Мәдени-демалыс орталығында Тасқала ауданының 90 жылдығына арналған халықтық «Жасдәурен» фольклорлық ансамбілінің есеп беру концерті өтті. Аталмыш кеште мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева және аудан тұрғындары қатысты.
Көрерменді таңқалдырып, таңдай қақтырған өнер ұжымы «Жасдәурен» фольклорлық ансамблі 1988 жылы Гильман Нығметұлы Уразалиевтің бастауымен, сонымен қатар Таушанбай Рахимовтың жетекшілігімен құрылған. Қазақстан Республикасның мәдениет және ақпарат министірлігінің №137 бұйрығы бойынша 2009 жылы «Халықтық» ұжымы атағын алған.
Ұжымның жеткен жетістіктері көңіл қуантады. Айта кетсек облыстық фольклорлық ансамбльдер байқауының III орын иегері. Ақтөбе қаласында өткен «Жұбан көктемі - 2013» байқауның дипломанты. Орал қаласында өткен «Ғасырлар үні» фольклорлық ансамбльдердің облыстық байқауына қатысып бас жүлдеге ие болды. 2015 жылы облыстағы «Үздік фольклорлық ансамбль» атанды.
Кеште атағы алты Алашқа мәлім Біржан Салдың «Жалғыз аршасын» Мирас Бектенов, «Кубинский танец», Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ маңдайлым» әнін Светлана Дарменова сахна төрінде шырқады.
Матвей Блантер «В городском саду» әнін орындаған ауданның танымал әншісі Тимур Тапалов көрерменнің қошеметіне бөленді.
Халық алдында есеп беру концертін өткізген аталмыш ұжымға аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева жылы лебізін білдірді.
Сонымен қатар аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетовтің атынан ансамбльдің жетекшісі Мирас Бектеновке алғыс хат табыс етті.
Гүлмира Серікқалиқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz