Тасқала аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің берген мәліметіне сүйенетін болсақ, дүйсенбі күні кешкісін сағат 22.35-те Ақжайық ауданының аумағынан Қазақстан ауылдық округіне қарасты Волжанка қыстағының аумағында дала өрті тұтанғаны жөнінде хабар тіркелген.
Қысқа мерзімде аудандық штабтың нұсқамасы бойынша азаматтық қорғау құрылымдары жұмылдырылып, тілсіз жаудың алдын алып, оның салдарын жоюға кіріседі. Тілсіз жауды ауыздықтауға аудандық өрт сөндіру бөлімінің алты қызметкері мен бір техника, төтеншеліктерден екі адам мен бір техника, сондай-ақ әр ауылдық округтен құрылған ерікті өрт сөндіру жасақтары тартылды.
Дәлірек айтсақ, Қазақстан ауылдық округінен 30 адам мен 3 техника («К-700» соқасымен, бір «Niva» автокөлігі, бір «МТЗ-82» тракторы су тіркемесімен, Амангелді ауылдық округінен 5 ерікті мен бір «УАЗ» автокөлігі су тіркемесімен шықса, Қосшы ауылдық округінен 50 ерікті, бес техникасымен көмек қолдарын созды.
Бұл күні Тасқала аудандық коммуналдық шаруашылығының қызметкерлері мен Тасқала аудандық жергілікті атқарушы ұйымының қызметкерлері де қалыс қалмады.
Қазіргі уақытта Қосшы және Қазақстан ауылдық округтері аумағында дала өрті сөндіріліп жатыр. Орал қаласынан екі өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды.
Дала өрті орын алған аумақтарда жедел басқару жұмысын облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов және аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы Айтмағамбетов, аудан әкімінің орынбасарлары жүргізіп жатыр.
Өртке оранған алқаптардың нақты көлемі әлі анықталған жоқ. Дегенмен дала өрті 10 мың гектар алқапты жайлады деген болжам бар.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz