2.07.2020, 11:29
Оқылды: 67

«Өрт оқиғасы былтырғымен салыстырғанда 44 пайызға төмендеді»

Жаз - халық үшін жайдары кезең. Әсіресе ауылдық жерде жұмыс қызады. Егістік баптағандар, шөп шауып, отын дайындағандар, жеміс-жидек теретіндер, әйтеуір бәрі де табиғат аясына ағылады. Осындайда, барған жерінде от жағып, темекі тартатын адамдардың ұқыпсыздығы салдарынан өрт шығып жатады. Табиғатқа өрттен орасан шығын келеді. Төтенше жағдай қызметі болса, жыл сайын ерте көктемнен бастап өрт қауіпсіздігі, сақтану шаралары жайлы айтып, дабыл қағып жүреді. Біз осы тақырыпта Теректі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі бастығы  Шафхат  Ғинаятовпен сұқбат құрдық.

72DAF438-FA19-4513-ABB8-4704C5B117EE

-Шафхат Қапиетұлы, "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" дейді халық ақылы. Өрт сөндірушілер арасында "өртті сөндіргеннен, алдын алған дұрыс" деп жатады. Сондықтан әңгімемізді аудан аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларынан бастайық.

-Өрт қауіпсіздігін камтамасыз ету шаралары жыл бойы жүреді. Далалық жұмыстар жүргізілетін көктем-күз кезеңінде далада от шығуы жиі болады. Сондай жағдайды болдырмау үшін біз,  аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері, барлық орман шаруашылығы мекемелерінің өрт қауіпті кезеңге дайындықтарын тексереміз. Орман алқаптарының, автомобиль жолдары және теміржолдар бойындағы орман жолақтарының жыртылуы, жаңадан минералданған жолақтар жасау және оларды қалыпта ұстауға бағытталған іс-шаралардың орындалуын мұқият  қараймыз.

Тағы бір халық арасында, аудандық жергілікті атқарушы орган, полиция бөлімі және орман шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесе атқаратын шара – рейдтер. Биыл да ауыл-мекендерді шолып, құрғақ шөптерді рұқсатсыз өртеу бойынша 13 мәрте рейд өткіздік.

174C3DA4-7BFE-45C9-A5CA-183196DA91D2

Өрт қауіпсіздігін сақтау шараларын халыққа жеткізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарын қолданамыз.  4 брифинг өткіздік, аудандық газеттің  әлеуметтік желідегі  парағында 2 рет «тікелей эфир» ұйымдастырдық. Бұдан басқа, БҚО төтенше жағдайлар департаменті сайтына 12 мақала, аудандық газеттің әлеуметтік желі парақтарында 7 мақала, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі сайтында 10 мақала жарияланды.

Осы жасалып жатқан жұмыстар нәтижесі шығар,  өрт оқиғасы былтырғымен салыстырғанда 44 пайызға төмендеді. Бұл жұмыстар тоқталмайды. Әлі де жүргізе береміз.

-Жаздың күні өрт қауіптілігі жоғары дедіңіз жаңа. Биыл дала өрттері болды ма?

- Өрт сөндірушілерде «дала өрті» мен «дала жануы» - екі түрлі жағдай. Яғни көлеміне қарай, өрттің шығу себебі, шығын болуына қарай анықтаймыз. Биыл бізде көлемді, табиғат пен шаруашылықтарға ауқымды шығын тарттырған өрттер болған жоқ. Оған қуанамыз. Сәуір айының басында Подстепный, Федоров ауылдық округі аумағында далалық жану болды. Одан беріде де далада от көзі көріну болып тұрады. Әсіресе далалық жану 6 рет болған  Подстепный ауылдық округінде жағдай күрделі. Күре жол бойында жатқан, халқы тығыз округте от шығу көбінесе жолдағы автокөліктен лақтырылған темекі тұқылдарынан болуда.  Бұл маңда 25,5 га жерді от шарпыды. Жалпы, аудан бойынша 225,5 га. жерде дала жануы болды. Соның ішінде жаңағы айтқан Подстепный, сосын  Ақсоғым, Долин, Федоров, Покатилов округтері жерінде ұшқын сөндіргіші жоқ техника, құрғақ шөп өртеу, от жағу, сөндірілмеген темекі тастау салдарынан оқыс оқиғаларға ұшырадық. Шаған ауылдық округі аумағында орман өрті шықты.

-Ауылдық жерде, әсіресе далада от шыққан кезде жақын маңда өрт сөндіру жасағы болмай қалуы мүмкін ғой. Сондай кезде өртті кім сөндіреді?

-Қазір табиғи өртті анықтау тез.  Облыс аумағында өрт шыққан  жердің координатасын дәл анықтап, тиісті органдарға хабарлайтын космостық мониторинг жүргізіледі. Ол күштер мен құралдарды жедел жұмылдыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» заңына сәйкес далалық өрттерді, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет құрылмаған шалғай елді мекендердегі бақылаудағы аумақтарда өрттерді сөндіру жергілікті атқару органдарына жүктелген.

1BDFD73B-7F9B-401A-9BC8-C93CBDCA702E

Ауданда далалық өрттер мен жануларды сөндіруге қатысатын күштер мен құралдарды жұмылдыру жоспары дайындалып, аудан әкімі бекітті. Округтерде 36 дана техника, 206 адамнан құралған 15 ерікті өртке қарсы құрылым жаңартылып жасақталды. Жыл сайын сол жасақтармен өрт-тактикалық жаттығулар өткіземіз. «Өрт» дабылы шығысымен шұғыл жиналып, өрт сөндіруге дайын болуын пысықтап отырамыз.  Аңқаты ауылында Аңқаты, Сарыөмір, Ақсоғым, Шағатай, Ұзынкөл ауылдық округтерінде  тек өрт сөндіру емес, тұрғындардың арасында түсінік жұмыстарын жүргізе алатын, жеке құрам, техника және өрт-техникалық құралдармен жабдықталған өртке қарсы бекет құру жоспарда бар.

-"От пен су - тілсіз жау".  Шафхат Қапиетұлы, аудан тұрғындарына, әсіресе далада егін басында, шөп шабуда жүрген азаматтарға, шаруашылық жүргізушілерге сақтану жолдарын айтып, ақыл-кенес берсеңіз.

-Ия, «сақтансаң, сақтармын» деген. Ең бастысы – сақтық шаралары: ауа райының желді  және ыстық күндері орман, дала және егін алқаптарында от жақпаңыз. Өте қажет болған жағдайда, отты арнайы белгіленген жерлерде ғана  жағыңыз. Қасыңызда су, от сөндіретін күрек-сайман болсын.

Орман немесе егін алқаптарында жүрген кезде темекі тартпаған жөн. Өйткені жүріп келе жатқан техника терезесінен лақтырылған тұқыл немесе оның шоғы құрғақ шөпке түсіп, өртке айналуы мүмкін.     

Егістікте, шөп шабуда жүрген азаматтарға, шаруашылық жүргізушілерге айтарымыз: ауылшаруашылық техникаларын алғашқы өрт сөндіру құралдарымен (өрт сөндіргіштер, күрек, сапалақ және т.б.), ұшқын өшіргіштермен жабдықтауға ерекше назар аударыңыз.

Өртке жол берген кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Орман немесе далада  өрт бола қалса,  ең басты міндет- өрттің күш алып, таралып кетпеуін қадағалаңыз. Егер сіз өрт көрсеңіз, өз күшіңізбен сөндіре алмайтыңызды білсеңіз, дереу 101 нөміріне, өрт сөндіру бөліміне хабарласыңыз.

-Рахмет, Шафхат Қапиетұлы. Өрттен аман болайық.

Сұқбаттасқан Камелия Қарекесова

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале