22.07.2024, 20:28
Оқылды: 198

«Ортақ комиссия құрылу керек»: ауыл шаруашылығы вице-министрі Казталовқа келді

Бүгін Казталов ауданына Ауыл шаруашылығы министрлігі вице-министрі Бағлан Бекбауов жұмыс сапарымен келіп, Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарының шаруаларымен кездесті.

1017B8D7-F254-4DF8-B326-00F1B10CB2F5

Казталов ауданына қарасты Ақпәтер ауылдық округінде кездесу жиыны ұйымдастырылып, оған Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, Батыс Қазақстан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Қадешов, Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, Казталов ауданының прокуроры Бауыржан Молғалиев, оңтүстік аудандар әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылық бөлімдерінің басшылары, шаруа қожалық жетекшілері қатысып, ортақ мәселелерді талқылады.

Жиынды ашқан Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин өңірімізге арнайы келген вице-министр Бағлан Әбдәшімұлын көпшілікке таныстырса, бүгінде оңтүстік аудандарында қалыптасқан жағдай туралы Казталов ауданының әкімі Асланбек Ахметоллаұлына өз кезегінде баяндады.

– Биыл өңіріміздегі Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарында қиын жағдай қалыптасып отыр. Көктемде ылғал мол болғанымен, ауа райы қолайсыз болып, қуаңшылық болды. Соның салдарынан мал баққан ағайынға алдағы қысқа мал азығын дайындау басты мәселеге айналды. Оның үстіне киіктің шамадан тыс көбеюі де жығылғанның үстіне жұдырық болуда. Үкімет басындағылар біздің өңірдегі жағдайды ескеріп, төрт түлікті бағып, күн көріп жатқан ағайынға қол ұшын созса екен, - деген елдің ортақ тілегін жеткізді Асланбек Ахметоллаұлы.

Жиында шаруалар біраз жылдар бойы қордаланған сауалдарын жолдап, Қазақстан Республикасының Президенті мен Премьер-Министрінің атына жазылған үндеу-хатты вице-министр Бағлан Бекбауовқа табыс етті.

4AEA7E99-8AA3-4501-8361-AF63476A512A

– Құрметті Бағлан мырза! Ақбөкен жайлаған елімізге қош келдіңіз. Халықтың атынан сөз сөйлеу оңай емес. Дегенмен, біздің бүгінгі жағдайымыз қиын болып тұр. Осы оңтүстік аудандардың тұрғындары атынан келесі ұсыныс-тілектерді жолдағым келіп отыр. Бірінші кезекте жыл сайын көбейген киік санын реттеу керек. Реттеу жұмыстарының өзін дұрыс жолға қою, елге киіктің етін, терісін, мүйізін өңдейтін инвестор тарту мәселесі туындап отыр. Сонымен қатар киіктен қорғану үшін біз еккен егістіктерімізді, жайылым, шабындық жерлерімізді қоршауға мәжбүрміз. Осы қоршау жұмыстарына Үкімет тарапынан субсидия төленсе деген талабымыз бар. Біздің оңтүстік өңірлердегі малдың саны облысымыздағы малдың 70 пайызын құрайды. Бірақ, қолдағы малдың етін өткізетін орын жоқ. «Кублей» ЖШС секілді жеке ет комбинаттары еттің бағасын түсіріп отыр. Сол себептен шетелге ет экспорттау үшін Батыс Қазақстан облысына арнайы квота бөлуіңізді сұраймыз. Тағы бір мәселе – киік біздің екінші мұнайымыз. Олай дейтін себебіміз, даладағы киіктің күзгі күйектен кейін біраз аталық текелері қартайып немесе зорығып өледі. Бұл жағдайды Жәнгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары дәлелдеп берді. Өлген текенің мүйізі далада босқа шіріп жатады. Ал сол мүйізді еліміз бойынша жинап, Қытай секілді елдерге экспортқа сатсақ мемлекетіміздің, халықтың қазынасы біраз миллиондарға толығар еді. Осындай аяқ астында жатқан қазынамызды дұрыс пайдаланғанымыз жөн. Биылғы қуаңшылық пен киіктің көбеюіне байланысты оңтүстік аудандардың басым бөлігінде шөп шықпай қалды немесе шыққан шөпті киік отап кетті. Осы мәселені ескере отырып, мал азығын алуға субсидия бөлуге жұмыстануыңызды сұраймыз, - деген елдің аманатын жеткізді жәнібектік кәсіпкер, «Ауыл» партиясының Жәнібек ауданындағы төрағасы Бауыржан Сабанов.

Шаруалардың жанайқайын мұқият тыңдаған вице-министр Бағлан Әбдәшімұлы:

– Ардақты ағайын, бүгін сіздермен кездесіп жатқаныма шынайы қуаныштымын! Елдегі жағдайдан бәріміз де хабардармыз. Барлық жағдайды ескере отырып, мәселелерді шешуге  жұмыстанып жатырмыз. Менде мәселені өз көзіммен көру үшін осында келіп отырмын. Қазіргі уақытта киік жайлаған өңірлерде егістік, жайылым, шабындықтарды қоршауға Үкімет тарапынан субсидия төлеу туралы жуық арада шешім шығып, ереже қабылданады. Қуаңшылық болып жатқан өңірлерге субсидия төлеу туралы Үкіметтің арнайы шешімі бар. Сол шешімге байланысты Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарына көмектесетін боламыз. Сондай-ақ, мал азығын тасымалдауға да көмек қаражат бөлуді қарастырмақпыз. Ал киікті реттеу біздің тікелей құзіретімізге кірмесе де жуырда Экология және табиғи ресурстар министрлігімен сөйлестік. Осы мәселені екі министрлік бірлесе көтеретін боламыз. Болашақта киікті өңдеу мәселесі тұр. Бұл жұмыстарды да дұрыс жолға қоюымыз керек. Ол үшін сіздердің де тарапыңыздан ұсыныстар жолданса дейміз. Жалпы сабырлық сақтап, ортақ мәселелерді арнайы ортақ комиссия құрып, шешуге шақырамын!, - деді.

Жиын барысында шаруалар өздерін мазалаған басқа да сұрақтары бойынша жауаптарын алды.

Нұр Рахман

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале