«Жыл дегенің жылғадан аққан су» дегендей жиырмасыншы ғасырдың басында ресми атауын алып, содан бергі мерзімде уақыттың самалын да жамалын да қайғы-қасіретін де өзегінен өткізген, ата тарих төрінен лайықты орын алған, бір кездері Қамыс-Самар қисымы деп даңқты перзенттерімен дүниені дүбірлеткен, бұл күндері Жаңақала өңірі деп дүйім елге танымал болған ауданымыздың өз алдына дербес шаңырақ көтеріп, қайта құрылғанына 50 жыл толып отыр.
Солақай саясаттың салдарынан 1962 жылы жабылып, шаруашылықтары екі ауданға бөліп берілген тарихы бай, шежіресі мол өлкеміз, арада он жыл өткеннен кейін Қазақ КСР-сы Жоғарғы Кеңесінің 1972 жылғы 10 наурыздағы жарлығымен өз алдына аудан болып құрылып, әділеттілік салтанат құрды.
Осы кезең, арадан өткен жарты ғасыр мерзім ішінде талай асулардан асқан, талай тағдырлар тоғысқан аудан өз кезегінде бірнеше дүркін одақтық, республикалық, облыстық жарыс жеңімпазы атанып, республиканың «Алтын кітабынан» орын алды.
Ел тағдыры – ер тағдырымен сабақтасқан уақытта осы өңірден небір көреген басшылар да өңірді маңдай тер, табан ақыларымен түлеткен қарапайым еңбек адамдары да шықты.
Біз бүгін ауданның жарты ғасырлық ғұмырын қамтуға арнап ашқан жаңа айдарымызды көрнекті қоғам қайраткері, қайта құрылған ауданның алғашқы бірінші хатшысы Сатқали Сапаровқа арналған Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі Закария Сисенғалидың мақаласымен ашқалы отырмыз. Осы мақала арқылы оқырмандарымыз сол кездегі уақыт тынысымен, ауданның іргетасын қалаған тұлғалармен таныса алады деген ойдамыз.
«Жаңарған өңір» редакциясы
Қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Жақау Дәуренбековтің «Халқы сүйген тұлға естелік болып мақталады, ескерткіш болып сақталады» деген сөзі бар. Біз бүгін өзі қызмет істеген өңірлерде өшпейтін іс қалдырып, халықтың аузымен әрдайым естелік болып мақталған, жұртының жүрегінде ескерткіш болып сақталған тұлға, белгілі қоғам қайраткері, ауданымыздың 1972-1976 жылдардағы бірінші хатшысы Сатқали Сапарұлы туралы ойымызды ортаға салмақшымыз.
«Ұлт элитасының өмірі халқының қамын күйттеумен өтеді, әсіре элитаның өмірі халқының барын үптеумен өтеді» - дегендей қамшының сабындай қысқа ғұмырында қай өңірде қызмет атқармасын ақыл-ой кемеңгерлігі, шешендік сөз зергерлігі, қажымас күш іскерлігімен халқының қамын ойлап, елім деп еміренген, жерім деп тебіренген абзал азамат туралы айтар сөз де толғар ой да әрине, жетерлік. Әрине, кешесіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең де болмақ емес десек, осы Қамыс-Самар өңірін, жерұйығы Жаңақала жерін басқарған дуалы сөздері, пәтуәлі істерімен тарихқа өз қолтаңбаларын қалдырып кеткен қайраткерлерімізді еске алмасақ аға ұрпақ алдында да, аруақ алдында да кінәлі болар едік.
Тарих қойнауына енсек, сонау он тоғызыншы ғасыр мен жиырмасыншы ғасырдың басында Қамыс-Самар қисымына Шығай сұлтанның баласы Көшекқали, кейін немересі Шарафаддин басшылық жасапты. Тәңірі жарылқағыр Мұратбек қажының қажырлы еңбегінің нәтижесінде білгеніміз сол кездегі империалистік ағымның ағынымен бірнеше тілді меңгерсе де, әсіресе орыс тілімен орыстардың өзін таң қалдырған тұлға Көшекқали Шығайұлы бір орында байыздап қызмет атқара алмай, әр істің басын бір шалып жүріп, жасына жетпей өмірден озған екен.
Дерек үшін айтып кетейін, Көшекқали Шығайұлы орыс, француз, араб, парсы, түрік тілдерінде еркін сөйлеп, жаза білген мемлекеттік жұмыстарға араласқан. Ал осы Көшекқалидың мүрдесі ауданымыздың «Жаңажол» ауылдық округіне қарасты «Шәріп» қыстағының маңында. Құлпы тасын тауып, анықтамасын оқыған Мұратбек қажы Жахатов. Тарихқа Шоқанмен бірге шыққан императорлық орыс географиялық қоғамының мүшесі болған екінші қазақ Мұхамед Салық Бабажановтың да Қамыс-Самар қисымының тізгінін ұстағанын мұрағаттық құжаттардан біліп жүрміз. Орыс патшасының жандармдарының қастандығының салдарынан 39 жасында көз жұмғанда ел-жұрты «Салық өлді дегенше, Алып өлді десейші, Алып өлді дегенше, Халық өлді десейші» деп егіліп жылапты деседі. Мұндай құранды сөз кез келген адамға, соның ішінде Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісті басуға жанын салып атсалысқан Қарауылқожаның ұлына айтылмаса керек. Көсемдігі мен шешендігі қатар айтылатын Бақтыгерей Құлмановтың да Қамыс-Самар қисымына басшылық жасаған кездері болған. Сонау Кеңестік жүйенің шаруашылықтарды ұжымдастыру кезеңінде ауданды басқарған, есімдері қашан да қатар аталатын Мағауия Өтегенов пен Есет Тоқсановтың бірі аудандық партия комитетіне, екінші аудандық Кеңес атқару комитетіне басшылық жасаған кездерін көз көрген адамдар күні кешеге шейін әңгімелеп келді. Астрахань облысының Қарабайлы өңірінде дүниеге келіп, соғыс жылдарында ауданымызды басқарған Мұзафар Дайыров, соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіруде аянбай еңбек еткен Жұманияз Ілиясовтардың еңбектерін жаңақалалықтар жыр қылып айтып, Мәжит Жаданов, Талап Сәрсенғалиев сынды ағаларымыз олардың еңбектерін басылымдарда жариялап, кейінгі ұрпаққа өнеге етті.
Әрине «Жалғыз ат жүйрік емес» дегендей осы аудан басқарған азаматтар халықты ортақ іске жұмылдырып, халықпен бірге қызмет атқарды. Уақыттың ең бір сындарлы кезеңдерінде құрсақтары орта, киімдері тапшы, көңілдері жабырқаулы жандармен жұмыс жасап, олардың болашаққа деген үміттерін оятты, сенімдерін шыңдады, сөйтіп мемлекет тапсырған жоспарлы істерді жүзеге асырды. Соның нәтижесінде қан-қасап майдан жылдарында аудан Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын Жеңіп алса, 1948 жылы аудан ауыл шаруашылығын өркендетудегі ерен еңбегі үшін Бүкілодақтық социалистік жарыс жеңімпазы атанып, Одақтық органдардың ауыспалы Қызыл Туына ие болды. Ондаған аудан еңбеккерлері сол кездегі Отанның ең жоғарғы атағы Социалистік Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызына ие болды. Жүздеген адамдар Отанның ең жоғары ордендерімен марапатталды.
Өздеріңізге белгілі біздің ауданымыз жартылай шөлейтті өңірде орналасқан. Қайсыбір кезеңдерден бастап ананың қос анарындай Қараөзен мен Сарыөзен осы өлкенің өзегін талдырмай, тандырын кептірмей, бірде жарылқатып, бірде жабырқатып, тіршілік тінін үзбей жалғастырып келеді. Қазір де солай. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы, алпысыншы жылдарының басында Сарыөзеннен келетін судың тапшылығына байланысты Қамыс-Самар өңірінің көлдері сарқылып, кемерінен асатын айдындар мүлде кеуіп кетті. Күн көрісі тек мал шаруашылығына қарап отырған, там-тұмдап егіс салатын аймақ үшін бұл апатты жағдайымен байланысты еді. Жасыратын несі бар бұған аудан басқарып отырған азаматтардың да оралымсыздықтарының салдары болмай қалған жоқ. Ауданның сол кездегі бірінші басшысы Мырзақмет Тәжмұқанов басқарған бір топ атқамінерлер қалыптасқан жағдайды баяндап жоғарыға хат жазуға мәжбүр болды.
Тоқ етері ауданның болашағы жоқ деген желеумен жоғарғы органдар ауданды таратып, шаруашылықтарын Казталовка және Фурманов аудандарына қосты. Түгін тартса майы шығатын құнарлы өңірді суландыру жолдарын іздестірмей, асығыс қабылдаған шешімнің салдары халық он жыл бойы өгей баланың күйін кешті. «Бақ білінбей келіп қонады, қуаныш күлімдей келіп қонады» дегендей, елдің бақытына, халықтың қуанышына арада он жыл өткенде Қаз КСР-сы Жоғарғы Кеңесі алқасының 1972 жылғы 10 наурызындағы жарлығымен аудан қайта құрылып әділеттілік салтанаты құрды. Көз көргендердің айтуынша Жарлық шыққан күні халықтың қуанышында шек болмаған. Ауыл тұрғындары бір-бірінен сүйінші сұрап, сол түні көз ілмеген жандар да болған. 1972 жылы 28 наурызда ХХІХ аудандық партия конференциясы оздырылды.
Конференцияда сөйлеушілер ауданның қайта құрылуына ерекше қуаныштарын білдірді. Әсіресе Ғайса Томанов, Есенғали Лепесов сынды коммунистер сол кездегі ауданның таратылуы солақай саясаттың болғанын батыл сынға алып, киелі өлкеде ауданның қайта шаңырақ көтеруі халықтың бірлігін нығайтып, жұртшылыққа рух беретінін, батырлар мен ақындардың, қайталанбас өнер алыптарының алтын ұясының өзіндік шежіресі тарих бетіне алтын әріппен жазылатынын атап көрсетті. Конференция аудандық партия комитетінің мүшелерін, мүшелікке кандидаттарын, тексеру комиссиясы мүшелерін сайлады. Конференция жұмысына Орал облыстық партия комитетінің хатшысы Сатыбалды Тотанов қатысып, сөз сөйледі.
Зымыраған уақыт-ай десеңші содан бері де 50 жыл уақыт өтіпті. Сол кезде аудандық партия комитетіне мүшелікке сайланған 45 адамның ішінен, шүкір қазір арамызда Қайыржанов Құмарғали, Қойшығалиев Сидеғали, Нұрмұқанов Есқақ, Сапарғазиев Теміржан ағаларымыз бен Шектібаева Қырмызы апамыз, тексеру комиссиясынан Исқақова Іңкәр апамыз аман сау жүр. 1972 жылы 28 наурызда, дәл осы күні Қазақстан Компартиясы Жаңақала аудандық комитетінің Компартиясы Жаңақала аудандық комитетінің бірінші Пленумы өтті. Пленумға аудандық партия комитетінің пленум мүшелері, мүшелікке кандидаттар және тексеру комиссиясының мүшелері тегістей қатысты. Пленумның жұмысына Орал облыстық партия комитетінің хатшысы С.Тотанов, еңбекшілер депутаттары Орал облыстық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары Загорулько, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы І.Сапаров, «Орал Өңірі» газетінің тілшісі Ж.Нұртасов қатысқан екен.
Пленумда облыстық партия комитетінің хатшысы С.Тотанов облыстық партия комитетінің ұсынысын баяндады. Сол арқылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Сатқали Сапаров, екінші хатшылығына Оразай Ғабдушев, үшінші хатшылығына Ерболат Насыров сайланды. Аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөліміне Мұқамбет Иралин, насихат және үгіт бөліміне Нәсіпқали Мақанов, жалпы бөлімге меңгеруші болып Қадыр Мұқамбетов бекітілді. Сатқали Сапарұлы менің сырласым, мұңдасым болған адам емес. Ол кісіні сырттай бірер мәрте көргенім болмаса, алдына барып, қызметтес болған да адамым емес. Бірақ өмірден озғанына жарты ғасыр өтсе де жаңақалалықтардың, онымен қызметтес болған адамдардың Сатқали Сапарұлына деген құрметі, сыйластығы тіпті сағынышы, естелік етіп мақтауы, әрқайсысының жүректеріне ескерткіш етіп сақтауы, кейінгі толқын біздерге де ой салып, халықшыл, мемлекетшіл тұлғаны үлгі етуге үйретті. Оны айтасыз халықтың Сатқали Сапарұлы жөніндегі ынта-ықыласын, қалтқысыз көңілін, ыстық лебізін, мерейлі мейірімін, көл-көсір пікірін тыңдағанда кейде өзіңді сол адамды ұзақ жылдардан білетіндей, бірге қызметтес болғандай сезінетінің де рас. Тіпті ол кісінің суретіне қарап отырып-ақ бейнесінен даланың даналығын, ұлтымыздың ұлылығын, халқымыздың инабатын, жанарының нұрынан жан шуағының шапағатын көргендей боламыз. Мен жоғарыда ауданның іс басында болған адамдарын тектен-тек тізбектеп айтқаным жоқ. Осы ауданға баратыны белгілі болғаннан кейін Сатқали Сапарұлы сөз жоқ ауданның арғы-бергі тарихымен, оны басқарған адамдардың дерегімен танысты. Сұңғыла саясаткердің олай істемеуі мүмкін емес. Сосын да тұлпар елдің тізгінін ұстау оңай емес екенін сезініп, 44 жастағы жігіт ағасы алдыңғы толқын ағаларынан бір мысқал кем болмауға бар күш-жігерін, білім-тәжірибесін жұмсады.
Тәжірибе дегеннен шығады Сатқали Сапарұлы ауданымызға келгенше Казталовка, Жаңақала, Бөрлі аудандарында қаржы саласында, аудандық Кеңес атқару комитетінде лауазымды қызметтерде болған. Алматы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін, 1961 жылдан Зеленов аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы, өзі дүниеге келген Тасқала аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. Облысымыздағы көп ұлтты іргелі аудандарды басқарған, саяси қызметте әбден ысылған қызметкердің жаңадан шаңырақ көтерген ауданға жіберілуінде осындай табиғи заңдылық бар еді. Сатқали Сапарұлы бар болғаны төрт-ақ жылғы қызметтік кезеңінде қыруар істердің бастамашысы болғанын жаңақалалықтар жақсы біледі. Ең алдымен Сатқали Сапарұлы ауданның ұзақ жылдарға арналған даму жоспарын жасауға басшылық еткен. Қайбір жылы марқұм Төлеген Тастайұлы ауданның бас жоспарына өзгеріс енгізгенде «Біз Әдекең екеуміз Сатқали Сапарұлы жасаған ауданның бас жоспарымен отыз жылдың үстінде жұмыс жасадық» - деп айтқаны бар. Сол арқылы да Сатқали Сапарұлының кемеңгерлігін алысты болжай білетін даналығын білуге болады. Аудандағы құрылыс жұмыстарының қалай жүргізілгенін, ауылға газ, су құбырларын тарту үшін Сатқали Сапарұлының тапсырмасымен Алматы, Мәскеу қалаларында сол кездегі Одақтық жоспарлау комитетінің төрағасы Байбақовтың қабылдауында болғанын соғыс және еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі, марқұм Мәжит Ғұмарұлы айтып беруші еді. Сол кездегі аудан орталығының келбеті біздің де көз алдымызда. Ауылдың теріскей бетінде вагон қалашықтар, әр жерде бой көтеріп келе жатырған екі қатарлы үйлер, көптеген мекеме, сауда ғимараттары, тұрғын үйлер...
Шын мәнінде романтикаға толы біздің арманшыл қиялымызға бейне БАМ құрылысын елестететіндей еді. «Жақсымен дос болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен дос болсаң қаларсың ұятқа» - дейді халық даналығы. Сатқали Сапарұлының сол кездегі автомобиль жолдары министрі болған Леонид Борисович Гончаровпен арадағы достығы ауданда құрылыс, жол салу жұмыстарының қарқын алуына едәуір ықпалын тигізді. Ал Леонид Борисовичтің біздің өңірімізден депутаттыққа түсуіне Сатқали Сапарұлының беделі де қызмет жасаған болатын. Ал бұл арада қулық та, мансап та жоқ екі қайраткердің де ортақ мақсаты, ортақ мүддесі – ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы еді.
