Жәнібек ауданы, Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Өнеге елді мекенінің тұрғындары шөп шығымының азайып, малға жайылатын жердің жоқтығына алаңдап тасаттық садақасын берді. Аудандық мешіттің бас имамы Есенболат қажы Әбдуғалиев игі істің басында жүріп, байыпты сөзін жеткізді.
- Сауабы мол іс атқарған өнегелік ағайынның дұғасы қабыл болсын. Бәріміз құрғақшылыққа алаңдаймыз. Алдағы қаһарлы қыстан мал да, жан да сау шығуы үшін бірлікте болуымыз керек. Жауын тілесек, кесірі тимейтін және пайдасы мол болсын деп тілейік. Қуаңшылықтан сақтайтын Алла Тағала табиғи апаттардан да сақтасын. Ауылда бес-алты малын асырап, соның еті мен сүтін алып, күндерін көріп жатқан қарапайым тұрғындарға ел болып көмектесейік,- деді өз сөзінде.
Дастархан басында ауыл ақсақалдары тәлімді тәрбиеге толы әңгімелерін айтып, өзге ауыл жұртшылығын тасаттық беруге шақырды.
Әрмен қарай, өнегеліктер ұлттық ойындарды ұлықтады. Жаппай көкпар, қой көтеру, арқан тартудан сайыс ұйымдастырды. Дүбірлі доданың ашылу салтанатына қатысқан «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев, аудандық спорт клубының директоры Орынбасар Ғилымов шараның мақсатын айқындап, қолдаған кәсіпкерлерді марапаттап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қой көтеруден алдына жан салмаған Райымбек Нұрғалиев елу рет көтерген қойды өзімен ала кетті. Аударыспақтан +70 келі бойынша ерексектер арасында жүлделі 1-орынды Бекарыс Бейбіт қанжығасына байласа, 2-орынды Асыланбек Төлегенов, 3-орынды Рахат Бақтығалиев еншілесе, -70 келіде жеңіс тұғырынан Бейбіт Аронов көрінді. Жүлделі 2-орынға Оралхан Ғаббасов лайық болып, 3-орынды Аңсар Сәбекенов місе тұтты. Оқушылар да бұл тартыстан қапы қалмай, бақтарын сынаған болатын. Аударыспаққа жапа-тармағай ұмтылған балалар салмақ бойынша бөлінді.
Нәтижесінде, 40 келіге дейін салмақта 1-орынды Рамазан Бақтығали, 2-орынды Аян Рафхат 3-орынды Айқын Мерәлиев алса, 40 келіден жоғары оқушылар ішінен Аңсар Самат алға шықты. Жүлделі 2-орын Әлихан Әкімжан, 3-орын Нұрхан Қарашевқа бұйырды. Қозы көтеруден 8-11 сынып аралығында Аязбек Өктешов 55, 4-7 сынып аралығында ақобалық Думан Қайрат 70 мәрте көтеріп, жеңімпаз атанды. Арқан тартыстан Тау ауылының ерлері жеңісті арқандай жұлып алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдар және медалдармен марапатталды. Ауыл кәсіпкерлері қолдау білдіріп, қазақтың ойындарын насихаттау мақсатында өткізген дода жоғары деңгейде мәресіне жетті.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz