15.03.2026, 18:52
Оқылды: 21

Өңірге танымал өнерлі Қабиевтер отбасы дауыс берді

Өңірге танымал өнерлі Қабиевтер отбасы бүгін өз таңдауларын жасап, референдум учаскесіне келіп дауыс берді.

IMG_9990

Отбасы мүшелерімен бірге келіп дауыс берген «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, дәстүрлі өнер жанашыры, атақты «Қыз Жібек» ансамблінің жетекшісі, Казталов ауданының Құрметті азаматы Баян Құбайқызы Қабиева мәдениет саласының дамуына ұзақ жылдар бойы өлшеусіз үлес қосып келе жатқан тұлға.

Ол Жалпақтал ауылындағы дәстүрлі өнер орталығын басқарып, халықтық «Шапағат» әжелер ансамблі мен үлгілі «Қыз Жібек» ансамблін қалыптастырып, ұлттық өнерді ұлықтауға, жас ұрпақтың бойына мәдени құндылықтарды сіңіруге үлкен еңбек сіңіріп келеді. Оның жетекшілігіндегі өнер ұжымдары халықаралық және республикалық байқауларда топ жарып, өңір абыройын асқақтатып жүр.

– Еліміздің болашағы әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан маңызды саяси науқаннан шет қалмай, өз таңдауымды жасадым. Ел болашағы жарқын болып, қабылданар шешімдер халқымыздың игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді Баян Құбайқызы.

Өнерімен де, өнегесімен де көпке үлгі болып жүрген Қабиевтер отбасының азаматтық белсенділігі – ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығын қолдаудың айқын көрінісі.

Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале