Аудандық мәдениет үйінде қаратөбелік әнші-сазгер Таңат Жексенбаевтың «Қаратөбем – ән мен жырдың отаны» атты әндер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Өткен жылы Орал қаласындағы «Шұғыла Принт» баспахасынан басылып шыққан аталмыш әндер жинағына Қаратөбеден шыққан өнер тарландары Мүхит, Ғарифолла, Ескендірлердің әнші сазгерлік өнерін келешек ұрпаққа жалғастырып келе жатырған қаратөбелік әнші-сазгерлердің әндері мен өмірбаяндары енгізілген.
Жинақтың тұсаукесеріне арналған іс-шара қаратөбелік әнші Жарқын Байтеміровтың орындауындағы ақын жазушы, белгілі журналист Қайыржан Хасанов ағамыздың сөзіне жазылған Таңат Жексенбаевтың «Қаратөбем» әнімен бастау алды.
Айтулы шарада сахнаға шақырылған қаратөбелік әнші-сазгерлер Мұхтар Рамазанов, Елдос Өтеген, Жасұлан Рамазанов, Медет Оразов, Мұқағали Есмырза, Маханбет Әжіғалиевтер өз әндерін өздері орындаса, Рүстем Ақташевтің орындауында Айнабек Бейсенғалиевтің сөзіне жазылған Марат Тажаяқовтың «Астанам», Мұхтархан Ғайниденнің орындауында Бақытжан Қажымовтың сөзіне жазылған Жұмажан Жұлқаштың «Құдаша», Әділғазы Меңдіғалидің орындауындағы ақын Талғат Мықидың сөзіне жазылған Райымбек Өтеповтың «Түңгі екіде», Нұршат Ислямғалиевтің сөзіне жазылған Думан Орынбасарұлының «Сұлу қыз» әндері шырқалды.
Әншілігі мен бірге сазгерлік өнерді жанына серік еткен іс-шара қонағы, белгілі әнші, қаратөбелік Асхат Оразовтың ұлы Медет Асхатұлы: «Жырақта жүрсем де, мені елдегі іс-шараға арнайы шақырып, құрмет көрсетіп жатырғандарыңызға ризашылығымды білдіремін. Аталмыш ән-жинағына әндерімді енгізген жинақтың авторы Таңат Алпамысұлына және барша жерлестеріме алғысым шексіз», - деп ризашылығын танытты.
Әндерін дүйім-жұртшылық сүйіп тыңдайтын, «Орденді Қазақстан» әнімен бүкіл Одаққа аты мәлім болған, 60-тан астам әні бар. КСРО-ның Композиторлар одағының марапатына ие болған, өнер саласындағы еңбегі үшін «Қазақ ССР-ның еңбегі сіңген мәдениет қызметкер атағын алған композитор Мұхамедияр Нысанов ағамыздың «Арын» тобының орындауындағы «Гуриевтік Гузал қыз» әні көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
«Қаратөбем – ән мен жырдың отаны» әндер жинағының тұсауын кесу рәсімін аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы мен әндер жинағының авторы Таңат Алпамысұлы жүргізді.
Аудан басшысы Қ.Сүйеуғалиев аталмыш әндер жинағының авторы Таңат Жексенбаевқа ризашылығын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар әндері жинаққа енген қаратөбелік әнші- композиторларға алғыс хат табыстады.
-«Қаратөбеге барсаң әншімін деме», деген сөз текке айтылмаған. Қаратөбелік әнші-сазгерлердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Қаратөбеден шыққан өнер тарландары Мұхит, Ғарифолла, Ескендірлердің өнерін жалғастырып келе жатырған таланттарымызға іске сәт. Өнерлері үстем болсын. Киелі Қаратөбенің абыройы асқақтай берсін,-деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Атаулы «Әндер жинағының» тұсауын кесу рәсіміне арналған салтанатты іс-шара Шолпан Қыдырниязованың сөзіне жазылған Таңат Жексенбаевтың «Қаратөбем ән мен жырдың отаны» әнімен мәреге жетті.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz