Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бөкей ордасы ауданының халқымен кездесті. «Сұрақ-жауап» форматында өткен кездесуде аудан әкімі Нұрлыбек Даумов ауданда қолға алынған әлеуметтік-экономикалық жоспарларды баяндап, өзекті мәселелерге тоқталды.
Ал аудан тұрғындары өңір басшысына сұрақтарын жолдап, аудан тірлігіне қатысты көкейтесті мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда: тұралап қалған жол құрылысы, тозығы жеткен электр желісі, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі, су қоймалары мен жол күтімі, мал ұрлығына қатысты мәселелер айтылды. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға құзырлы мекеме басшылары жауап берді.
Бұдан соң облыс әкімі ауданның аға буынымен кездесу өткізді. Дастарқан басында өрбіген емін-жарқын әңгіме барысында да Жаңбырбай Камалов, Бақытжан Оразғұлов, Нағым Тәжімұратов сияқты ақсақалдарымыз аудан мәселелерін қозғады.
Өңір басшының ауданымызға жасаған жұмыс сапары Хан ордасында жалғасты. Мұнда облыс әкімі Нариман Төреғалиев Жәңгір атындағы мектепте боп, күрделі жөндеу жұмыстарының жүру барысымен танысты.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz