіп-баптауды үйретіп, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Аталары отырғызған алма, алмұрт, шие, жүзім, өрік ағаштарының қызығын қазір шөберелері мен жиендері көріп жүр.
Әкеміз ақылшымыз еді... Кез келген жағдайда байыпты да сабырлы күйде ақылын айтып, бағыт нұсқап отыратын. Қандай сауал болмасын, оны ақыл таразысына салып, ой елегінен өткізіп, жан-жақты бағдарлап барып, өз ақыл-кеңесін айтатын. Айтайын деген ойын мақал-мәтел немесе афоризммен келісті үйлестіріп, дәлелдермен сөйлеуші еді. «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді» деп Мағжан ақын жырлап кеткендей, әкеміздің өмір жолы, көрсетіп кеткен үлгісі бәріміздің жадымызда мәңгіге сақталмақ...
Жаныңыз жәннатта болсын, жан әке! Біз сіздің өміріңіздің жалғасымыз... Сіз көрсеткен сара жолмен, дара жолмен жаңылмай, сүрінбей, атыңызға кір келтірмей жүріп, артқан үмітіңізді ақтауға әрдайым тырысып бағамыз.
Ержановтар әулеті
Теректі ауданы
zhaikpress.kz