17.02.2023, 15:15
Оқылды: 36

Өнер эстафетасы басталды

Биыл Ешкітау етегіндегі еңселі ел - Тасқала ауданының құрылғанына 90 жыл. Осыған орай аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен барлық округтер арасында «Туған жер - тұнған шежіре»  атты өнер эстафетасы басталды.

IMG_4129

Аталмыш шара өткен аптаның соңында сонау бір жылдары аудан орталығы болған шежірелі Шежін ауылынан басталды. Мерекелік эстафетаны табыстауға келген Тасқала ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қуаныш Қабдолда бастаған делегацияны шежіндіктер ерекше ілтипатпен қарсы алды. Мәдениет үйінің фойесінде шашу шашып, ақ ұсынып, бауырсақтан ауыз тигізді. Одан әрі жиналған қауым тасқалалық өнерпаздардың мерекелік концертін тамашалады. Сахна шымылдығы «Жасдәурен» халықтық фольклорлық ансамблінің орындауындағы Алтай Қожаевтың «Ешкітау» күйімен басталды. Одан әрі қоғамдық кеңестің мүшесі, «Мәдениет майталманы» медалының иегері Жанар Бисенғалиева сөз сөйлеп, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.

IMG_4144

«Қымбатты ағайын, биыл ауданның құрылғанына 90 жыл толып отыр. Бұл самайын ақ шалған қарияның жасы деп айтуға болады. Осыған орай ұйымдастыру алқасының шешімімен осы эстафетаны Шежін ауылынан бастауды жөн көрдік. Бұл мерекеге тасқалалықтар үлкен дайындықпен келді. Жылдың соңына дейін 90 жылдыққа арналған әртүрлі шаралар ұйымдастырылады.  Бүгінгі басталған эстафета барлық округтерді аралап шығады. Ал 14 наурызда Орал қаласындағы Атамекен өнер ордасында үлкен   той өткізілмек. Сол жерде де сіз бен біз кездесеміз. Сондықтан тасқалалық барша ағайынның ыстық сәлемін бүгін сіздерге өнер керуенімен ала келдік. Мерекенің де сіздерден бастау алғанын біз жақсылыққа жорыдық», - деді Жанар Нұрболатқызы.

Шежіндіктерді әдемі әндерімен, әсем билерімен тәнті еткен тасқалалық өнерпаздардың концерті Х.Сұлтангереевтің орындауындағы Ғайса-Ғали Сейтақтың сөзіне жазылған Донеділ Қажымовтың «Жайнай бер, Тасқала»  әнімен  аяқталды.

Тасқала ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қуаныш Серікұлы эстафетаны Шежін ауылдық округінің бас маманы Дина Имашеваға салтанатты түрде табыс етті. Әдемі концерттен соң ауыл тұрғындары фойеде орналасқан «Туған өлке тарихы-ұрпаққа тағлым» атты кітап көрмесін тамашалады. Кітапханашы Мергүл Жұмашева үш бөлімнен тұратын көрмеге шолу жасап, Тасқала және Шежін ауылдарының тарихын баяндап берді.

Ауыл үлкендері дөңгелек үстелде бас қосып, аудан тарихынан сыр шертіп, өз ойларымен бөлісті. 90 жылда жеткен жетістіктерді баяндады. Ауыл атауының шығу тарихына тоқталды. Тың деректермен бөлісті. Жиналғандар назарына Шежін туралы бейнеролик көрсетілді. Мағыналы да мәнді жиын үлкендердің ақ тілегімен аяқталды. Енді шежіндік ағайындар мерекелік эстафетаны Мереке ауылына табыстайды.

Назгүл Жәрдем,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале