Ауданымыз жылдан-жылға өркендеп, дамып келеді. Оның ішінде аудан орталығының қарыштап дамуы ауданның да, ауылдың да келбетін айшықтай түсері анық. Аудан орталығы Казталов ауылдық округінде көптеген игі жоба жүзеге асты. Округ орталығының бірқатар көшесіне асфальт төселіп, абаттандырылды. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында С.Садықов көшесіне жүргізілген абаттандыру жұмысын атап өтуге болады.
Әлқиссаны әріден бастасақ, осыдан біраз уақыт бұрын Казталов ауылы орталық көшесінің жағдайы көрер көзге түрпідей тиетін. Әсіресе жаңбырлы, қарлы маусымдарда адам аяқ алып жүргісіз күйге енетін. Жаяу жүргінші амалдап, көлік жолының жиегін жағалап, діттеген жерін бетке алатын. Онымызды түсінетін көлік жүргізушісі қане?! Бар жылдамдықпен жаныңыздан өткенде үстіңіздегі киім былғанып қалушы еді. Бұдан бөлек, орталық көшедегі көлік қозғалысы мен көлік тұрақтары да ыңғайсыздық туғызатын. Енді мұның барлығы көрген түске айналғандай…
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Казталов ауылдық округі әкімі аппаратының тапсырысымен С.Садықов көшесі абаттандырылып, жаңартылды. Жұмысты мердігер «Компания Индустрия Строй» ЖШС жүргізді. Атқарылған жұмыс көңілге қонымды. Жаяу жүргінші жолы мен жарықшамдар бір-бірімен үйлесімде орналасқан. Бір сөзбен айтар болсақ, аудан орталығы үшін маңызы бар көше ажарланды. Тек жол белгілерін елемеген, қағидаға бағынбаған жүргізушілердің әрекеті көңілге қаяу түсіріп отыр. Ауылдық округ әкімі Ернар Ғалымов әкім болып сайланған соң округ орталығы тұрғындарымен әр көшеде кездесу өткізіп, ұсыныстарын тыңдап, бұл мәселеге қатысты түсіндіру жұмысын жүргізген болатын. Дегенмен ауылдың ажарлануы кейбір жандарды тіпті алаңдатпайтын секілді. Себебі автотұрақ салынғанымен, жол жиегіне қалдырылған көлік көп, кептеліс те бар. Оның үстіне бірнеше кәсіпкерлік нысаны аумағына көліктер жаяу жүргінші жолын басып кірген. Дәлел мен дәйекті тізіп, ауылдық округ әкімі Ернар Бақтиярұлымен кездестік. Сұхбат барысында ол аталған көшеге қатысты жолды кеңейту жоспарда бар екенін атап өтті.
– С.Садықов көшесін абаттандыру жұмысы сәтті жүргізілді. Тұрғындар шағымданып жүрген жаяу жүргінші жолына қатысты олқылық та қалпына келтірілді. Оған алып-қосатын бір жайт, төсемтас пішінінің әртүрлі екенін ескергеніміз жөн. Ал көліктерді жол жиегіне қою мен жаяу жүргінші жолын кесіп өтуіне қатысты мәліметті құқық қорғау органдары бере жатар. Біз аудандық полиция бөліміне ауызша да, жазбаша да хабарластық. Өз тарапымыздан да кәсіпкерлермен, тұрғындармен түсіндіру жұмысын жүргізудеміз. Кәсіпкерлер тауар тасымалдауы үшін нысандардың артқы бөлігіне арнайы қара жамылғы төселген автотұрақ та жасап бердік. Кәсіпкерлердің тауарды қосалқы есік арқылы кіргізуіне мүмкіндігі бар. Көлік тізгіндеген жандар үшін жолдың екі жағына да автотұрақ салынды. Көлік кептелісін туғызбау мақсатында құқық қорғау органдары өкілдері де түсіндіру жұмысын жүргізді. Жол жиегіне көлік қоймау туралы арнайы жол белгісі орнатылды, – деді округ әкімі. Сонымен қатар ауыл әкімі өз сөзінде кәсіпкерлерді кәсіпкерлік нысандары аумағын абаттандыруға өз қаражаты есебінен үлес қосуға шақырды.
Жол қозғалысына кедергі келтірген, яғни көлік кептелісін туғызған жүргізушілерге қатысты қанша хаттама толтырылғаны жөнінде жол полициясының мамандары жауап бермеді. Дегенмен аудандық полиция қызметінің ауызша дерегінше, түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр екен. Олар жол белгілері талапқа сай орнатылмағанын алға тартып отыр. Тек түсіндіру жұмысы аздық ететіндей. Тиісті шара қолдану қажет болып тұр. Керек десеңіз, автотұраққа кіріп-шығатын жол белгісіне көлік жүргізушілері назар аударып жатқан да жоқ. Жол жиегіне тоқтауға тыйым салғаны туралы белгі де қойылған. Осындай олқылықтарды көріп, ойымызда еріксіз сұрақ туады. Бұл жерде көлік жүргізушілерінің сауатсыздығы ма, әлде жауапсыздығы ма? Мәселені тікелей реттеуге аудандағы жол полициясының инспекторлары ғана қауқарлы. Жол ережесін бұзған көлік иелеріне айыппұл салуға да толық негіз бар. Мұнымен қоса, ауыл тұрғындары жаяу жүргінші жолын мақсатты пайдаға асыра алмай отырғаны да байқалады. Көшеде жаяу жүргіншілердің көбі автокөлік жолымен жүруді дағдыға айналдырған. Көлікпен келе жатсаңыз, еріксіз жол беруге тура келеді. Ал сонда Үкімет жаяу жүргінші жолын кімге арнап салды екен?!Жүргіншілердің көшеде жүру тәртібі реттелсе дейміз.
Қаузай берсек, бір ғана жолдың айналасынан біраз мәселе туындайтындай. Тағы да бір айтпағымыз – жолдың тазалығы. Кешегі балшықтарда қатқыл табанды жолды айтпағанда, жаяу жүргінші жолының да жағдайы қиын болды. Әсірелеп жазды демеңіз, «алты батпан» балшықтың астынан асфальтты таба алмай қалдық. Көшелерімізге қара жамылғы төселіп, жаяу жүргінші жолдары жасалған кезде «Енді аяғымыздағы резеңке етікті тастап, туфлимен жүреміз!» деп қуанған болатынбыз. Әттең, күз басталғалы қуанышымыз су сепкендей басылды. Көлік қозғалысы көп көшелерде туфли түгілі, ботимен жүре алмайтын жағдайға жеттік.
Иә, балшықты ешкім даладан әкеліп жатпағаны белгілі. Аудан орталығына келетін көліктермен бірге ілесіп келіп түсіп жатыр. Әсіресе, ауыр техникалардың балшық тасудағы үлесі басым. Бәрімізге белгілі, ауылымызда мектеп, тұрғын үй құрылысы, күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Осы құрылыс нысандарына материал тасыған «КамАЗ» секілді көліктер орталық көшелермен «алшаң басып» өтуде. Негізінен ауылды айналатын сыртқы жолымыз да бар. Бірақ оларға «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағасын, білгенін істеп әлек. Осындай олқылықтың салдарынан көше тазалығы нашарлап, жолдың бүлініп жатқаны белгілі. Осы мәселені де ауылдың атқамінер азаматтары жол полициясымен бірлесіп реттесе, жақсы болар еді. Тағы да бір ұсыныс – ауданға көше сыпырып, жуатын арнайы техника қажет. Оған да қол жеткізер күн алыс болмас?!
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz