Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейіне балалармен мектептен тыс жұмыс орталығының бір топ оқушысы келді.
Алдын ала келісім бойынша орталықтың педагогтары Айнұр Мергенбаева мен Алма Бижанова шеберлік сағатын өткізуге келген болатын.
Ұстаздар кіріспе бөлімде оюдың түрлерін, олардың қандай түрге бөлінетінін, ерекшеліктерін айтып, жаңа сабаққа көшті.
Ұлтымыздың аса қасиетті де, көрнекті құндылықтарының бірі саналатын тұмар болса, соның бірін өздері жасап шықпақшы. Жұмыс қызу жүріп жатты. Қыздардың біреулері жіп есіп, екіншілері ою ойып, басқалары қию, желімдеу жұмысын жүргізіп, топтық қозғалыс жүзеге асуда.
Өз ісінің шеберлері екі ұстаз балалардың жұмысын бақылап, ақыл-кеңес беріп, бағыттап отырды. Көзге қарапайым болғанмен, күрделі жұмыс аяқтала да келді. Тұмардың соңғы нгүктесі де қойылды. Жылтырақ көздері жарқыраған үш бұрыштармен өріліп, жиегі есілген жіппен әдіптелген тұмар көздің жауын алады.
Шеберлік сағаты нәтижесіне жетті. Оқушылар іскерліктерін ұштаумен қатар халқымыздың қолөнерінің үлгісімен сусындады. Қол икемділігі артып, өнер тарихымен танысты. Білімдері толысып, біліктілігі көбейді.
Адақ Танабайұлы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz