30.04.2024, 16:19
Оқылды: 86

Өнерлі бала – өрге жүзер

Қазіргі таңда елімізде балаларды өнерге баулитын қосымша білім ұйымдары өте көп. Біздің ауданымызда да бірнеше орталық бар. Сұраныстың болуына байланысты олардың да саны көбейіп келеді. Бүгінгі күні ата-ана балаларының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында оларды кішкентай кезінен неше түрлі қосымша білім ұйымдарына береді. Олар перзентінің кішкентайынан белгілі бір өнерге қызығушылығы болғанын қалайды.

99375d0e-2c83-4b9f-b35e-7eacbb09f909

Музыкалық мектептерде әр түрлі аспаптарда ойнауды үйретеді. Солардың бірі – фортепиано. Бұл балалардың көбі үйренгісі келетін танымал аспап болып саналады. Бүгінгі мақаламыз балалар музыка мектебіндегі фортепиано сыныбының үздік оқушыларының бірі Қайсар Серікқалиев туралы. Қазіргі таңда ол №3 ЖОББ мектептің 6-сынып оқушысы. Қайсар 2019 жылдан, яғни 7 жасынан бастап «Балалар музыка мектебіндегі» фортепиано сыныбында білім алып келеді. Ол  ұстазы Нұрсұлу Исмағұлованың жетекшілігімен 1-сыныптан бастап түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрген дарынды оқушы.

Қайсар отбасында екінші бала. Оның өзінен үлкен әпкесі және қарындасы мен інісі бар. Қайсардың әпкесі Ақерке де өнерден құр алақан емес. Ол баян сыныбының 5-сыныбында оқиды екен. Ал қарындасы мен інісі балабақша тәрбиеленушілері. Қазіргі уақытта әкесі механик, ал анасы құжат айналымы жөніндегі маман қызметін атқарады. Қайсардың ата-анасы басты назарларын балаларының тәрбиесіне кішкентай кезінен бөліп келеді. Олардың басты мақсаттары ұл-қыздарының қабілет, дарындарын ашу. Әкесі әрдайым қазақтың ертедегі аңыздарын, шешен сөздерін, тарихын айтып, балаларының кішкентай кездерінен білімді болуына атсалысып келеді. Ол үнемі балаларының сабағын қадағалап, қабілетін шыңдауға көмектеседі екен.

- Баламыз Қайсар жан-жақты. Оның еске сақтау қабілеті, музыкалық бейімі, яғни әуенді толықтай естуі жақсы дамыған. Біреулерге осы музыкалық бейім табиғатынан тән болса, енді біреулерде уақыт өте келе туындайды. Ал бұл баламыздың туа біткен дарыны деп ойлаймыз. Себебі ол кішкентай кезінен музыкамен бірге өсті. Қайсар фортепианоға бармастан бұрын, 5 жасында синтезаторда классикалық музыкаларды тыңдап жүрді. 6 айдан кейін тыңдаған шығармаларын өзі үйреніп, ойнай бастады. Қайсарды музыкалық мектепке берерде аспап таңдаудан еш қиналмадық. Себебі оның фортепианоға баратынын бірден білдік. Ол нотаны шапшаң үйреніп, бірден күрделі туындыларды ойнай бастады. Ақерке мен Қайсар сияқты кішкентайларымызды да өсе келе музыкалық немесе спорттық үйірмеге беретініміз анық. Музыкалық аспап баланың өзін-өзі тануға көмектесетін құрал деп санаймын. Алдыңғы арба қалай дөңгелесе, арты сол ізді басатыны секілді үлкен қызым мен баламның артынан ерген бауырлары да өсе келе өнерге жақын болатыны сөзсіз. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» демекші әр байқауға қатысқан сайын әкесі екеуміз алаңдап отырамыз. Баланың бойындағы дарынды дамытуға көп еңбек пен уақыт керек. Не дегенмен дүниеге бала әкеліп, оны өсіріп, тәрбиесіне көңіл бөліп, оның білімі мен өнерін шыңдау үлкен жауапкершілігі бар жұмыс қой, - дейді Қайсардың анасы Ажар Қабылқызы.

1bdf1d7e-fc5c-4581-84c6-d35fcb71bb15

Бос уақытын кейіпкеріміз басқа балалар сияқты сыртта ойнап, қағазға сурет салып өткізеді. Сонымен қатар ол есеп шығарғанды да ұнатады. Анасының айтуынша, баласы бір нәрсеге қызықса болды сол туралы ғаламтор желісінен және кітаптардан ақпарат іздеп, білімін толықтырады екен. Мысалы, білімін арттыру мақсатында күн жүйесінің планеталарын зерттеп, ғаламтордан ғарыш әлемінің ақпараттарын карап уақытын өткізеді.

WhatsApp Image 2024-04-30 at 17.16.32

Қайсардың музыкалық мектепке барғанына тек 3 ай болған кезде республикалық «Дала сазы» байқауында «аспапта ойнау» аталымы бойынша І орын алып, Өзбекстанда өтетін халықаралық байқауға жолдама алыпты. Алайда 2020 жылы карантинге байланысты шекаралар жабылғанынан жарысқа бара алмай қалған. Әлемде орын алған осындай оқиғаға байланысты Қайсар түрлі онлайн конкурстарға қатысып, жүлделерге ие болыпты. Мысалы, «Юный музыкант» қашықтықта өткен конкурсында бас жүлде, «Жұлдыз» республикалық жас өнерпаздар байқауында І орын, «Astana Grand-Prix»VII халықаралық конкурс-фестивалінде гран-при, «Осеннее сварожье» халықаралық конкурсында І орын иегері атанған.

- Музыкалық мектепке келген әр ұл-қыз ұстаздардың біліктілігі мен біліміне сеніп келеді. Еңбектенудің арқасында оқушылар әртүрлі облыстық, республикалық, тіпті әлемдік байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Биыл менің фортепиано сыныбымда 9 оқушы. Оқушыларымның барлығы да талантты. Бәрі де өнерді жақсы көреді. Мен көбінесе мектебіміздің филиалдарында жұмыс жасаймын. Қайсар дарынды оқушыларымның бірі. Оның фортепианоға қатысып келе жатқанына биыл 5 жыл. Басқа оқушыларым да талантты балалар. Барлығы да өздерінің еңбектерінің және қызығушылықтарының арқасында біраз жетістіктерге жетіп келеді - дейді педагог-зерттеуші Нұрсұлу Сәдешқызы.

ab247d04-d32a-4fbe-988a-e210621ddd98

Арманы асқақ Қайсар болашақта пианист болғысы келеді екен. Сол себепті қазірден көптеген шығармаларды үйреніп, талмай еңбектенуде. Өнерлі бүлдіршіннің бала арманы орындалады деген сенімдеміз.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале