31.03.2022, 12:00
Оқылды: 111

Оның мұғалімі –Youtube

Журналист болған соң, ел аралап көп жүресің. Бірде түзде, бірде хан сарайындай үйде жүресің. Жуырда жолымыз Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылдық округіне түсті. Қалаға жақын, жолы сайрап жатқан соң, ол жүрісті сапар деп айту да қиын. Десе де, бардық. Тоқтаған жеріміз – ауылдың мәдениет ошағы. Сәуір кіріп жатса да, клуб ішінен әлі Наурыз лебі сезіледі. Кіре беріске жайылған дастархан жайнап тұр. Ұлттық нақыштағы киім киіп, көже сапырған қызметкерге қарап, нағыз қазақ келіні осындай болады екен ғой деген ой келеді. Ал ыстық бауырсақ иісі бейне бір той болғалы жатқандай әсер қалдырады.

әже (2)

Ал дастархан жанындағы үстел үстіне қарасаң, түрлі көрпешелер мен әдемілеп тігілген көпшік, жастық тыстар мен кестелі орамал, қолдорба көздің жауын алады. Клубқа келген ағайын да сол үстелді маңайлап, өзіне ұнаған дүниелерін қарап жатты. Түрлі форма, түрлі дизайнда жасалған заттарға тамсанған ағайын сырттай шеберге мақтау айтып, таңдай қағысумен болды.

Бір уақытта клуб іші сілтідей тынып, меңгеруші жиналған жұртты сабырға шақырып бастады. Әдеттегідей әкім не оның орынбасары келе жатқан болар деген оймен фотоаппаратымды сайлап, отырған жерімнен жаймен тұрдым. Жаңа ғана шуласып жатқан ағайын да сап тыйылған. Содан сыртқы есік ашылды да, ішке әжей енді.

Жанына ерген келіншек пен жас жігітке қарайтын емес. Жүрісінен тегін адам емес екені байқалады. Қазақы үлгідегі шапаны мен басындағы шәлісі сол білегіндегі смарт сағатпен жарасып қапты. Есіктен кіре, төрге озбай тоқтай қалып, айнала қоршаған адамдарға амандасқан әжеміздің жүріс-тұрысы мен қылығынан тектілік байқалды. Клуб меңгерушісі де алдынан шауып шығып амандасты да, жиылған ағайынға жаңа ғана барлығы тамашалаған қолөнер бұйымдарының авторы осы кісі, есімі Алтынай екенін айтты. Осы бойда жасы да, жасамысы да қол соғып, ілтипат білдірді.

әже (1)

Біраз уақыт өткен соң клуб ішіндегі шара аяқталар тұста Алтынай әжейге жақындап, шағын сұхбат алғым келетінімді айттым.

-Ойпырым-ай! Балам, біз не білеміз? Айтары бар азаматтармен сұхбат құрғаның дұрыс болар,-деді.

Бірақ әжейдің қолынан шыққан бұйымдар қайталанбас өнер туындысы екенін және осы күні ұмыт бола бастаған өнерді жаңғырта түсу керек екенін айтып, көндірдім.

Әңгімелесе келе қолы шебер әжеміздің есімі Алтынай Мәмбетова екенін білдік. Қазіргі Ресей Федерациясының Орынбор облысы Сарочни ауданында 1948 жылы дүниеге келіпті. Он жасында ағасы сырқаттанып, елге қоныс аударыпты.

-Қаратөбе ауданы Соналы ауылына көшіп келдік. Сол жақта сегізжылдық мектепті аяқтадым. Өкінішке орай оқуды жалғастыруға мүмкіндік болмады, еңбекке араластық,-дейді Алтынай әжей.

Айтып айтпай не керек, ол кездегі жұмыстың оңайы болмағанын аға ұрпақ айтып отыратын. Алтынай апамыз да өз замандастары секілді ауыл жұмысына араласып, көппен бірге еңбек етеді. Десе де, киім тігу, пішуге икемі болыпты. Соны байқаған әкесі Қамза Мәмбетұлы сегізжылдықты аяқтаған қызына іс мәшинесін алып беріпті.

-Әкем іс мәшинесін алып берген соң қолөнерге деген қызығушылығым арта түсті. Көрші-көлем үйге келіп, оны-мұны тігіп беруімді өтінетін. Ешкімнің көңілін қалдырмауға тырыстым. Шеберлігім де артты. Бүгінде ауылдың шебер әжесі атанып жүрмін. Ол менің әкемнің көрегендігінен шығар. Неге десеңіз, менің икемімді байқаған ол қызына қандай сыйлық алып беру керек екенін түсінді. Осы күні өзім әже болып отырсам да, әкемнің осы қамқорлығын еш ұмытпадым, - дейді Алтынай Мәмбетова.

Осылайша жас Алтынайдың ауылдағы күндері өте береді. Тұрмыс құрады. Балалар көрінеді. Ол күні жаялықты да, сәби киімін де аналар өздері тігетін. Қолының икемі бар Алтынай ханым өзінің ғана емес, әдеттегідей көрші балаларына да киім-кешек тігіп, шебер келін атанады.

әже (3)

Өмір ағымымен қала іргесіне қоныс аударып, Мичурин ауылына қоныстанады. Осы кезде апамыз тек тігуді ғана емес, құрақ құрауды, сөмке жасауды қолға алады.

-Шынымды айтайын, жаңа заманға сай етіп бұйым жасауға мені ешкім үйреткен жоқ. Қажетті дүнияны Youtube-тан қарап аламын да жасай беремін. Кей жандар өз сұхбаттарында ана шеберден сабақ алдым, мынаның шеберлік сағатына қатыстым деп жатады. Ал менің ұстазым – Youtube,-деп күледі сексеннің сеңгіріне аяқ басқалы жүрген ана.

Шыны керек, осы күні өз замандастарымыз да интернеттен қажетті ақпаратын таба алмай сабылып жатады. Ал жасы жетпістен асқан әжейдің Youtube-тан сабақ алып, өз шеберлігін шыңдап отырғаны таң қалдырады.

-Жас күнімде осынша жұмыстанбадым. Мүмкін Youtube болғанда бұл іске ерте кірісер ме едім,-дейді қалжынға жақын Алтынай әже.

Әр бұйымына ерекше қарайтын апа қолынан шыққан туындыларын сатып, пайда көргенді құп көрмейтінін айтады. Бұл да оның қазақылығы шығар деп ой түйдік. Әлеуметтік желіге салып жарнама жасасаң, ақшаға қарық боласың деген ұсыныстар да көп түскен. Оған Алтынай әжей «Мен интернетті, өзім көп отыратын Youtube-ты жаңалық оқу үшін және жаңа нәрсе үйрену үшін қолданамын» деп жауап береді. Ал түрлі бұйымдарын тума-туыстары мен жақын-жуығына сыйлағанды жөн көреді екен.

Жолдасы екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде солардан тараған немере-жиендерді бағып, ортасында ана рахатына бөленіп отыр Алтынай Қамзақызы.

-Құдай көпсінбесін. Біреуден кем не біреуден артық болмадық. Бұйырса, шөбере сүйіп, соның да қызығын көреміз деген ниетте жүрміз. Ел қатарлы ғұмыр кештік. Біздің алдымыздағы ұрпақтың көрген қиындығын тәуелсіз елдің жастары көрмесін деген жалғыз тілегім бар,-дейді шебер әжей.

Осы күні артынан ерген немерелерін өнеріне баулығысы келетін Алтынай Қамзақызы төртінші ұлының Әмина атты қызының қолөнерге икемі бар екенін айтады. Әжесі іске отырғанда шауып келіп, көмектесе кететін кішкентай Әмина әже ісін жалғасын деген тілек біздікі.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале