24.06.2023, 13:04
Оқылды: 53

Өрт шығып, бір адамды күйік шалды

22 маусым күні Казталов ауданына қарасты Бірік ауылдық округінің, Қыркөл қыстағында, «Багисов» шаруа қожалығынан өрт шықты. Аудандық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, қожалықтағы өткен жылғы 237 тонна шөп өртенген.

IMG-20230623-WA0133

- Өрт 22 маусым күні шамамен 22:55-те бастау алған. Шаруа қожалықтағы шамамен 2500 шаршы метр аумақты алып жатқан 237 тонна шөп өртенген. Өртті сөндіруге аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, №11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, 7 техника, 4 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Өрт сөндіру жұмыстарына Бірік және Тереңкөл ауылдық округтерінің тұрғындары да қатысты. Өрт 23 маусым күні 13:13-те оқшауланып, 15:05-те толық сөндірілді. Оқиға орынында Ақжайық ауданының Жаңабұлақ кентінің 1972 жылғы тұрғыны зардап шекті, - деді Казталов ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ерген Тасқалиев.

Казталов аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ануар Сапаров зардап шеккен азаматтың жағдайы ауыр екенін атап өтті.

- 23 маусым күні сағат 01:43-те, Казталов аудандық ауруханасына Әжібай ауылынан 1972 жылғы азамат келіп түсті. Науқасқа бастың, беттің, жоғарғы тыныс жолдарының, көздің, ауыз қуысының, магистральдың, жоғарғы аяқтың, төменгі аяқтың 3-4-дәрежелі термиялық күйігі диагнозы қойылып, шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Науқастың денесін 85 пайыз күйік шалған, қазіргі таңда жағдайы ауыр, - деді ол.

Өрт неден шыққаны әзірге белгісіз. Қазіргі таңда өрттің шығу себебін анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале