19.06.2024, 15:45
Оқылды: 163

Ономастика саласында атқарар жұмыс көп – облыстық семинар

Переметный ауылында «Тіл саясаты және ономастика мәселелері» атты облыстық семинар өтті.

749A04F8-6E76-4761-A2DD-0C91A2CEEF4F

Бүгінгі таңдағы мемлекеттік ономастикалық саясаттың бағыт-бағдары, өңірдегі ономастикалық жағдайды зерделеу мен ел аумағындағы атауларды қалпына келтірудің негізгі міндеттеріне мән беруді мақсат тұтқан жиынға ауыл әкімдері, аудандардағы тіл саясаты мен ономастикаға жауапты мамандар қатысты.

Семинарды ашқан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілек Ғабдушев осы іс-шараның Бәйтеректе өткізілу себебіне тоқталып кетті.

Оның айтуынша, ауданда ономастика бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, айтарлықтай нәтижелерге қолжеткізіліп отыр.

«Осы жиынды бірлесіп өткізуге атсалысқаны үшін Бәйтерек ауданы әкімдігіне алғысымды білдіремін», - деді Тілек Александрұлы.

Жиында негізгі баяндаманы БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Света Ғаниева жасады.

1FDD18BF-E327-4D11-8878-1673758B7097

БҚО-дағы тіл саясаты мен ономастика жұмыстарының жүргізілуі туралы баяндаған ол ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы №914 қаулысымен бекітіліген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру бағытындағы жұмыстарға да тоқталып кетті.

– Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 6-нысаналы индикаторына сәйкес жергілікті атқарушы құрылымдарда жалпы құжат айналымның мемлекеттік тілде іс жүргізудің үлесі 91,5 пайыз болуы керек. Биылғы бірінші тоқсандағы мониторинг қорытындысына сәйкес, БҚО-да бұл көрсеткіш 96,77 пайызды құрап отыр. Өкінішке орай аудандардағы кейбір мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілде іс жүргізу төмен. Мәселен, Бәйтерек ауданының Чиров, Сұлукөл, Дариян, Көшім ауылдық округтарында 79-81, «Коммунальник» мекемесінде 69, Шыңғырлау ауданындағы «Шыңғырлаукомтехсервис» МКК-да 48, Бөрлі ауданындағы «Ақсайжылуқуат» МКК-да 44 пайызды көрсетіп отыр, - деді Света Қадырбайқызы.

Бәйтерек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру, спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр аудандағы ономастикалық атауларды жүйелендіру мәселелері туралы баяндады.

Оның айтуынша, аудандағы 22 ауылдық округ атауының дәл жартысы, 68 елді мекеннің 39-ы, 813 көшенің 218-і, 46 мектептің 24-і идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе мән-мағынасы жоқ.

Соңғы бес жыл ішінде бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 2018 жылы екі елді мекен, 66 көше, 2020 жылы үш елді мекен, 113 көше, 2021 жылы үш ауылдық округ, жеті елді мекен, он көше атауы өзгерді.

CD77F2FC-7059-4D73-AAEE-B6908716659B

2021 жылы Үкімет қаулысымен аудандағы жеті мектепке тарихи тұлғалардың есімі берілді. 2022 жылы үш мектеп атауын қайта атау үшін облыстық ономастикалық комиссияға құжаттар жіберілді.

Өткен жылы Трекин ауылдық округі Байқоныс атауына ие болды. Алдағы уақытта да жергілікті халықтың ұсынысына сәйкес бұл бағыттағы жұмыстар жалғаспақшы.

Семинарда сондай-ақ, М.Өтемісов атындағы БҚУ деканы, философия докторы (PhD), доцент Айдарбек Ақболатов «Батыс Қазақстан ономастикасы – халқымыздың тарихи-мәдени өмірінің айнасы», Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Роза Зайнуллина «Сауатты жарнама – қала көркі» тақырыбында баяндама жасады.

Жиын соңында тыңдырымды еңбегімен, өзінің іскерлік қасиетімен, нәтижелі жұмысымен ерекшеленіп жүрген бірқатар тіл жанашырлары облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алғысхатымен марапатталды.

Олардың ішінде Байқоныс ауылдық округі әкімінің орынбасары Гүлнұр Оразова, Бәйтерек аудандық кітапханасының кітапханашысы Динара Насырова, аудандық «Шың» сазды-драма театрының басшысы Әліби Жанабілов бар.

Серік Маратұлы

Бәйтерек ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале