22.05.2025, 15:15
Оқылды: 192

Ортақ іске ұйығанның берекесі артады

Бәйтерек ауданы орталығының іргесінде орналасқан Зеленый ауылында ортақ іске үлес қосу, қайырымдылық, ауылдастарын қолдау бағытындағы игілікті іс аз емес. Жасылық жасауға бейім мұндағы ағайын былтыр да одан жаңылған жоқ.

IMG-20250522-WA0000

Зеленов ауылында өткен есептік жиында округ әкімі Ізғали Дәулетовтің сөзіне қарағанда, Заречная көшесімен көктемгі-күзгі кезеңде көліктің жүруі қиын болатын. Осыны ескерген «В.Н.Сиротин» шаруа қожалығының жетекшісі жолдың ой-шұңқыры көп жерлерін, жалпы ұзындығы 150 метр болатын бөлігін шойтаспен (бут) толтыру жұмыстарын өз есебінен жүргізді. Ал Цыганов тоғанын балық шаруашылығын дамыту үшін алған «Алисер» ЖК былтыр Зеленов пен Егіндібұлақ ауылдық округтарының тұрғындарына 1,5 тонна балықты тегін берген. Ауылдағы ерікті Л.Симбиркина «Киргенев» шаруа қожалығының демеушілігімен жыл ішінде 6 мың бөлкеден астам нанды зейнеткерлерге ақысыз таратты. Одан бөлек көптің көмегімен ауылдың мұсылмандар зиратындағы құрал-жабдықтар қоюға, күн салқын мезгілде қабір қазушылардың жылынып отыруына арналған шағын үй де күрделі жөндеуден өтті. Зираттардың қоршауы жаңартылып, аумақтары тазартылды.

-Биыл ауылдық округта алты жобаны жүзеге асыру көзделуде. Болашақта ауылдағы негізгі көшемен байланысқан көше жолдарын, шамамен 7 шақырым жолды асфальттау жоспарлануда. Соған орай биыл жеке инвестициялар есебінен жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайындауымыз керек. ЖСҚ-ны сондай-ақ жаңа аспалы көпір салуға, әкімдік ғимаратының ішін күрделі жөндеуден өткізуге орай да жасақтау қажет. Ал спорт алаңының осындай құжаттамасы дайын. Оның құрылысы биыл басталады. Одан бөлек жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын көше бойларына шамдар орнатылмақшы. Зеленовтағы түйткілдің бірі – балабақша. Бірнеше мәрте көтеріліп келе жатқан бұл мәселе қолайлы ғимараттың болмауы себепті шешімін таппай келеді. Биыл жеке инвестиция есебінен күні бойы жұмыс істейтін балабақша ашу жоспарымызда бар,- деді Ізғали Сапарғалиұлы.

IMG-20250522-WA0009

Инвестиция демекші, осы кездесу кездінде аудан әкімі Марат Тоқжанов атап өткендей, түрлі деңгейдегі әкімдердің жұмыс көрсеткішінің негізі инвестиция тартумен бағаланады. «Бәйтеректің донор ауданға айналуы бұл - біздің кәсіпкерлеріміздің еңбегі,-деді Марат Лұқпанұлы.-Ауданымызға былтыр 40 млрд теңге инвестиция тарту міндеті қойылды. Біз оны орындадық. Бұл соманың 90 пайызы жеке, қалғаны мемлекеттік инвестиция. Биыл 54 млрд теңге инвестиция тартуымыз керек. Ауданымыздың аумағында еңбек етіп жатқан компаниялардың арқасында осынау межені де еңсереріміз анық. Мәселен, Январцев ауылдық округіндегі «Жайықмұнай» ЖШС, өнім өндіру және жабдықтар сатып алу мақсатында 17 млрд.теңге инвестиция салмақшы. Осындай мақсатта "Орал Ойл энд Газ" ЖШС (Январцев а/о) 3 млрд.теңге бөлуді жоспарлап отыр. «Zhaik Petroleum» ЖШС Белес ауылдық округінде сұйық метанол өндіретін зауыт салуға ниетті. Жобаның жалпы құны 77 млрд теңге болғанымен биыл соның 20 млрд.теңгесін игеру ойда бар. Байконыс ауылдық округінде құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауытын салып жатқан «BR and G Сомраnі» ЖШС  1,5 млрд. теңге қаржы құймақшы».

IMG-20250522-WA0008

Жиын барысында тұрғындар тарапынан шекаралас ауылдарда салынып жатқан үйлерге кімдер қоныстана алатыны, жер телімін беру, көшелерді жарықтандыру жайы, ауылда бұралқы иттің көптігі секілді қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

 

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале