Жаңақала ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев, алдымен Жаңақала ауданына қарасты Қызылоба ауылдық округіне ат басын тіреп, құрылысы аяқталған фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылу салтанатының куәсі болды.
Сонымен қатар жиынға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Салықов, БҚО Денсаулық басқармасының басшысы Ерлан Виленұлы және аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, БАҚ өкілдері мен мекеме басшылары қатысты. Құны 280 миллион теңге тұратын аталмыш ғимараттың құрылысын ағымдағы жылдың шілде-қазан айларында жеке кәсіпкер, мердігер "Бекқалиев" ЖК жүргізген болатын. Игі істің ашылу салтанатында сөз алған өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы жиналған жұртшылыққа ізгі ниетін білдіріп, ақ халатты абзал жандардың еңбегіне толағай табыстар тіледі. Одан әрі Сәбит Рахметұлы фельдшерлік пункттің кілтін ауыл фельдшері Нұрдәулет Мирасұлына табыстаса, ғимараттың лента қию рәсімі Нариман Төреғалиұлы мен ауыл ақсақалы Меңдеш Еслямғалиевке ұсынылды.
Мерекелік жиынға қатысушылар қолданысқа берілген нысанның ішін тамашалап, жергілікті тұрғындар аймақ басшысына өтініш, пікірлерін жеткізді.
Жаңақала ауданына келген өңір басшысының іссапары Көпжасар ауылында жалғасып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылған «Сәдір» АШӨК жұмысымен танысты.
Аталған нысанның иесі Ербол Мусиннің айтуынша, олар 2,5 пайыздық несиемен 21 млн 500 мың теңге қаржы алып, ет өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Шағын шұжық цехы сиыр мен жылқы етінен шұжық, жартылай дайындалған ет өнімдерін дайындап, тұрғындарға ұсынуда. Олар алдағы уақытта жаңа мамандарды жұмысқа қабылдап, нан пісіріп, сатуды жоспарлауда.
Нариман Төреғалиұлы шұжық цехының жұмыс барысымен танысқан соң Көпжасар ауылдық дәрігерлік амбулаториясына бет алды. Аталмыш медициналық нысан 1989 жылы салынған. Мұнда 1497 тұрғын тіркеулі тұр. Емханада 10-нан астам маман тұрғындарға қызмет көрсетуде. Ғимарат 2019 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа құрылғылар сатып алынды.
- Мен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Ақтөбе қаласынан отбасыммен осы ауылға жұмыс істеуге келдім. Бұл салада еңбек етіп жүргеніме 7 жыл болды, – деді амбулатория басшысы Әйгерім Қожахметова. Емхана жұмысымен толық танысып шыққан облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Әйгерім Еркінқызына су жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстап, еңбектеріне сәттілік тіледі.
Содан соң аймақ басшысы Жаңақазан ауылына бет бұрды. Алдымен ауылдан 10 шақырымдық қашықтықта орналасқан 51809 әскери бөліміне барып, бақылау-бағдарлау құрылғыларының, радио-техникалық батальонның жұмыстарымен танысты. 51809 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Есболат Жұмабаев қазіргі таңда бұл жерде 30 шақты сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жатқанын айта келе, қызметте жүрген отбасылардың балалары сабақтан Жаңақазан ауылына қатынау үшін автокөлікпен қамтамасыз етілсе деген базыналарын жеткізді.
Содан кейін Жаңақазан ауылдық мәдениет үйінде облыс әкімі тұрғындармен кездесті. Кездесуде Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев ауданды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Өңір басшысы Жаңақазан ауылындағы өзекті мәселелермен таныс екенін, солардың шешімін табуға барынша күш салатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар жол салу мәселесін жауапты мердігер «Uniserv» ЖШС өкіліне тапсырды. Басталған жолды аяқтамай, жаңа жол салуға кіріспеу керектігін баса айтты.
Өз кезегінде тұрғындар өтініш-сауалдарын қойып, оларға облыс әкімі өз деңгейінде жауап берді. Кездесуден соң Нариман Төреғалиұлы тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Зара Жардемова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz