Аудандық «Жәнібек» спорт клубында «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аталмыш бірлестіктің құрылғанына 20 жыл толуына орай сахна саңлақтарының арасында қазақ күресінен «Өнер барысы – 2024» турнирі өтті.
- Жарыстың басты мақсаты қазақ күресін кеңінен дәріптей отырып, өнер адамдарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, халыққа жаңа қырларынан таныстыру, - деді сайыс ұйымдастырушысы Нұрлыхан Кәрімов.
Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов боз кілемде бақ сынасуға бекінген киелі сахнаның өнерпаз жігіттеріне сәттілік тілеп, мәдениет саласының алға басуындағы елеулі еңбектері әрқашан жоғары бағаланатындығын тілге тиек етті. Аудандық мәдениет үйінің жас өнерпазы Баймағамбет Ажығалиев «Мен қазақпын» әнімен сайысқа қатысушыларға рух берді.
«Өнер барысы» атағы үшін белдесуге аудандық мәдениет үйінің жігіттерінен бөлек Тау мен Ақоба ауылдық мәдениет үйлерінің көпке танымал әнші жігіттері келді. 80 келіге дейінгі жеңіл салмақ пен 80 келіден асатын ауыр салмақтылар арасында өткен белдесуде ережеге сәйкес қатысушылар алдымен жеребе тастады. Ал жезтаңдай әнші Қуаныш Аждуов болса, «Атамекенім» әнін орындап көрермендер мен сайысқа қатысушы әріптестеріне қолдау білдірді.
Тартысты өткен бәсекеде 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде І орынды Өмірзақ Жармұханбетов (Жәнібек), ІІ орынды Руслан Нұралиев (Жәнібек), ІІІ орынды Райымбек Кәрімов (Жәнібек) иеленді. + 80 келі салмақ дәрежесінде І орынды Райымбек Нұрғалиев (Жәнібек), ІІ орынды Мейрам Бисенғалиев (Ақоба), ІІІ орынды Жандос Темірғалиев (Тау) алды.
Сайыс соңында ұйымдастыру алқасы көмек қолын созған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне, демалыс орталығына, спортклубқа, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ұжымына және бөлім басшыларына алғыс білдірді. Жарыс жеңімпаздары «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігі атынан ақшалай сыйлықтар, медальдар және дипломдармен марапатталды.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы,
zhaikpress.kz