16.05.2024, 15:45
Оқылды: 60

Өнерлі үшем елді тамсандырып жүр

Қазақ халқында би ерекше өнер түрі ретінде бағаланады. Қолдың, саусақтың, буынның және дененің қимылынан тұратын би – нәзіктік пен әдеміліктің бейнесі. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа дәріптеліп келе жатқан бұл өнер түрі Бөрлі ауданында да кең таралған. Ауданда 10 шақты би ансамбльі бар.

WhatsApp Image 2024-05-13 at 13.12.26 (1)

Бүгінгі мақаламыздың кейіпкерлері апалы-сіңлі Гаухар және Ажар Күзембаевалар. Олар қаладағы №4 мектептің 6-сынып оқушылары. Қазіргі уақытта екеуі де «Балалар өнер мектебі» МКҚК хореографиялық бөлімінің «Назгүл» би ансамбліне қатысады. Ансамбль жетекшісі – Рита Қанатова.

Репертуарлары халықтық, заманауи, көше билерінен тұрады. Сонымен қатар ансамбль жетекшісі акробатикалық билерді де үйретеді екен. Талай байқауларда бақ сынап, әрдайым жүлдемен оралатын бишілер аудан мақтаныштарының бірі. Ансамбль осы уақытқа дейін аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысқан. Мысалы, «ZHULDYZ ART», «Алые Паруса» және тағы басқа халықаралық байқаулардың жүлдегерлері. Сонымен қатар Ажар мен Гаухар өткен жылдың соңында Оралда өткен халықаралық «Движение» хореографиялық өнер байқауына дуэт ретінде қатысып, көше биінің жанры бойынша ІІ орынға ие болған.

Кейіпкерлеріміз негізінен 6 жастарынан биге барыпты. Содан бері үзбей қатысып келеді екен. Гаухар мен Ажардың өздерінен үлкен Диас деген студент ағалары бар. Мақаламыздың басында айтып кеткендей Гаухар мен Ажар апалы-сіңлі. Егіздер деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Олардың өздерімен қатар дүниеге келген Ілияс деген бауырлары бар. Яғни, олар үшем.

Үшемнің анасы Динара алғаш естіген кезде таңғалғанымен, кейіннен үйреніскен. Негізінен, Динараның әжесінің де үшемі болған екен. Бір сәтте көпбалалы ана атанған Динара ата-енесімен бірге тұрғандықтан, үшемді бағу оған қиынға түспепті. Себебі, ата-әжесі, жолдасымен бірге бәрі жас анаға көп көмектескен.

954d2147-4b83-498c-b6dd-2174d69b304d

- Тұрмысқа шыққаннан кейін ана атану әрбір әйел адамның арманы. Мен де үлкен ұлым дүниеге келген кезде әрбір жас аналар сияқты қатты қуандым. Біраз уақыттан кейін екінші сәбиімді көтердім. Алғашқы УДЗ-ге түскен кезде дәрігеріміз бірден үшем екенін айтты. Басында сасқалақтап қалғанымызбен, әрине қуанышты болдық. Тұңғышымыз ер жетіп қалғандықтан, ол да маған көмектесті. Дегенмен үшемді бағу оңайға түспейтінін түсіндік. Бастапқы кезде әрине, қиын болды. Барлығына бірдей көңіл бөлу де оңайға түспеді. Кішкентай болғасын біреуі жыласа, екіншісі, одан үшіншісі де жылайтыны белгілі. Бізге жолдасым екеуміздің отбасымыз көп көмектесті. Осылай үшемдерді үлкендердің көмегімен өсірдік. Ата-анамызға алғысымыз шексіз, - дейді көпбалалы ана Динара Саргужиева.

Аналарының айтуы бойынша балалардың мінездері әр түрлі екен. Мысалы, Гаухар сабырлы, Ажар пысық, ал Ілияс болса байсалды. Кейіпкерлеріміздің ата-анасы балаларының болашағы үшін, олардың жақсы білім алып, бойларында өнерлері болғанын қалап, икемдеріне қарай аспапта ойнауға жаздырған. «Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер» дегендей, биден бөлек Ажар скрипка мен фортепианоға қатысса, Гаухар домбыра сыныбында сабақ алады. Ілияс та өнерден құр алақан емес. Ол да баян аспабында ойнайды.

- Би халқымызбен бірге өсіп-өнген өнер түрі. Біз қимыл-қозғалыспен көңіл-күйімізді, белгілі бір көріністі билеп жеткіземіз. Әр биді басынан аяғынан дейін қарасаңыз, ол белгілі бір оқиғаны баяндайды.Би класын бітіріп кеткен шәкірттерім де бар. Гаухар мен Ажарға келетін болсақ, олар кішкентай кездерінен қатысып келеді. Олардың билеп жүргендеріне 5 жылдан асты. Олар халықтық билерді де билейді. Бірақ көбінесе қазіргі жастардың қызығатын поп жанрында билегенді ұнатады. Біз ансамбльмен көп байқауға қатыстық. Кейбір кезде қыздарымның өздері байқауларға жеке де қатысады. Бірақ алдымен менен рұқсат алып, биін дайындап, жарыстарға барады. Мен тек ансамбльмен қатысасың деген шарт қоймаймын. Өздерін дамыту мақсатында олар қалаған жарысына қатысады. Жыл сайын мемлекеттік емтихан өткізіліп, келесі сыныпқа арнайы тест тапсырып өтеді, - дейді ансамбль жетекшісі Рита Өтегенқызы.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале