15.11.2023, 17:58
Оқылды: 29

Өрнектас жасауды қолға алған жас кәсіпкер кәсібі туралы айтты

Қазақ халқының ежелгі кәсібі – мал шаруашылығы. Заман жаңғырып, жаңа кәсіптердің небір түрімен айналысуға болатын мүмкіндіктер көбейді, малмен біте қайнасқан тірлігімізді де өзгеретін уақыт жетті. «Құрылыстың шебері – өзбек, көліктің тілін түсінетін орыстар ғой. Малымызды бағып, несібе тапсақ, қажетімізді соларға-ақ істетіп алармыз» деп желкемізді өзге жаққа бұрғымыз келмегені де рас. Дегенмен біртіндеп «қазақ тек мал баға алады» деген таптаурын болған ой-пікіріміз, әсіресе, жастардың арасында мүлдем өзгере бастаған сыңайлы. Құрылыс не көлік жөндеу саласы болсын, тіпті IT-технологияда да әлемді мойындатып, қазақтың қара домалақ баласының ешкімнен кем еместіне өзге емес, өзіміздің көзіміз жетіп келеді. Жаңа заманға сай жаңаша көзқарас қалыптастырып, «малын жанының садақасына» баламай, өндіріске бет бұрғандардың қатарында чапаевтық жас Ермұрат Ерболатов та бар.

InShot_20231115_163512616

Қазіргі уақытта, бәрімізге белгілі, елде құрылыс ерекше қарқын алып келеді. Дәлел іздеп, алысқа барудың қажеті жоқ, аудан орталығы Чапаевта жыл сайын көркі тұрғындар құрылыста бірінен бірі асатын жаңа үйлер бой көтеріп, бір-бірімен жарысып жатқандай болып көрінетіндей. Сол құрылыстың басы-қасында жүрген – өзіміздің жігіттер. Іргетасынан бастап, шатырын жауып, ішкі әрлеу, пластик терезе-есік жасап, қажет жұмыстың бәрін тапсырған уақытыңа, көңіліңнен шығатындай етіп бітіріп береді. Бір әттеген-айы, сол құрылысқа қажет дүниенің бір де бірінің өз ауылымыздан шығарылмайтыны. Қалтасы көтеретіндер алыс-жақын шетелден тасыса, қалғандары облыс орталығынан итаршылап жеткізеді. Кәсіпке енді кіріскен Ермұрат осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген екен. Ауласына шағын цех салып, сонда өрнектас шығара бастапты.

IMG_5403

Жиырмаға енді толған Ермұрат Ерболатов Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінен «аспаз» мамандығын бітірген. Өзінің алған мамандығы бойынша алғашқы қызметін Алматы қаласында бастапты. Сондағы сән-салтанаты келіскен мейрамханаларда небір дәмді жасаудың қыр-сырын меңгереді. Міне, осынысымен Ермұрат қазаққа қатысты тағы бір таптаурынды, яғни жігітке асхана ісіне араласу дұрыс емес деген жаңсақ пікірді жоққа шығарды. Ауылына қайта оралған жас жігіт жазғы уақытта балмұздақ, тәтті мақта сатумен де айналысып, сондай-ақ қазіргі уақытта сұранысқа ие мобилограф кәсібіне де әбден төселіп алған.

Ермұраттың ұғынғаны – еңбекке араласатын шамаң келген бойдан-ақ ата-анаға салмақ салмай, өзіңе қажетіңді өзің табуға, өзіңді өзің асырауға тырысуың керек. Бастысы – еңбегің адал болсын. Ол үшін жоғары білім де, сала құлаш диплом да қажет емес. Өзі осы ұстанымға берік жас, көріп отырғанымыздай, қай қызметті де шыр айналдырып алыпты. Өзге замандастары ата-анасының мойнынан әлі түсе қоймаған жаста ол, керісінше, соларға артылғанымен жәрдемдесіп, соның арқасында бұрыннан ресімдеп қойған жер учаскесінде кең баспана бой көтерді. Міне, соңғы кәсіптің бір шеті осы үйдің құрылысынан басталды. Чапаевта соңғы жылдары пайда болған жаңа шағын ауданнан орын бұйырып, осы үйді салғанда, әкесі Ізбасар Дәуітов оған қажет құрылыс материалдарының бәрін қаладан тасып, соның өзі тірлігі қоңыр, табысы ішер-киерден көп артыла бермейтін отбасыға қиынға соққан-тын. Үй үйімен, ауа райы қолайсызда кіріп-шығу мұң болғасын, кең аулаға аяқжол төсеуді жөн көреді. Сәнге айналған өрнектастармен ауласын көркемдеуді қалайды. Бірақ мұндай қымбат дүниені қаладан тасуды қалтаның көтере қоюы қиын. Қайтпек керек? Ойға алғанда қиын көрінетін жұмысты, яғни өрнектас дайындауды осы кезде отағасы Ізбасар қолға алып, оған ұлы Ермұрат та қолғабыс етеді. Шаруаға епті жасөспірім сұранысқа ие бұл кәсіптің түрін екі айтқызбай, үйреніп алған екен.

Ниет болса, қай кәсіпті де меңгеруге болатынын түсінетін, әрі білетін Ермұрат кеспетас жасап, табыс табуға биыл кіріскен. Тапсырыс та алыстан түскен жоқ, жаңа шағын ауданнан үй салған көршілерінің бірі 60 текше метр тас алуға ниет етеді. Жастың ісі өнімді емес пе, лезде дайындап, асыға күтіп отырған азаматтың ауласына төсеп те тастайды. Алыстан арбаламай, тілегені жақыннан табылған көршісі – Ермұраттың жұмысына сәттілік тілегендердің тек алғашқысы ғана.

– Негізінен, жаңаны үйреніп, білуге құмарлық Ермұратқа менен жұққан-ау, – дейді бізбен тілдескен кейіпкердің әкесі Ізбасар сәл күліп, – өрнектасты алғаш хобби ретінде жасап бастадым. Осыдан үш жыл бұрын үйдің ауласына әдемі етіп, сондай таспен әсемдеуді ойластырдық. Сатып алғаннан гөрі, соның өзін қалай жасайтыны қызық болды. Кәсіби түрде оқып, үйренгің келсе, курстар толып тұр. Тек көп қаражат қажет етеді екен. Содан қазір не керектің бәрі ғаламторда бар, өзіме ыңғайлы дәріс іздеп, түгел қопарып шықтым. Өрнектастың құрамын дайындау туралы әр жерде түрлі-түрлі айтылады. Қанша дегенмен, кәсіби шеберлер бар құпиясын қайдан ақтара қойсын, бір білгенін ішінде сақтап қалады ғой. Жалпылама айтқанымен, әр процеске толық тоқтала бермейді. Не керек, тәуекел етіп, қолдан вибростол, тасты дайындайтын қалып жасадым. Алғашқы тастар сапасыз болып шықты. Оған мойыған жоқпын, сан талай әдіспен жасап, тастың құрамын өзгертіп, әйтеуір көңілімнен шыққан алғашқы тас дайындалды. Соны аулама төсей салдым. Осы істің басы-қасында Ермұрат та бірге болып, технологиясын тез меңгеріп алды. Қазір, міне, өзі айналысуда.

Расында да, бұл бір сәті түскен іс болды. Кәсібін енді бастай бастаған жас жігіт биыл облысымызда пилоттық режімде жүзеге асырыла бастаған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 8 миллион 600 мың теңге несиені де иеленді.

– Қай іспен айналыссаң да, кәсіби мамандардан тәжірибе алу керек. Аспаздық жұмысымда астың небір жеңсігін даярлайтын өзім сияқты жас жігіттерден үйренсем, өрнектас жасаудың негізіне әкем баулыды. Десе де, бұл білімнің жеткіліксіз екені түсінікті. Қанша дегенмен ғаламтордан жасап көру бір бөлек, нағыз шебермен тілдесіп, солардан сабақ алу – бөлек әңгіме. Сонымен Тараз қаласындағы «Қасымов» жеке кәсіпкерлігі және шымкенттік «AnsarGroup» компанияларын аралап көріп, тәжірибелерімен таныстық, – дейді Ермұрат.

Жас кәсіпкер Оралдағы «Берік құрылыс» жеке кәсіпорнымен келісімшартқа отырып, түймедақ, ромб, Астана деп аталатын арнайы қалып, вибростол, қоспаларды араластыратын құрылғыны алдыртып қойған. Сондай-ақ осы мекеме өрнектасты жасайтын арнайы құм, цементті қатайтатын қоспа, фибротін және тасты бояйтын түрлі-түсті қоспаны жеткізеді.

Тасты дайындаудың өз бабы бар. Ермұраттың құрылғылары бір дайындағанда 100 шаршы метрге төселетін тас шығаруға қауқарлы. Сосын оны 30 градус ыстықта екі күн кептіреді. Сондықтан жұмыстың да жаз науқанында атқарылатыны түсінікті.

– Тым салқынға қалатын болса, бабымен кеппеген соң, тастың сапасы төмендеп, үгітіліп қалады. Қай істе де шыдам керек. Қоспаны араластырып болғасын, вибростолдың үстіне орналастырылған қалыпқа саласың. Ол қоспадағы бүкіл ауаны шығарып, сондай-ақ қалыптың барлық қуысына жетіп, әр бедерін толтыру керек. Мұнымен жұмыс бітпейді, тас қалыпта кепкесін, оны сындырып алмау үшін басқа вибростолға қойып шешіп аламыз. Осылай дайын болады, – дейді ол.

Айналысқанына аз уақыт болса да, тауарының сұранысқа ие екеніне көз жеткізген Ермұрат әкесімен бірлесіп, үйдің ауласынан көлемі 14х5 болатын арнайы цех салуда. Құрылысы бітіп, іске қосатын да күн алыс емес. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жаңа цехқа жылу қосып, қысқы уақытта да тапсырыс қабылдап, жыл он екі ай жұмысын жүргізе бермек сонда жас кәсіпкер. Сонымен қатар полифасад,  яғни үйдің сыртын қаптайтын материал жасауды да қолға алмақ екен. Бұл, әрине, құптарлық іс. Мұның бәрі – қазіргі уақытта құрылысқа ауадай қажет өндіріс.

– Бұл тек бастамасы ғана, алдағы уақытта  кешен ретінде ісімізді жетілдіріп, тапсырыс берушілерге қолайлы болу үшін тасты әр үйге жеткізіп, сондай-ақ аулаға төсеп беретін қызметкерді жұмысқа алғым келеді. Бұл енді болашақтың еншісінде. Ең бастысы, мақсат бар, ал игі іске ұмтылған жанның көздегеніне жететіні анық. Мұнымен тоқтап қалмай, кәріз дайындайтын арнайы құралдарды жасауды қарастырып жатырмыз. Айтарым – үлкен жол алғашқы қадамнан басталады деген рас екен. Менде де бәрі бір кесек тастан басталды. Міне, бүгін мемлекеттік бағдарламаның көмегімен шағын өндіріске айналды. Ауыл тұрғындарының жағдайы қазір жақсарып келеді, тұрмыс та түзелді, биік әрі әсем үйлер көптеп салынып жатыр. Яғни бізге де жұмыс жеткілікті, – дейді жас та болса, табыстың кілтін ерте тапқан Е.Ізбасарұлы.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале