18.05.2020, 17:55
Оқылды: 49

Онлайн жұмыстың орайын таба алдық па?

Үйден жұмыс жасау – әрбір екінші кеңсе қызметкерінің арманы. Жақсы емес пе? Таңертең ерте тұрып, арнайы киініп, боянып-сыланудың, одан қалды, бірнеше сағат көлік күтіп тұрудың қажеті жоқ. Компьютерге үңіліп, кешке дейін кеңседе отырмайсың?! Қайта керісінше үйден жұмыс жасау уақытыңды қалағаныңдай реттеп, түскі үзілісте ас қамдап, оған қоса шаруаларды атқарып тастауға болады. Алайда шын мәнісінде барлығы біз ойлағандай ма?

E2838786-DECF-4FE8-8A1E-1A0F445E953A

Иә, шектеулі режим басталып, жұмысты үйден, қашықтан жүргіземіз дегенде көбіміздің бөрігімізді аспанға атып, қуанғанымыз рас. Ал қазір шыны керек сол қуанғандар төрт қабырғаға әрең сыйып, арқаны кеңге салып жұмысқа кірісетін кеңселерін сағынып жүрміз.

Сонымен әр сала мамандарының қашықтан қызмет етуі қалай жүзеге асып жатыр? Онлайн жұмыстың орайын таба алды ма? Бұл жайды сіз бен біз бірге білейік…

«Қашықтан жұмыс жасау аса бір жаңалық емес. Мұндай режим шетелдерде бұрыннан бар дүние. Біздерде де ақырындап болса да бар деуге болады. Сауда саласында интернет магазиндер ашып, одан қалса желі арқылы жұмыс жасауға шақырып жүргендері бар. Оның несі таңсық?!»

 «Кеңседе таңертеңнен кешке дейін отырып жұмыс жасаудың қажеті жоқ. Жұмысқа деген жауапкершілігің болса болды, қай жерде де атқаруға болады...»

Бұл әлеуметтік желілерде жазылған пікірлердің легінен алынғаны еді.

Біз аудан көлемінде елге қызмет етіп жүрген әр сала мамандарымен телефон арқылы тілдесіп, қазіргі жағдайдағы жұмыстарының жайын білген едік.
99166F36-D762-42C7-BD33-0898E5B517A2

- Шыны керек, осы шектеу режимі басталғанда оның ішінде қашықтан жұмыстану жайы сөз болғанда елде біраз резонанс тудырған ол- білім саласы болатын. Әрине, бұл жүйе шетелдерде бар болса бар шығар, бірақ біз бұған шындығында дайын емес едік. Әрине, оқушының алдында тұрып сабақ берген мен қашықтан оқытқан екі бөлек дүние. Адамда эмоция болады. Методика деген бар. Мұғалімнің қас-қабағына қарап түсінетін оқушылар бар. Қиыны қиын. Басқа түссе бәріне көнесің дегендей, ептеп үйренісе бастадық. Бастапқыда «zoom» бағдарламасымен сабақ беріп бастадық қой. Ол кезде әйтеуір оқушыларымыз интернет арқылы болса да  көз алдымызда көрініп отырғасын қуанғандай болдық. Олар да мектеп формасын киіп, біз де оқушы алдындағы мектептегі қалпымызды сақтап бір қалыпқа түсіп келе жатыр едік. Кейін ол бағдарламаны алып тастады. Қазір көбіне тапсырманы телефондағы WhatsApp желісі, пошта арқылы жолдап, кері байланысты да солай орнатып отырмыз. Мысалы,мен үйде де жұмыс орнымдағыдай жағдай туғызып үстелімді реттеп, киім үлгімді де мектептегідей киемін. Неге десеңіз әр бала әртүрлі. Кейбірі «мына жерін түсіндіресіз бе?» деп видео арқылы шығуы мүмкін. Сондайда біз оқушы алдында қай жерде де өз дәрежемізде болу үшін өзімізге сай этиканы сақтауымыз керек. Тезірек еліміз мамыражай тірлігін бастап, біз де оқушыларымызбен қауышсақ деген ниеттеміз,- дейді қаладағы №3 мектептің мұғалімі Майра Мұхамбетқалиева.

Қашықтан жұмыстану бойынша әлеуметтік желіде қай жағынан болмасын (спорт, өнер т.б) белсенділік танытып жүрген саланың бірі - мәдениет саласы.

- Мәдениет саласы қай уақытта болмасын, белсенді саланың бірі. Біз мынадай жасадық, ананы көрсеттік демей-ақ қояйын. Қолдан келгенше елмен бірге боп, халықтың көңілін көтеруде де аянып қалмадық.  Дер кезінде ақпарат әзірлеп, оны халықпен бөлісуде еш кедергі жоқ әйтеуір. Ол да болса жақсы. Бірақ әйел заты болғандықтан үй жайың, отбасың бар дегендей. Үйде жүрген соң олар да сені демалыста жүргендей қабылдайды екен. Жақсы жағы күні бойы үйдесің, отбасыңмен үнемі біргесің. Бірақ кеңсеңде жұмыс істегенге не жетсін? Сақтық шараларын сақтап, еліміздің амандығы үшін қашықтықтан жұмыс істеуге мәжбүрміз ғой. Бұйырса, қиындықты бірге еңсереміз, – дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Темірғалиева.

Музей қызметкерлерінде де жұмыс режимі қашықтан өткізіліп жатқандығын есітіп, ол жайында да аудандық өлкетану музейінің меңгерушісі Руслан Азаматовтан білдік.

- Қазіргі жағдайға байланысты біраз саланың қызметкерлері қашықтан қызмет көрсетуде. Біз де үйде отырып, музейде сақталған жәдігерлерден экскурсия ретінде жасаған видеоларымызды әлеуметтік желіде жүктеу арқылы, сондай-ақ көп болмаса да арнайы сұрағандарға интернет арқылы жекелей таныстырып отырмыз. Желіде әзіл ретінде: «жұмыстамын дейін десе, үйдемін, үйдемін дейін десем жұмыстамын» деген сөздер жүр ғой. Шындығында солай (күліп) Бірақ, әріптестермен WhatsАpp арқылы жұмыс істеуге болады екен. Бір қызығы, үйде шәй ішіп отырып жұмысты WhatsАpp желісінде талқылағанда жұмыстың режиміне мән бермейсің. Қай күн екені де есте болмайды. Белгілі тақырып бойынша ортақ пікірге келе алмай жатсақ өз эмоциямызды смайликтер арқылы білдіріп аламыз. Ал пікірі ұнамаған қызметкерді «топтан шығарып жіберу» арқылы «жазалап та» аласың. Бірақ қанша әзілдеп айтсақ та жұмыс орныңа барып жұмыс жасағаныңа ештеңе жетпейді. Әр қиындықтың бір жақсылығы болады деген ғой. Жайбарақат күнге жақындап қалдық деп сенейік».

- Таңертең асығып, жұмысқа барып күні бойы кеңседе отырғаннан гөрі қашықтан жұмыс істеген қолайлы. Кеңседе қимыл аз. Толассыз келетін төлем жасаушылардың әрқайсысының мекенжайын, төлем көлемін қарап, күні бойы компьютерден көз алмайсың. Ал үйде әрі-бері жүріп, жаттығу жасап, арасында бірер сағат мызғып алуға да болады. Басқа шаруаларыңды реттеуге де уақыт бар. Еркінсің. Бірақ бір қолайсызы — үйде жұмысқа толық кірісе алмайсың. Бұл, әсіресе қазір қатты байқалады. Өйткені отбасымдағылардың бәрі карантинге байланысты үйде отыр. Біреуі теледидар қосады, екіншісі музыка тыңдайды, үшіншісі телефонмен ойнайды. Қонырау шалғандарға қалай төлем жасау керектігін  түсіндіріп, барынша көмек жасап отырмыз» Бұл – коммуналдық төлемдер қабылдау бойынша жұмыстанып отырған қызметкердің пікірі. (Аты-жөнін көрсетпеуді өтінді)

- Жеке киім дүкенін ашып бастаған едім. Енді жасап бастағанымда мына жағдай орын алды да, қазір жұмысым тоқтап тұр. Интернет арқылы киім сатамын» дегендердің ілімімен жүре алар емеспін. Өйткені клиенттерімнің көбі – интернет арқылы тапсырыс бере алмайтын немесе онлайн саудаға сенбейтін ауыл тұрғындары қатарынан. Оның үстіне үлкен өлшемдегі киімдер сатамын, оларды міндетті түрде киіп көру керек. Елде мен сияқтылар өте көп. Қазір бәріне де қиын боп тұр, - дейді жеке кәсіпкер Шолпан.

 

Түйін. Қоғамдағы пікір осындай. Осы пікірлерден сіз не аңғардыңыз?

Біздің аңғарғанымыз қай кез болмасын, аяқ асты бола қалған кез келген жағдайларда «әп» дегеннен абдырап, әбігерге түсетіндігіміз. «XXI ғасыр, қазір интернет заманындамыз» деп ұрандағанымызбен әлі де болса, мейлі ол білім саласы болсын, кәсіпкерлік саласы болсын қашықтан, интернет арқылы жұмыстануға дайын еместігімізді аңғартқандай.

Ендігі ойымыз алдағы уақытта осы олқылықтардың орынын толтыру үшін мүмкін смартфонымызға (ғаламторға) көбірек үңілу керек шығар?! Әрине бос үңілу емес онлайн жүйенің оңтайлы тұстарын оңай игеруді ойластыру үшін.

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!

                                                                          Сәнім Меңдібай

  Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале