13.09.2022, 11:45
Оқылды: 274

Өрісі кең өнерлі отбасы

Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинап, оны өз ұрпағы  санасында қалыптастыратын ардақты әке мен аяулы ана одағы бар.

2

Сондай одақтың шаңырағында дүниеге келіп, бақытты балалық шағында ата-анасының өнегесін көріп, жылы отбасында өскен Сарыөмір ауылының тұрғыны Әмина Қажығалиева:

- Әкем – Жарылғап Төкешұлы. Анамның есімі – Сұлушаш. Анамның бақилық болғанына жиырма шақты жылдың жүзі ауды. Әкемнің Алла берген 84 жыл ғұмырын жасап, мәңгілік мекеніне аттанғанына да тура екі жыл өте шықты. Әкеміз діңгектей берік болатын. Анамыз өмірден өткенде біздің көңілімізге қаяу салмай, ешкімге жәутеңдетпей өсірді. Ол кісі 1936 жылы киелі Шалқар көлі жағасында,  Барқын атадан тараған әулетте дүниеге келген. Еңбек жолын Сарыөмір ауылындағы шаруашылықта бас прораб болып бастаған. Табандай қырық жыл сол жерде жемісті еңбек етті. Алыс-жақындағы ағайынға сыйлы, елге абыройлы, кісілігі мол, ауылдың бетке ұстар ақсақалы дәрежесіне жетті. Ол кісі әкесінен төрт жасында қалып, анасының тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп өскен. Балалық шағы зұлмат соғыспен тұспа-тұс келіп, өмірдің ащы дәмін ерте тартқан. Марқұм анамыз екеуі барын аузымызға тосып, білгенін үйретті. Екеуі де жезтаңдай әнші, ауылдың көркі болды. Жиын-тойларда ән салып, думандатып жүретін. Жас шағында әкем әртіс болам деп армандапты. Ол ойына  анасы қарсы болған. Ана сөзін аттамай, әкем Ақтөбе құрылыс институтынан жоғары білім алады.  Еңбекке араласты. Жар сүйіп, балалы болды. Бақытын еңбектен тапқан үлгілі отбасыға айналды. Ауылдың мәдени ошақтарының бой көтеруіне жетекшілік етті, - деп өз отбасы жайлы сағынышты естелігімен бөлісті.

3

Қызының айтуынша, әлі күнге дейін әкесінің көзін көргендер адамгершілігін, өнерге деген ыстық ықыласын айтып отыратын көрінеді. Көңілді әзіл-қалжыңымен халықты қыран-топан күлкіге қалдыратын Жарылғап атайдың өнерге де, өнерпаздарға да ілтипаты ерекше болған. Ел аралап, ауылға жиі келетін әртістерді үйіне ертіп апарып, домбыра тартып, ән айтып, думанға толтыратын қасиеті ұрпақтарына да дарыпты. Барлығы дерлік өнерге жақын. Бірі әнші, бірі домбырашы. Немересі Гүлдария Дүйсенова Алматы қаласындағы театрда қызмет етеді. Бір жылдыры Оралға іссапармен келіп, «Қыз Жібек» спектаклінде басты рөлді ойнаған немересін көрген Жарылғап атай өз арманы орындалғандай қатты қуаныпты.

Бүгінде Жарылғап Төкешұлының ұрпағы тәлім-тәрбиемен қатар, өнерге деген махаббаттың да сүйікті отбасынан басталғанын мақтан етеді.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале