Бүгін Казталов аудандық мәдениет үйінде “Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы” қоғамдық бірлестігінің XXVII шығармашылық фестивалінің аудандық іріктеу кезеңі өтті. Ерекше жандардың өнерін дәріптеген бұл шара – тек байқау ғана емес, шабыттың, өмірге деген құлшыныстың жарқын көрінісі болды.

Фестивальдің салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, олардың өнерге деген ынтасын жоғары бағалады.
Байқау бірнеше бағыт бойынша өтті: қолөнер, көркемсөз оқу, музыкалық аспапта ойнау, эстрадалық вокал. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушылар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын, тігін, тоқу, бейнелеу өнеріндегі жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.

Фестиваль барысында сахнада шынайы сезім мен өнер тоғысып, ерекше әсер сыйлады. Абай Мақсотовтың жүрек тебірентерлік “Ауылым” әні мен Ботакөз Мақатованың орындауындағы “Әкешім” туындысы көрермендердің көңілінен шығып, ыстық ықыласқа бөленді.
Өнерге құштар жүректердің тоғысқан фестиваль алаңы ғана емес, сонымен қатар қоғамның шынайы жанашырлығы мен қолдауының белгісі болды.
Мейірім Парасат
Казталов ауданы