Қадыр орталығында әр бейсенбіде өтетін «Елеулі есімдер» жобасының кезекті қонағы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Закария Сисенғали болды. Қасиетті Қамыс-Самар, жаңарған Жаңақаланың төл перзенті, есімі елге танымал ақын өзі тебірене жырлаған Жайық жұртымен кездесті.
«Құмдағы ауыл – құндағым» атты бұл кеш ақын сөзіне жазылған Донеділ Қажымовтың әйгілі «Ақжайық – ару мекенім» әнімен басталды.
БҚО әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов шараны ресми ашқаннан соң кеш иесінің шығармашылығы мен өмір жолы қақында келісті әңгіме өрбіді.
«Өнерім – жаным, қызметім – халыққа» дейтін Закария Сисенғалидың шын мәнісінде де өлеңге де, өңірге де сіңірген еңбегі зор. Жасынан Тұманбайдың «Студенттік дәптерін» (Т.Молдағалиевтың жыр жинағы) оқып тауысып, поэзия әлеміне бет түзеген ақын бүгінде алпыстың асқарында, кемелденген жасында. Ақын Ақжайығын жырға қоса жүріп, жасыл дала Жаңақаласын да тәтті өлеңмен тербетуді ұмытқан емес. Сөзін өзі жазған әйгілі Әсет Бейсеуовтің «Жаңақала – гүл қала» әні аудан тарихында алтын әріппен хатталары анық.
Шара барысында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын А.Бақтыгереева сөз сөйлеп, інісіне ізгі ниетін білдірді.
Қазақстан Ақын-жыршылар одағының мүшесі, ақын С.Бисенғалиев замандасына жыр тілегін оқып, Ақжайық ауданы әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыстады.
Бұл кеште Закария Жүсіпқалиұлы өзі қанатының астына алған Жаңақала ауданының өнерпаздары өнер көрсетті.
Шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қ.Мұсағалиев, белгілі өлкетанушы, мәдениет саласының ардагері Ж.Ақбай, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын А.Нәріков, Ғ.Сейтақ, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
"Қадыр-ақпарат"
Фото Рафхат Халеловтікі