Бүгін аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық білім саласы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің (төрайымы Н.Нарбулова) ұйымдастыруымен, аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың қатысуымен "Ардагер ұстаз - өткеннің даналығы, бүгінгінің шамшырағы, болашақтың бағдары" атты Орал қаласында тұратын ардагер ұстаздармен кездесуі өтті.

Кездесуге аудан басшысымен қатар, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, аудандық білім, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, С.Сейфуллин атындағы №11 мектептің директоры Ш.Зулкашева, ауданымызды білім саласының дамуына сүбелі үлестерін қосқан ардагер ұстаздар қатысты.
Алдымен сөз алған аудан әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлы - Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосқанда, төр – мұғалімдікі» деген болатын. Бұл осынау ардақты мамандықтың қаншалықты құнды екенін аңғартса керек. Бүгін сол құрметтің негізі іспеттес құрылғанына екі жыл болса да көптеген игі істердің басында жүрген ауданымыздың білім саласы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен еркін форматта бас қосып отырмыз. Ол үшін бірлестік төрағасы Найля Камалқызына алғысымды білдіремін.

Ұстаздар – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір тәріздес. Осы отырыста ауданымызға, оның ішінде білім саласына қатысты мәселелер бойынша ой өрбітіп, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдау мақсатында келіп отырмын. Біздің шақыруымызды қабыл алып, уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін үлкен рақмет, - деген тілегін жеткізіп, аудандағы атқарылып жатырған толайым жұмыстарға тоқталып, ағымдағы мерейлі жасқа толған Ж.Сыдықова, Р.Аксенова, Қ.Хайруллина, С.Дүйсенғалиева сынды ұстаздарды өзінің және аудан тұрғындары атынан құттықтап, сый-сияпатын табыс етті.

Кейін облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Нәбиоллаұлы да жылы лебізін білдіріп, мерейлі жас иелерін құттықтады.
Әдемі кешке қатысушылар шараның көрігін қыздырған өнерпаздармен бірге ән салып, би билеп, естелік суретке түсіп, көңілді әсерде тарқады.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы