Ақжайық ауданында Хасановтар отбасылық ансамблін білмейтіндер кемде-кем шығар. Өнерлерімен таныла білген өнегелі шаңырақтың ауданның рухани тірлігінде алатын орыны ерекше. Олар сахнада талай-талай биік белестерді бағындыра білді.
Биыл ансамблдің құрылғанына 37 жыл толса, отағасы, асқар тау әке Мақсот Хасанов – мерейлі 70 жаста. Сыйластықтың төрінен, абыройдың өрінен көрінген азаматтың мерейтойына орай аудандық мәдени-демалыс орталығында «Өнерім-өмірім» атты шығармашылық кешін өткізді.
Алдымен көрермендердің ыстық ықыласымен сахнаның төріне мерейтой иесі және 50 жылдан астам уақыт өмірдегі де, өнердегі де серігі, жан жары, ақылшы ана, Дина Хасанова шақырылды.
– Отағасы Мақсот бала кезінен өнерге жақын болатын. Бәрі сонау 1972 жылы шаңырақ көтерген жылы-ақ сол кезде аудан құрамында болған Чапаев кеңшарының Қызылжар бөлімшесіндегі үгіт бригадасындағы концерттен басталды. Содан бері, міне, қол ұстасып, өмірдің ыстық суығын қатар тата жүріп, ән әлемінде бірге келеміз, –деп бастаған Дина отанасы бүгін келіп отырған көрермен қауымға алғысын айта келіп, концерттің шымылдығын отағасының баян аспабында сүйемелдеуімен Ескендір Хасанғалиевтің «Айналдым, елім» әнімен ашты. Одан соң халық әні «Дүние-айды» әуелетті.
Сахнадан кеш иесімен бірге кезінде қызмет еткен еңбек ардагері Амангелді Ашабаев сөз сөйлеп, жалындаған жастық шақтың ыстық естеліктерімен бөлісті:
– Бұл жанұялық ансамбль 1984 жылы құрылды. Ұжым әу бастан аудандық, облыстық байқауларда топ жарып, ауданның атын алысқа апарды. Осының бәрі музыкалық аспаптың қай-қайсысында шебер ойнайтын, қазақ әндерін былай қойғанда, шетелдің сан түрлі әуенімен тыңдарманын еліте кететін алдарыңызда тұрған Мақсот Хасанов пен тамылжыта орындаушы Дина Ғабдрешқызының арқасы.
Осы шаңырақта өсіп өнген 3 ұл мен 3 қыздың әрбірі өнерден құр алақан емес. Жастайынан әке мен ананың тағылымынан тәлім алған тұңғыштары – Қазақстан Республикасы Президенті Құрмет грамотасының иегері, «Ерен енбегі» үшін медалінің иегері, облыстық республикалық байқаулардың жүлдегері Жаңылсын Хасанова. Кеш барысында асқар тау әкені туған күнімен құттықтаған ол «Ауылдың баласымын» деп ән шырқады. Кезінде құрылуына Мақсот Хасанов себепші болған «Арман» вокалдық ансамблінің сүйемелдеуімен орындаған әндері де көрерменді бір серпілтіп тастады. Дина Хасанова жетекшілік ететін Жайық ауылының «Асыл әжелер» ансамблі өнерімен көпті тәнті етіп, зор ықыласқа бөленді.
Ақын еңбек ардагерлері Тілес Жазықбай мен Сағынтай Бисенғалиев өнегелі жанұяға арнап жыр оқыды. Одан кейін сахнаға көтерілген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жігербай Қажғалиев өз сөзінде егемендіктің алғашқы жылдарында заманның аумалы-төкпелілігіне қарамастан Мақсот Хасановтың ауыл мәдениетін,өнерін барынша аяққа тұрғызуға атсалысқанын әңгімеледі. Қазақстан сазгерлер одағының мүшесі Рақым Жанайсов, әнші Жұмағаным Сырымова, Ақжол ауылдық округінің мәдениет үйінің меңгерушісі Нұрғаным Құсайынова, Ақсуат ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Лиза Кәкімовалар да ыстық лебіздерін жеткізді.
Сонымен қатар бейнеэкран арқылы мерейтой иесін республикаға танымал өнер иелері құттықтады.Әсем шараны түйіндеген аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Мақсот Хасановтың кеудесіне «Еңбек даңқы» орденін тағып, облыстық мәдениет басқармасының және өзінің алғысхаттарын табыстады.
Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz