Тыныс-тірлігіміздегі нөмірі бірінші мәселе, әрине, ауыл-елдегі тұрмыстың түлеуі. Ортақ мүддеміз бен мақсатымыз болып табылатын осы жолда ауданымызда бірқатар істер қанат алды. Бұл да ауыл-елді айрықша қуантады. Аудан әкімі Мұрат Сердалин және ауылдық округ әкімдерінің тұрғындармен өткен кездесулер барысында сөз алғандар осыған ерекше назар аударды. Мұрат Амангелдіұлы барлық ауылдық округтерде жұртшылықпен жүздесіп, талап-тілектеріне құлақ түріп қайтты. Соңғы кездесу Чапаев ауылдық округінің тұрғындарымен болды.
Дәстүрге айналған жиында аудан басшысы іргелі тірлікке қол жеткізуді Мемлекет басшысының тапсырмаларымен сабақтастыра, дәл де анық мысалдармен әңгімеледі. Айталық, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларды тұрғын үймен қамтуда оң нәтижелі жұмыстар атқарылды. 8 ауылда медициналық нысандар бой көтерді. Тоған ауылына биыл тіршілік нәрі жетіп, соның нәтижесінде аудан елді мекендеріне ауыз сумен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі. Кезең-кезеңімен ауылдардың кірме жолдары жөнделуде. Жыл көлемінде атқарылған өзге де қам-қарекеттерді дерек-дәйектермен түйіндеген аудан әкімі М.А.Сердалин осының бәрі ауылдастармен ашық сұхбаттың нәтижесінде, тұрғындардың өтініштерімен жүзеге асқан жұмыс екенін басым алға тартты.
Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зейноллиннің баяндамасынан да жиналғандар ауылды абаттандыру, ауыл шаруашылығын жандандыру, кәсіпкерліктің өріс алуы, тұрғын үймен қамту, т.б. салада жүйелі істің қолға алынғанына қанықты. «Ауыл аманаты» жобасымен өз істерін жолға қоюға ұмтылған 10 тұрғынға 79 млн. 800 мың теңге несиенің берілуі кәсіпкерлікке «қан жүгірткені» сөзсіз. Былтырдың өзінде кәсіп иелері өз қаражаттарына жеке балабақша, мейрамхана, автокөлік жөндеу станциясы, қоғамдық монша, дүкен ашты.
Бұл кездесуде басым сөз болған мәселенің бірі – ауылдың көріктендірілуі, санитарлық тазалығы. Былтыр қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жеке басқаруға беріліп, жөндеу жұмыстары басталды. «Таза Қазақстан» акциясына жерлестер белсенді үлес қосып, ауыл көшелері, өзен жағасы қоқыстан тазартылды. Чапаевта көше жолдарын жайландыру жөнінде үлкен жоспарлар бар. Айталық, биыл Жұбан, Атамекен, Еңбек, Өркен, Ақжол, Тәуелсіздік, Республика, Астана көшелеріндегі жолды күнделі жөндеуден өткізу көзделген. Одан өзге 22 көше жолын асфальттауға жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Алдағы жылдары Жайық ауылының 3 көшесінде осындай игілікті іс атқарылуы үшін ЖСҚ жасақталды.
Кездесуде сөз алған ауыл тұрғындарының өтініштерінен ортақ мекеннің жай-күйі тек басшылықты ғана емес, бұқараны да толғандыратынын анық байқатты. Мысалы, зейнеткер Аманжол Ахметов Жұбан көшесінің жолын жөндеп беруді сұраса, Зоя Ғұмарова мал бағымын реттеу қажеттігіне назар аударды. Ал еңбек ардагері Мұрат Боқаев ауыл тазалығына қатысты сын-ескертпесін ортаға салды.
Ә.Серікқызы,
Ақжайық ауданы