Тамыздың 17-сінде Орда ауылдық округі әкімінің сайлауы өткен еді. Үш үміткер бақ сынаған бұл сайлауда Ғайса Махимовтың бағы басым түсті. Санға шағып айтсақ, сайлаушылардың 83,27%-ы Ғайса Махимовтың кандидатурасын қолдаса, 8,08%-ы Медет Қаресовті, 8,65%-ы Нүркен Топпасовты жақтап, дауыс берген.

Сайлау нәтижесі жария болғаннан кейін аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Кенесары Нұршинов, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бекбол Жұмабекұлы Хан ордасына арнайы барып, Ғайса Махимовты жаңа қызметімен құттықтап, сәттілік тіледі.
- Ғайса Темірболатұлын таныстырудың қажеті жоқ, аудан жұртшылығы жақсы таниды. Еңбегі елеулі азамат. Жауапкершілігі зор, талапшыл, білікті басшы деп сыйлайды. Темірболатұлының тамаша бір қасиеті - республикалық, облыстық деңгейдегі басшылықпен тең сөйлесіп, талабын айта алатын, тілтабысқыштығы, тек айтып қана қоймай, нәтиже шығаратын іскерлігі. Кешегі сайлауда халық таңдауына ие болдыңыз. Бұл - үлкен жауапкершілік, үлкен сенім. Ел үмітін абыроймен ақтайтындығыңызға сенімдіміз, -деді Кенесары Бекболатұлы өз сөзінде.
Бұдан кейін аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бекбол Жұмабекұлы да тілегін білдіріп, қызметтік куәлік табыстады.
- Ғайса Темірболатұлымен 15 жыл бірге жұмыс жасадым. Темірболатұлы талапшыл, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы ретінде ұжымға сыйлы. Кезінде төрт-ақ музей үйден тұратын музейіміз бүгінде алып музей-қорыққа айналды. Бұл Темірболатұлының мықты стратег, іскер басшы екенін көрсетеді, - деді Ғайса Махимовтың бұрынғы әріптестері атынан сөз алған Гүлмару Мырзағалиева.

Аудандық мәслихат депутаты Асылболат Оңаев, мәдениет үйінің басшысы Марат Ағишанов, Жәңгір хан атындағы мектеп директорының орынбасары Талап Ғайсиндер де сөз алып, жаңа әкімге жақсы тілектерін жеткізді.
Өз кезегінде Ғайса Махимов өзіне сенім білдірген ауылдастарына, әріптестеріне алғысын білдірді.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы