4.10.2025, 9:00
Оқылды: 137

Өңір басшысы Ақпәтер ауылындағы күрес залының жұмысымен танысты

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев Казталов ауданына жасаған іссапары барысында талай мықтылар түлеп ұшқан Ақпәтер ауылына ат басын бұрды. Ауылға келген облыс әкімінің назарына ауыл балалары жаттығатын күрес залы көрсетілді.

IMG_1254

Бұл нысан 1977 жылы мектеп-интернатының асханасы ретінде салынған. Кейін 2005 жылы күрес залы болып ашылған. Осы жылдан бастап ауылдың азаматы, білікті бапкер Жеңіс Стамғазиев ауылдың қарадомалақтарын күрес өнеріне баулып келеді. Ауыл спорты үшін барын берген Жеңіс Қанатұлы дзюдо, самбо спортынан мықты балуандарды тәрбиелеп, оның шәкірттері еліміздің және әлемнің шыңдарын бағындырып жүр.

Атап айтар болсақ, тәжірибелі маман дзюдо, самбо күресінен 5 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 11 спорт шеберін және 70 спорт шеберіне үміткерді дайындаған.

Оның шәкірттері — 5 дүркін Азия, әлем чемпионы Нұрбол Серіков, Азия чемпионы Серік Қартабаев, Азия чемпионатының қола жүлдегері Алпамыс Бисембаев, шеберлер арасында әлем чемпионы Батырбек Ихсатов, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қаһарман Қисметов, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серікбай Нығмет, әлем чемпионатының қола жүлдегері Құралай Қадырбайқызы, әлем кубогының күміс жүлдегері, І Еуразиялық ойындарының жеңімпазы Мейірхан Нұрмаханов, жасөспірімдер арасында әлем кубогының жүлдегері Роман Мұханғалиев, жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының жүлдегері Шаттыгүл Дүйсенғалиева, Еуропа кубогының жүлдегері Ерназар Хамзин.

IMG_1268

Бүгінде қуықтай ғимаратта 100 бала жаттығуда. Ендігі кезекте жаңа спорт ғимараты салу қажет. Ауылдың жанашыр азаматтары бұл өтініштерін облыс әкіміне жеткізді. Жағдайды өз көзімен көрген Нариман Төреғалиұлы Жеңіс Қанатұлының еңбегіне жеміс тілеп, алдағы уақытта бұл мәселені шешуге жұмыстанатынын айтты.

— Осындай шағын ауылдан қаншама чемпиондар шыққанын көріп, қуанып отырмын. Болашақ чемпиондарды тәрбиелеп, қанат қақтырып отырған Жеңіс Қанатұлының еңбегіне тәнті болдым. Ақпәтер азаматтарына, ауыл спортына барынша қолдау көрсетуге дайынмын, — деді өңір басшысы.

Нұр Рахман
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале