Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен Қаратөбе ауданында болып, ауданға қарасты Сулыкөл ауылдық округінің халқымен кездесу өткізді.
Сулыкөлдік тұрғындармен кездесуге келген өңір басшысы алдымен округ орталығында жаңадан салынып жатқан мешіттің құрылысымен танысты.
Былтыр шілде айында құрылысы басталған ғибадат үйінің қабырғасы қаланып, төбесі жабылып, күмбезі көтеріліп қойған. Енді жылыту жүйесі мен ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жабдықтармен қамтылмақ. Мешіт үйінің салынуына 1981 жылы туған ауылдың төрт азаматы негізгі демеуші болып отыр.
Сыйымдылығы жүз адамға арналған ғибадат үйінің құрылысын жүргізуші мердігер «КазПроектСервисЛТД» ЖШС. Ауыл орталығынан Алланың үйін салып, жергілікті жамағатқа қуаныш сыйлаған демеуші жігіттерге ризашылығын жеткізген өңір басшысы Ғали Есқалиев мешіт үйі құрылысының сапалы аяқталуына тілектестігін білдірді.
Облыс әкімінің округтегі сапары 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен Қалдығайты жалпы орта білім беретін мектебінің тыныс-тіршілігімен танысумен жалғасты.
Қазіргі таңда 176 оқушы білім алатын жылы да, жайлы мектепте 34 мұғалім шәкірттерге білім беруде. Келген қонақтарға мектеп оқушылары мен ұстаздардың жетістігін баяндаған мектеп директоры Ақмарал Нұрымова аталған білім ошағы «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында шәкірттерге білім беретіндігін тілге тиек етті.
Шәкірттердің алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған мектеп ғимаратының акт залын, спорт залын, асханасын аралаған өңір басшысы мектеп ұстаздарының бала тәрбиесі мен білім беру жолындағы қажырлы еңбектеріне сәттілік тіледі.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz