Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері Бөкей ордасы ауданы орталығына келіп, балаларды қабылдады.
Ақ халаттылардың бұл сапары Бисен ауылынан басталды. Дәрігерлер Бисен ауылының дәрігерлік амбулаториясында Саралжын, Ұялы, Бөрлі, Жиекқұм сияқты көршілес ауыл, кішігерім елді мекендердің балаларын тексерістен өткізді.
Бисен ауылында өткен қабылдауда 180 бала дәрігерлік міндетті тексерістен өтті. Ал аудандық ауруханада жалғасқан қабылдауда 240 балақай дәрігерлер қарауынан өтті.
– Облыстық көпбейінді балалар ауруханасынан келген дәрігерлер тобы әріптестерімізге үлкен практикалық көмек көрсетсе, жасқа толмаған бөбектері бар жас аналар мен арнайы дәрігерлік есепте тұрған балалар үшін тиімді шара болды. Балалар кардиологы, балалар неврологы мен балалар хирург-ортопеді, балалар стоматологы, УЗИ маманы біз үшін аса қажет мамандар. Кейбір ата-аналар жолдың шалғайлығы мен ақшаның тапшылығы себепті балаларын тұрақты тексерістен өткізе алмай жатады. Жалпы, мұндай екіжақты тиімді шара жыл сайын өткізіліп тұрады. Облыстан келген балалар дәрігерлерінің сапары бұдан әрі Жәнібек ауданында жалғасады, -дейді аудандық аурухана басшысының орынбасары Лаура Шамұратова.
Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ,
Бөкей ордасы ауданы,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!