3070 тұрғыны бар Орда ауылдық округінің өткен жылғы жетістігі көп, табысы толайым. Округ бойынша 2020 жылы 10 млн. 710 мың теңге салықтық кіріс кірген. Одан басқа мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратын мекемелерден 90623,0 млн теңге, қожалықтардан 7,0 млн теңге салық түскен.
Ауылдық округ әкімі Медет Сисенов салықтық кірістерге тоқталып кетпей, шығыстарға да егжей-тегжейлі тоқталды.
2020 жылғы санақ мал санында да, мал өнімдерінің мөлшерінде де өсім бары айтылды. Жоспарланған 40,4 мың тонна мал азығының 28,45 мың тоннасы ғана дайындалған. Дегенмен былтырғы жылдан қалған шөптің арқасында қыстан аман шығуға жетеді деп жоспарлануда.
2020 жылы 56 шаруа қожалығы 144 млн 988 мың теңге субсидия алып, асыл тұқымды мал санын еселеді. Лизингке трактор, шөп престеу құрылғысын, демеуқаржыға күн панелдері мен ұңғымалы құдық қаздырған.
Округте тіркелген шағын және орта бизнес субъектілері 50 бірлікті құрады, таратып айтсақ, 25 дүкен, 1 кафе, 1 тойхана, 1 мейрамхана, 2 шаштараз, 1 қолөнер қызметі, 1 дәріхана, 1 стоматология кабинеті, 2 жанар жағар май бекеті, 2 дөңгелек жөндеу цехы бар.
Жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны - 77 адам болып, жұмыссыздық деңгейі 4,6% құрады. Отыз жұмыссыз қайтарымсыз грант алған.
Пандемия кезінде Орда ауылдық округі кәсіпкерлері, мекемелер, азаматтар, мектеп түлектері 1730000 теңгенің дәрі-дәрмек, азық-түлігі алынды.
2020 жылы Хан ордасы ауылындағы «Ақбота» бөбекжайына күрделі жөндеу жүргізілді. Екі пәтерлі екі үй пайдалануға берілді.
Облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы карантин жағдайында да белсенді жұмыс жасады. Өткен жылдың өзінде музей қорығы ұжымы 253 экскурсия, 7 мәдени шара, 4 көрме, 13 дәріс берді. Сонымен бірге 75 онлайн шара өткізген.
– Алдағы жылы мәдениет үйін күрделі жөндеу, музей қорығына әкімшілік ғимарат пен визит орталығын салу жоспарланды. Биылғы жыл тек ханордалықтар үшін ғана емес, тұтас аудан үшін сындарлы жыл болмақ. 2021 жылы үлкен мақсаттар мен міндеттер күтіп тұр. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Бөкей ордасының құрылғанына 220 жыл, Жәңгір хан мектебінің 180 жылдық мерейтойы сияқты атаулы шаралар өткізуді қолға алынды. Президентіміз айтпақшы, той жасап, ішіп-жеумен өткізбей, рухани күш берер, ауылымызды көркейтер игі істермен, тағылымды, білімді шаралармен өткізсек деген ой тастаймын. Ішіп-жеп, ойын-сауық құрудың заманы өткенін сіз де біз де жақсы білеміз. Сондықтан осы атаулы шараларды жас ұрпаққа тағылым болар бағытқа жоспарлайық, - деді округ әкімі Медет Исаұлы.
Халқы тығыз округте басқа округтермен салыстырғанда қылмыстық ахуал алаңдатарлық деңгейде. Өткен жылы 36 қылмыстық факт тіркелсе, 2019 жылы тіркелген қылмыс саны – 26. Мал ұрлығы бойынша 26 қылмыстын 16 ашылды. Мал ұрлығы бойынша 2 ауыр қылмыс ашылмай отыр.
Ауыл азаматы Талғат Саматов округ орталығына ересектердің бой сергітіп, демалатын, балалардың ойнайтын демалыс алаңы салынса, мектеп күрделі жөндеуден өткенде барлық жиһазы да жаңартылса деген тілегін білдірді.
Музей-қорық басшысы, аудандық мәслихат депутаты Ғайса Махимов 1890 жылы салынған орман шаруашылығы мектебінің ғимаратын жаңартып, тарихы нысанға айналдырып, туризм орталығына айналдырсақ деген ұсынысын айтты. Бұл ұсыныс аудан басшысы тарапынан қолдау тапты. Олжас Түсіпқалиев қонақ көп келетін ауылда бақылау камераларын көптеп орнату керек десе, Миржан Мулекаев интернеттің шабандығын айтты.
«Қазақтелеком» АҚ-ның өкілі Арбек Аманғалиев: «128 порт берілгенін, оның 106-ы іске қосылды. Қазір жағдайға қарай интернетке сұраныс артқан. Кабельдің өзі жетіспейді, тіпті дефицит. Порт саны артып, кабель жеткілікті болса, интернет тарту жұмыстары бәріне бірдей ұсынылады» деп түсінік берді.
Есептік кездесу өткен округтер ішінде Орда ауылдық округінде ғана алдын ала қойылған пікір-ұсыныстар салынатын жәшіктен де хаттар оқылды. Хаттардың бірінде мектепті күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылады ма деп сұраса, екіншісінде фельдшерлік пунктке автокөлік керек, үшіншісінде ауылда демалыс алаңы салынса деген ұсыныстар жазылған екен.
Еркебұлан Бисенғалиев,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz