Бәйтерек ауданы Чиров ауылдық округінде жалғасқан есептік кездесуде аудан басшысы әр салада жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы, ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік нысандарды жөндеу бағытында атқарылған жұмыстар жайын баян етті.
Ауданның экономикалық дамуында әр тұрғынның үлесі бар. Өз ісін ашуға, сұранысқа сай мамандық игеруге талпынған азаматтар белсенділігі жоғары.
Ауыл халқы алдында есеп берген Чиров ауылдық округінің әкімі Николай Штык жыл бойы атқарылған жұмыстарды саралады.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай жерлес жауынгерлер туралы тың архивтік деректер жинақталып, ұрпақтарына табысталған.
Чиров және Балабанов ауылдарында көше жарығы жаңартылып, қуат үнемдеуіш жарық шамдар ілінген. Мобильді байланыс жақсарып, 3G интернет іске қосылған.
Ауылға барар 10 шақырым жолдың жиектері кеңейтіліп, тал-теректен тазартылған.
Экологиялық акция аясында тұрғындар өзен арналарын тазалап, тоғандарға балық шабақтарын жіберген. Жағажайлар абаттандырылып, тынығу орындары жабдықталған.
Пандемия кезінде тұрақты табысынан айырылған отбасыларға жергілікті демеушілер азық-түлік, өзге де күнделікті қажетті заттармен көмек жасаған. Ортақ іске жұмыла білген ауыл тұрғындары биыл да ауқымды бастамаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Арал Болпышұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz