Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр халықтық "Қарлығаш" би ансамблінің құрылғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекелік шараға келген ансамбльдің әр жылдардағы жетекшілерін және алғашқы мүшелерін қабылдады.
Қабылдауда сөз алған "Қарлығаш" би ансамблінің алғашқы жетекшісі және оны өз қолымен аспанға қалықтатқан Райса Шынтемірова "Қарлығаштың" жарты ғасыр бойы сахна төрінде жүруіне үнемі қолдау жасап келе жатқан атқарушы органдарға, осындай мерейлі шараны ұйымдастыруға күш салған аудан әкімдігіне ыстық лебізін жеткізді.
Бұдан кейін мерекелік шара аудандық Мәдениет үйінде жалғасты. Халықтық "Қарлығаш" би ансамблінің әр жылдардағы жетекшілері және мүшелері өнер тарландары, жерлестеріміз Хадиша Бөкеева мен Сағит Садықовтың мүсіндеріне гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар қонақтар Мәдениет үйінің фойесіндегі "Қарлығаш" би ансамбліне арналған фотокөрмені тамашалады.
Мерекелік шара барысында "Қарлығаш" ансамблінің 50 жылда өткен асуларын көрсететін эссе-бейнебаян көрсетілді. Салтанатта сөз алған аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр жиналған жұртшылықты өнер мерекесімен құттықтады.
Кеш соңында аудан әкімі ансамбль жетекшілеріне және олардың бұрынғы бишілеріне алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.
Қайрат ЖАҚЫП
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz