Кеше Қаратөбе колледжі ұжымының ұйымдастыруымен биылғы «Балалар жылына» және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай «Бабалар ізімен» жобасы аясында «Орал оқиғасына 31 жыл» толуына байланысты «Азаттық жолында» тақырыбымен тарихи-танымдық конференция өтті.

– Осыдан отыз бір жыл бұрын, 1991 жылы 15 қыркүйекте қазақ ұлтшылдары бастаған мыңдаған адам Орал қаласында жергілікті казактардың қайта жаңғыру мерекесін таратты. Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтпек болған мерекесін қазақ шерушілері тоқтатты.
Желтоқсан көтерілісі сияқты Орал оқиғасының да ел тарихындағы орны бөлек. Желтоқсан жаңғырығы жадымызда жыл сайын жаңғырады. Ал тәуелсіздік алардан 90 күн бұрын Оралда болған бұл оқиға туралы бірі білсе, бірі білмейді, - деді тарихта мәлім Орал оқиғасына тоқталып өткен колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, іс-шараны жүргізуші Гүлжан Мағзомқызы.

Тәуелсіздік жолындағы айтулы күрестің бірі халықтың есінде «Орал оқиғасы» аталып кеткен тарихи кезең туралы колледждің тарих пәнінің оқытушысы Ғалия Орынбасарқызы баяндама жасады.
Аталмыш конференцияға 1991 жылғы Орал оқиғасына қатысушылар Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Мұнайдар Балмолда мен Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Берікқали Муса қатысып, аталмыш оқиға туралы әңгіме өрбітті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Набиоллаұлы ел тарихынан сыр шертіп, халқымыздың ержүректілігі, төзімділігі секілді асыл қасиеттеріне тоқталып өтті.
– Олар қамшымен ұрсын, қылышпен турасын, оқпен атсын қарсылықсыз құрбан болуға шерушілер бас тікті. Алдымыздан мұздай қаруланған ОМОН жасағы, милициялар шықты. Бірақ сол қазақтың көк байрақ туын ұстадық, ол кезде көк байрақ ту да болған жоқ. Бірақ, біз көк байрақ туды өзіміз жасап алдық. Соның артынан мемлекетіміздің туы сондай түсті болды ғой.
Сол кезде төрт күн бойы түс көрдім. Түс қайталана береді. Шынжырланған қазақтарды көрем. Үсті-басы қан, аяқтарының асты қар, мұздақта тұрған. Сол түсімді марқұм Исатай Кенжәлиев деген тарихшыға айтқам: «Ей, балам-ау»,- дейді: «Бұл Исатай-Махамбеттің Тастөбеде қолға түскен сарбаздарын дүре соғып, Сібірге, Үркітке айдап салғаны ғой», деді. «Шпицрутен» деген сым темір шыбық болады. Сонымен жан-жақтан орыс-казактар соққан ғой біздің бабаларымызды. Қабыланбайларды 500 қайтара соғады, сонда бар соққандарың осы ма деп қайғырмайды Қабыланбайлар. Соларды түсіңде көргенсің ғой дегенде көзден жас кетті ғой. Осыдан кейін Орал оқиғасын зерттейтін комиссия құрылатын болды. Казактарға тойтарыс берілгесін, еліміздің басқа өңірлерінде бас көтермек болғандар жуасып қалғанын оқиға куәгерлері айтты,- деді іс-шара қонағы Мұнайдар Мұхамбетжанұлы. Конференция барысында «Орал оқиғасынан» сахналық көрініс көрсетілді.

Конференцияда Қазақстандағы «Балалар жылына» және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай және жас ұрпақтың «Орал оқиғасы» атауымен есте қалған егемендік үшін күрес туралы танып-білуі мақсатында, 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналып онлайн түрде ұйымдастырылған шығармашылық өнер байқауының жеңімпаздары мен жетекшілері марапатталды.
Мараптаттау рәсімін іс-шара қонақтары Мұнайдар Мұхамбетжанұлы, Берікқали Жақсылықұлы, Нұртас Набиоллаұлы, колледж директоры Мәулен Аманшаұлы жүргізді.
Қаратөбе музыка мектебінің ансамблі Құрманғазының «Адай» күйін орындаса, жас маман Ермахан Нұрланұлы көркем сөз оқып конференцияға қатысушыларға көтеріңкі көңіл сыйлады.
Конференция барысында колледж директоры Мәулен Аманшаұлы өзгенің өмірін сақтап, ерлік іс жасаған Шөптікөл ауылының тұрғыны Самиғолла Қайыпқалиұлын алғыс хатпен марапаттап, омырауына «Ерлігі үшін» төсбелгісін тақты.
– Іс-шараның өз деңгейінде өтуіне Қайыржан Хасановтың, Сенғали Дәуешовтың ұрпақтары демеушілік жасады. Байқаудың жеңімпаздарына Қ.Хасанов, С.Дәуешов атындағы сыйлықтар табысталды. Ұрпақтарының игі ісіне айтар алғысымыз шексіз, - дейді колледж директоры Мәулен Аманшаұлы.
Қазіргі таңда Тәуелсіздік күні – барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Азаттықтың тамыры тым тереңде. Отан, туған ел, халық ұғымын тәуелсіздіктен бөліп қарастыра алмаймыз. Барлығы тамырлас, бір-бірімен байланысып жатқан өзегі бір ұғым. Өйткені Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz