26.07.2022, 11:30
Оқылды: 26

«Orlе» - мен бірге өрлеген

Өңірімізде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Мемлекет еңбекке ұмтылған азаматтарға қолдау танытып отыр. Мәселен, «Бастау Бизнес» жобасының игілігін көргендер аз емес. Өйткені, «Бастау Бизнес» бағдарламасының мақсаты - азаматтарды еңбекпен қамту, жұмыссыздар санын азайту. Бөрлі ауданындағы бағдарлама қатысушылары да еңбекке ебін танытып, кәсіпкерлікке білек сыбана кіріскен.
Бағдарлама Приурал ауылының тұрғыны Ольга Здобняктың өміріне де тың серпін берді. Көп балалы отбасы бүгінге дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Дегенмен, жолдасы екеуінің арманы отбасылық бизнесті бастау еді. Қолында бизнес жоспары бола тұра, бағыт көрсетер маман, құрал-жабдық сатып алатын қаражат көзі болмапты. Бәліш пісіруді кішкентайынан хобби санаған ол үлкен бизнеске айналарын білмепті де. Кейін бағдарлама барын естіп, білім алып, тәуекелге бел буды.

ac0827a1-2818-440d-b235-2906f8304b90
- Мен бала күтімімен үйде отырған анамын. 5 баламызға күнде өздерінің сұрауларымен тәтті бәліштер пісіретінмін. 2019 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алдым. Бұл бағдарламаның бар екендігін мен бұрыннан білетінмін. Бірақ түрлі сылтау табылып, ден қоймаған едім. Үйдің шаруасы бітпеді, балаларды қалдыратын жер болмады. Осы жолы құрбым қолымнан жетектеп ауылдық әкімдікке алып барды. Сөйтіп оқуды бастап кеттім. 21 күн оқып, бизнес жоспарды құруды, жоспарлауды үйрендік. Бизнес жоспарды мен өзім жасадым. Кейін жоспарымды қорғап шықтым. Сертификат алғанда қуанышымда шек болмады. Бір аптадан кейін маған жұмыспен қамту орталығынан хабарласып, біздің 560 мың теңге грант ұтқанымызды айтты. Бұл біз үшін өте зор қолдау болды. Бұл қаражатқа арнайы пеш сатып алдым. Құрал жабдықтар туралы ақпаратты ғаламтордан алдық. Барлық құралдарды өз еліміздегі дүкендерден қарадық. Ондағы басты мақсат жеткізу бойынша ешқандай кедергі болмауына алаңдадық. Қонаққа келген туыстарым, көршілерім бәліштерімнің ерекше дәмді, тойымды екендіктерін айттып, тапсырыс бере бастады. Тапсырыстар тек өз ауылымнан емес, көршілес ауылдардан, тіпті Ақсай қаласынан түсіп жатыр, - дейді Ольга Здобняк.
Кейін, Ольга тағы бір мемлекеттік бағдарламаның жемісін көрді. Сөйтіп,  «Orlе» жобасы жаңа бағытқа жол бастады.
Пандемия кезінде той-томалақ болмай, тәтті бәліштеріме сұраныс төмендеп қалды. Кейін жолдасым екеуміз көп ойланып, бақша шаруашылығымен, оның ішінде қызанақ, құлпынай өсіруді қолға алу керек екендігін түсіндік. Бұл жоспарымыздың да іске асуының себебі шығар, алдымыздан тағы бір бағдарлама шыға келді. Ауылымыздың әкімі Марат Ерғалиев Шелл Қазақстанның қолдауымен, Еуразия Орталық Азия қорының «Orlе» жобасын ұсынды. Көп балалы отбасы ретінде біз осы жобаның талабына келіп-ақ тұрмсыз екен, ендеше неге қарап қаламыз деп жолдасымыз екеуіміз бел буып, кірісіп кеттік, - дейді Ольга.

cd0c5f4f-7b9a-4161-8d5c-96b761413c0c

Бұл жағдай 2021 жылдың маусым айында болған еді. Содан екі ай арнайы курс оқып, отбасы қыркүйек айында аталған жоба аясында 1 247 000 теңге грант ұтып алды. Бұл қаражат ұзындығы 42 метр, ені 7 метр, ал биіктігі 4 метр болатын жоғары туннельді жылыжай салуға арналған еді. Бүгінде бұл жылыжайларда 1000 түп қызанақ егіліп, жақын күндері өнім береді. Ал қияр алғашында тәжірибе үшін егіліп, жылыжайда жақсы өнім бергеннен кейін күні кеше ғана тағы 200 түп қияр отырғызды. Тамыз айында тағы да қайталап 200 қияр түбін отырғызу жоспарда.
Әрине, қызанақ пен қияр еккен жақсы. Бірақ біз құлпынай мен саңырауқұлақ өсіруді қолға алуды да жоспарлап отырмыз. Қазір тәжірибе жасап жатырмыз. Нәтиже жаман емес. Былтыр 20 түп құлпынайдың бейтарап күндізгі жарық сортын отырғыздық. Онымен бізге сатушылар дұрыс түсіндірмепті. Сол себепті былтыр өсе алмады. Бірақ биыл жақсы жидек алдық. Әрі құлпынайдың бұл түрі дәмі мінсіз, сәл қышқылдау, ал сыртқы түрі көз тартарлық.

abc82ecf-bfe4-4d3d-bb20-df88e645a19c
Кәсіпкер отбасылық бизнесте саңырауқұлақтың орны болатындығын айтады. Тағы да тәжірибе ретінде бұл кәсіпті де бастап жатыр.
Саңырауқұлақ ісі сәуір айының соңында басталды. 10 шағын блок жасап, тұқымын егіп, көлеңкеге қойдық. Қуанышымызға биылғы ауа райы жақсы болды. Жауын-шашын болды, температура қатты көтерілмеді. Дәл бір айдан кейін нәтиже шықты. Блоктарға себілген мицелий біркелкі өсіп, шамамен 19-шы күні пайда болды, ал 30-шы күні біз егін жинадық. Технологияны пысықтап, өнім көлемін ұлғайтуға болатынын көрдік. Ендігі біздің бағыт саңырауқұлақ өсіру. Өйткені минималды шығынмен бірер күннің ішінде үстелімізде маринадталған немесе қуырылған экологиялық таза саңырауқұлақтардың болуына алып келеді, -дейді Ольга.
Отбасының алға қойған мақсаты зор. Жақында үлкен жобаны қолға алмақшы. Қазір Ольга «Business Billim» бағдарламасынан төрт айлық курста білім алуда. Ондағы мақсат бір гектар жерге құлпынай отырғызып, табиғи таза өнімді аудан тұрғындарына ұсыну.
Жалпы, бұл отбасы мемлекеттің қанатқақты бағдарламасынан зор нәтиже көріп отыр. Қазіргідей нарық қысқан заманда, көп балалы отбасыға берілетін жәрдемақыға қарамай, өз беттерінше еңбек етіп, балаларының болашағы үшін түрлі жобалардан нәтиже шығарып отырған отбасы көпке үлгі.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале