11.04.2024, 16:31
Оқылды: 56

Осал жерлерге бөгет салынады

Теректі ауданында су тасқынына қарсы шаралар таңғы ала көбеңнен басталып, ымыртта, көз байланған кезде ғана тоқтайды. Оның өзінде де түн ортасына дейін аудан әкімі Әлия Мұханбетжановадан бастап, төтенше жағдай штабы мүшелері, еріктілерге дейін ертеңгі жасалатын жұмыс ауқымын жоспарлайды. Ауданда төтенше жағдай жарияланған екі апта ішінде атқарушы органдар жұдырықтай жұмылып қызмет жасауға үйреніп алған.

су идет +

«Ресей жақтан үлкен су келеді» деген хабар Жайық бойындағы ауылдардың мазасын алып тұр. Қазір су қозғалысы жайлы шұғыл хабарлар сағат сайын түсіп, жағдай өзгеріп жатыр. Сондықтан, елді мекендерге су кіруі ықтимал жерлерді геодезистер көмегімен анықтап алған аудан әкімі әр сағатты бос жібермей, тиімді пайдалануда.

Күні кеше қызыл судан зардап тартқан Подстепное ауылы шетіндегі ойпаң жер бұрыннан Жайық көтерілгенде су жиналатын табиғи тоған болатын. Бертін келе үйлер сол ойпаңға жете салынды. Ойпаң суға толып, үйлерді басу қауіпі бар. Сондықтан, сол жерді айналдыра бөгет салынып жатыр. Сол жерге арнайы келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов бөгетті қарап, пайдалы кеңестер берді. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, инженер-гидротехник маман Алдияр Сансызбайұлының кеңес-нұсқаулары дөп, қысқа да нұсқа. Подстепное ауылына іргелес қонған Тоқпай, Әйтиев ауылдарының тасқын суға дайындығын да бағамдаған ол әлсіз жерлерді бекіту жолдарын айтты.

су идет ++

Әйтиев ауылында жұмыс тобын Ақсуат ауылдық округінің әкімі Жаннұр Ахметов қарсы алды. Ауыл шетіндегі сай жағасын көтеру жайын кеңескен оларға «Қаз Ком Сервис» ЖШС өкілдері қосылды. Әйтиев ауылындағы суға қарсы тұру шаралары осы кәсіпорын көмегімен атқарылады. Шаған ауылдық округінің әкімі Ербол Исеев бүгінде Социализм, Жаңа Өмір ауылдары тұсында Барбастау өзені жағасын бекіту үшін күш-көлікті жұмылдырып жатыр.

Теректінің тасқынға қарсы тұруына көмек берушілер қарасы мол. Подстепное ауылына облыстық төтенше жағдайлар қызметінен жиырма шақты қызметкер келіп, ауыл ішіндегі жылғаларды қаппен бекітуге қатысты. Ол үшін төтеншеліктер қызыл судың алдыңғы легінде Шапағат, Қазыбек би көшелеріне салынған құм-топырақты қаптарды тиеп, осал жерлерге тасиды.

су идет

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалы мамандары көрші Ресей мемлекетіндегі Ирикла су қоймасы есебінен келетін тасқынның шарықтау шегі облыста 15-17 сәуірге келеді деген болжам беріп отыр. Соған орай, Подстепное ауылында 100 адам қабылай алатын эвакуациялық пункт дайын тұр. Жайық жағалай отырған ауылдар дайындық үстінде.

Камелия Өтеу, 
Теректі ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале