Орманшы. Олар бізде бар ма және немен айналысады? Жаңа жыл алдындағы шырша жырынан басталған әңгіме мені осы аттас мекемеге жетеледі.
Бөрлі ауданы орманды, жасыл желегі мол ауданға жатады. Оған аудан аумағынан ағып өтетін Жайық, Илек, Утва өзендерінің игі әсері болуы керек. Деректерге сүйенсек, Жайық және Илек өзендерінің жайылмаларын шабындық, ал 9590 га орман алып жатыр.
Сондықтан да болар аудандағы осынау орман шаруашылығымен айналысатын мекемесінің тарихы тым әріден тарқатылады. Мекеме 1953 жылы құрылғанымен, одан бұрын орман қорғау шаруашылығы болып қызмет етіп келген. Ал 2000 жылы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме болып қайта құрылған. Қайта құрылып қана қоймай, көтерер жүгі де ауырлай түскен. Мекеменің негізгі қызметінеорманды күзету мен қорғау, орман ағаштарын егу, орман өскіндерін өңдеу мен сақтау, жылыжай мен питомникті ұстап тұру кіреді екен. Сонымен бірге аталған Бөрлі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі Батыс Қазақстанның елді мекендерін көгалдандыру үшін көшет өнімдерімен қамтамасыз етеді.Мемлекеттік мекеменің жалпы жер көлемі 22700 гектарды құрайды. Бір қарағанда орман шаруашылығында жұмыс өз-өзінен жүріп жатқан сияқты. Бірақ шын көңіл бөліп жасамаса, ертең кеш болатын жұмыстың бір саласы –осы орман шаруашылығы екені даусыз. Бүгінгідей экология мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып отырған уақытта бұл жұмыстардың маңыздылығы мен құндылығын өзіңіз таразылай беріңіз. Ал осынау маңызды істі орайын келтіре, өз деңгейінде атқарып отырғандарының дәлелі ретінде мекеменің 2005 жылы ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлестері және жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін Қазақстан Республикасының сол кездегі Ауыл шаруашылық министрі А. Есімовтің атынан «Үздік ұйым» дипломымен марапатталуын айта кетуге болады. Сондай-ақ 2010 жылы да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін мекеме Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрі А.Күрішбаевтың атынан дипломға ие болды.
Өз саласында қол жеткізген жетістік, биік марапаттардың барлығы да бірлескен ұжымдық еңбектің жемісі екені сөзсіз. Мекеменің Бөрлі, Приуральное, Долинное және Орман питомнигі деп аталатын 4 құрылымдық бөлімі бар, оларда 58 қызметкер жұмыс істейді. Барлығы да өз істерін үлкен сүйіспеншілікпен атқарады. Табиғаттың шын жанашырлары ғана емес, орман шаруашылығының көркейіп, дамуына орасан зор еңбектерін сіңіруде. Олардың үлестерін көре алмауымыз да мүмкін. Оардың үлесі жасыл желек, саф ауамызда.
«Тауық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, қай істі де өз саласының маманы атқарғаны жақсы ғой. Бұл орайда аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме басшысының мамандығы агроном екенін білдік. Мекемені 2002 жылдан бері, яғни айтқанда 17 жыл бойы үзіліссіз жоғары білімді, тәжірибелі маман Қ.Ермекбаев басқарып келеді екен. Қайрат Төлегенұлы басқарған уақыт аралығында батысқазақстандықтарды сапалы жасыл желек көшеттерімен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алған және көшет түрлері көбейген. Тұқымбақта өсіріліп жатқан екпелердің ассортименті 25 түрге көбейген. «Ормандар –табиғаттың бір бөлшегі. Оған да тиісінше күтім керек. Жоспарлы жұмыс болған жағдайда ғана жұмыс өркендемек,– дейді бізбен әңгімесінде мекеме басшысы К.Ермекбаев,–осы жылдар ішінде жылыжайда орман тұқымдарының екпе ауданы үлкейтілді, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарына өткізілетін орман екпелері мен секпелерінің саны көбейтілді. Қылқан және жапырақты ағаш тұқымдастарды егу арқылы елде мекемендерде көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Жыл сайын орман дақылдарының жоспарлы жерсінуі жасалады, орман дақылдарын орманмен көмкерілген жерлерге аудару жұмыстары атқарылады. Сонымен бірге біздің жұмысымызда орман өрттерінен сақтану, оның алдын алу жұмыстары да маңызды. Мұндай жағдайда арнайы мамандандырылған техникалар пайдаланылады».
Осы жерде Қайрат Төлегенұлы өз ісінің білгір маманы, шебер ұйымдастырушы, мекеме басшысы ғана емес, ауданға белгілі абыройлы азамат екенін де айта кетейік. Азаматтық позициясы мықты, ауданымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласатын Қ. Ермекбаев бірнеше рет облыс әкімінің және басқарма басшысының алғысхаттарымен марапатталған. 2014 жылы «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл» медаліне, 2016 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл» медаліне ие болған. Сонымен қатар «Бөрлі ауданына 75 жыл», «Ақсай қаласына 50 жыл» мерейтойлық медалдарымен де марапатталған. Бөрлі ауданы мәслихатының 5 және 6 шақырылымының депутаты. Ел аманатын арқалаған халық қалаулысы.
Жаңа жыл жақындап қалғандықтан шырша кесіп аламын деушілер бола ма екен деген ой қызықтырды бізді. «Жылда осы уақытта арнайы бұйрық шығарып, ішкі істер бөлімімен бірлескен күзет күшейеді, заң күшейгесін бе, әлде адамдардың түсінігі молайғасын ба, әзірге ондай кездескен жоқ», – деп жауап берді бізге бас орманшы. Біз қуанып қалдық.
Аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің ұжымы аудан тұрғындарын келе жатқан Жаңа жылмен қызу құттықтайды. Сонымен бірге жаңа жылда бірер күн тұруы үшін шыршаларды кеспеуге шақырады. Бір-екі метр шыршаны өсіру үшін 6-7 жыл керек. Демек, орманшылардың соншама уақыты зая кетті деген сөз дейді олар. Туған анамыз – табиғатты сақтау, қорғай жүру тек орманшылардың ғана емес, бәріміздің ортақ міндетіміз. Табиғатты аялайықшы деген тілекпен орман мен орманшылар туралы бүгінгі әңгімеміз аяқталады.
Дариха Нұрашова
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер