5.04.2025, 10:00
Оқылды: 150

Орал шаһарында Ғұмар бабаға арналған дөңгелек үстел өтті

Кеше Орал қаласындағы «AMANAT» партиясы ғимаратының конференция залында Жәнібек ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Ғұмар Қараштың 150 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті.

image-04-04-25-09-36-5

Жиынға Батыс Қазақстан облысының зиялы қауымы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

image-04-04-25-09-36-2

Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов жиын мақсатын айтып, Ғ.Қараш есімі республикаға танылу үшін іс-шаралар жоспары жасақталғанын жеткізді.
- Аталған шараларды облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев бекітіп, қолдау білдіруде. Атаулы датаны кең көлемде тойлау, баба есімін республика, тіпті әлемге таныту үшін өздеріңіздің ұсыныс-пікірлеріңізді білу мақсатында бас қосып отырмыз. Ғұмар Қараштың шығармашылығын насихаттау, оның әдеби мұрасы мен қоғамдық қызметін кеңінен таныстырып, қоғамдағы әділет, білім, және мәдениет мәселелеріне қатысты пікірлеріңізді талқылап, қазіргі ұрпаққа берер тағылымын зерделеу, ақынның өнегелі өмірін, ұлт үшін сіңірген еңбегін кеңінен насихаттап, оның елге, мәдениетке қосқан үлесін дәріптеу үшін жиналып отырмыз, - деп іс-шаралар жоспарымен таныстыру үшін сөз кезегін аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаевқа ұсынды. Нұрболат Мұхтарұлының айтуынша, шаралар легі былтыр басталған болатын. Жергілікті бюджеттен каражат бөлініп, аудан орталығында орналасқан Ғ.Қараш ескерткішіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

image-04-04-25-09-36-1
- 11 сәуір күні дәстүрлі «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» атты Ғұмар оқулары облыстық шығармашылық байқауы аудан орталығы Жәнібек ауылында өтеді. Сондай-ақ облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жоспарына сәйкес шілде айында Орал қаласында республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Қыркүйек айында «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» атты Ғұмар оқуларының республикалық кезеңі өткізілетін болады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық филиалына қаржы бөлініп, ағымдағы жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Музейге Ғ.Қараш атауы беріліп, қыркүйек айында салтанатты түрде ашылуы өтетін болады. Одан бөлек 2 сәуір күні аудан орталығында жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары және елдің жанашыр азаматары бас қосып, жоспарланған шараларға қаржылай қолдау білдіретіндерін жеткізді. 2006 жылы Ғұмар Қараш атындағы қоғамдық қоры ашылса, 2018 жылы қорға жиналған қаржының арқасында бабамыздың басында кесене бой көтерді. Қазақстанның 100 киелі орындар тізіміне кіретін облыс бойынша 6 киелі орынның бірі – Ғ.Қараш кесенесі. Алдағы уақытта қорға түскен қаражат есебінен кесене орналасқан орынды абаттандыру бойынша жоспар бар. Атап айтсақ, кесене ауласына өрнектастар төсеу, күн сәулесінен қуат алатын жарықшамдар орнату, демалыс орнын салу жұмыстары жасалатын болады. Сол сияқты Ғ.Қараштың өмірі мен шығармашылығы жөнінде белгілі драматургтерге спектакль жазуға тапсырыс беріп, республика көлемінде қойылым қою жұмыстары жоспарлануда. Шілде айында Астана қаласында тарихшы-өлкетанушы Жантас Сафуллиннің Ғұмар Қараш туралы ІІІ томдық кітабының тұсаукесерін өткізу де жоспарда бар. Тамыз айында Жәнібек ауданында республикалық ақындар айтысы өткізіледі. Аталған ауқымды іс-шаралар легі қыркүйек айында дала қызықтарымен қорытындыланатын болады, -деді бөлім басшысы.
Әрмен қарай жиналғандар ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті. Мәселен, «Дана» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым хатшысы, өлкетанушы Жантас Сафуллин Астана қаласында Ғ.Қараш атындағы көшеде орналасқан мектепте бабаға арналған шаралар ұйымдастыру, 150 жылдыққа орай Ғ.Қараш медалін дайындау, баба өлеңдерін басқа тілдерге аударып, есімін түркітілдес елдерге танымал ету бойынша ұсынысын жеткізді. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ҚР тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева барлық шаралар идеология бағытында өту керек десе, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі, өлкетанушы Қазыбек Құттымұратұлы дүниеге келген 150 сәбиге Ғұмар есімін беру, Ғұмар тақиясының насихатталуы өте орынды болады деген пікірін жеткізді. Педагогика ғылымдарының докторы, БҚИТУ профессоры Светлана Бақышева облыстың кей мектептеріне баба есімін беру бойынша ұсынысын айтып, университетте ғылыми-практикалық конферецияның өтетінін де тілге тиек етті.

image-04-04-25-09-36

Сонымен қатар ақын, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Ғұбайдуллин халықаралық дәрежеде жазба ақындар мүшайрасын өткізуді ұсынды. Казталов ауданындағы Ғ.Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының мұғалімі Нұрғали Дүйсеков демеушілер тарапынан Ғұмар Қараш шәкіртақысын тағайындау туралы ойын айтса, ақын, өлкетанушы Нұрлан Сәдір биылға жоспарланған шаралардың кейбірі келесі жылы ұйымдастырылса, конференция мен оқулардың аудиториясына оқушы балалар тартылса, рилс, комикстер, роликтер дайындалса деген пікірін жеткізді. Шараға жиналғандар аталған шараларға өз тараптарынан қолдау болатындығын айтып, сәттілік тіледі. Сонымен қатар дөңгелек үстелдің өтуіне атсалысқан аудан әкімі Тимур Шиниязовқа алғыс білдірді.

image-04-04-25-09-36-3
Жиынды Жаннұр Бекбауұлы қорытындылап, айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынып, жұмыс жоспары жасақталатынын айтты.

Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы

Фото авторы: Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале