Өткен сенбі күні Бөкей Ордасы ауданы орталығының бауырластар бейіті саябағында Ұлы Отан соғысы жылдарында «Равнинный» разъезінде қаза тапқан қос қызыләскердің мүрдесін қайта жерлеу рәсімі өтті.
Онда аудан әкімінің орынбасары Л.Қайырғалиева М.Мәметова атындағы орта мектеп жанынан құрылған «Нарын» іздестіру тобының табанды жұмысы арқасында екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің заттары мен мүрдесі табылғанын айтса, тарихшы-өлкетанушы Амантай Хамзин майдан кезінде ауылымыздың ортасымен жүріп тұрған темір жол қару-жарақ пен жауынгерлерді, азық-түлік пен өзге де қажеттіліктерді Сталинград майданына жеткізуші стратегиялық бағыт болып саналғанын, сондықтан жау ұшақтарының бомбалауына көптеп ұшырағанын баяндап, осы маңда талайлардың өмірі қыршынынан қиылғандығын жеткізді.
Өз кезегінде осынау мүрделерді тапқан іздестіру тобының жетекшісі, бүгінде М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің директоры Жұбан Ғұмаров бұл жұмыстар негізінен «Равнинный» разъезінде туып-өскен Дайнолла ата Кенжеғалиевтің естелігі бойынша сол маңда жүргізілгенін сөз етті.
Далада қалған қос боздақтың мүрдесін бауырластар бейітіне қайта жерлеу рәсіміне ауданымыздағы мекеме, ұйымдар, әскери бөлімдер басшылары және аудандық «Айбын» әскери-патриоттық слетіне келген оқушылар қатысты.
Раушан БАҚЫТОВА
Бөкей ордасы ауданы