Сатқали Сапарұлының қызметтес болған адамдарының әңгімелерінен, замандастарының естеліктерінен оның көпшіл, қандай ма істі болмасын көпшілікпен, әріптестерімен, сол кездегі қоғамдық құрылым – аудандық партия комитетінің бюро мүшелерімен кеңесе отырып шешетінін аңғарамыз. Дара шешім қабылдау, дара басшылық ол адамға жат әдет болғанын байқаймыз. Кісілік пен кішіліктің төресі болды, - дейді көз көргендер. Үлкендердің ортасында кішілігі, кішілердің ортасында үлкендігі білінбейтін, - дейді олар. Сатқали Сапарұлы бірге қызметтес болып шаруашылық тізгінін ұстаған Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаев, Қазақ КСР-сы Мемлекеттік сыйлығының иегері Бисембі Ғұбашев, Қазақ КСР-сы ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер Ғаббас Өтеғұлов, Нәсіпқали Бекесов, Ғайса Томанов, Қайрат Апақаев, партия-шаруашылық қызметкерлері Оразай Ғабдушев, Ерболат Насыров, Мұқамбет Иралин, Файзолла Қошқарбаев, Нұртаза Әтенов, Нәсіпқали Мақанов, Әбілқайыр Хамзин, Әнуар Тәкеев, Кенжеғали Тәутенов, Мәжен Сатыбаев, Хайрош Ғабдуллин, Сидеғали Қойшығалиев, шаруашылық мамандары Сәлімғали Асанғалиев, Ғабдығали Текебаев, Қабдол Басиров, Исатай Мәжитов, Сатыбалды Жұмашев, Аманғали Тәжібаев т.б. ондаған адамдар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениетінің өркендеуіне орасан зор үлес қосты. Сатқали Сапарұлы қарапайым еңбек адамдарының іс-қимылына да ерекше көңіл бөліп отырған басшы.
Сол қысқа ғана қызметтік жылдарында Құмарғали Қайыржанов, Есқақ Нұрмұқанов, Орынбай Қайыров, Есмырза Мұқамбетқалиев, Теміржан Сапарғазиев, Кеңес Төреғалиев, Нәсіп Алдоңғаров сынды малшы-шопандардың ерен еңбектері әрдайым елеп-ескеріп, оларды мемлекеттік марапаттарға ұсынып, сайланбалы органдарға өтуін қолдап отырған. Айталық «Бірлік» кеңшарының аға малшысы Құмарғали Қайыржанов ерен еңбегі үшін сол кездегі Отанның ең жоғары наградасы Ленин орденімен марапатталған. Аудандық партия комитетінің ұсынысымен Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, кейін партия, кәсіподақ, шаруашылық саласында лауазымды қызметтер атқарды. «Жаңаталап» кеңшарының аға малшысы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Есқақ Нұрмұқанов Сатқали Сапарұлының ұсынысымен шаруашылықтың бөлімше басқарушысы болып тағайындалып, осы қызметті он тоғыз жыл атқарды. Сол кездегі аға шопандар Сейілханов Закар Ленин, Айтқалиев Биғали, Төреғалиев Кеңес, Қайыров Орынбай «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Мұндай мысалдар келтіре берсек жетерлік.
Сонымен бірге Сатқали Сапарұлы аудандық партия комитетінің Пленумдарында, аудандық Кеңестің сессияларында, партия активі жиналыстарында жақсы қызмет жасаған мамандарды көтермелеп, жасаған баяндамасында, сөйлеген сөзінде ұдайы дәйектеме ретінде келтіріп отырған. Мысалы Сатқали Сапарұлы бір баяндамасында «Берілген қоғамдық тапсырмаларға жоғары жауапкершілікпен қарап, еңбекшілер арасында партия саясатын терең насихаттауда өздерінің күші мен білімін толық жұмсап, жақсы жұмыс жасап жүрген мамандар аз емес» - деп мысал ретінде Пятимар, Красногор, Жаңақала шаруашылықтарының бас экономистері Тастемиров, Қ.Рысқалиев, Қ.Зинуллиндердің оң істерін атап өткен. Сол кездегі мұрағат құжаттарына зер салсақ ауданның бірінші басшысының жергілікті партия ұйымдарының жұмысына ұдайы көңіл бөліп отырғанын көреміз.
Айталық, аудандық партия комитетінің 1973 жылы 5 қыркүйекте өткен кезекті пленумының күн тәртібіне «Мемлекеттік жоспар мен міндеттемені орындауда ауыл шаруашылығы мамандарының жауапкершілігі мен ұйымдастырушылық рөлін көтерудегі аудан партия ұйымдарының міндеттері» деген мәселе қойылып, баяндаманы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сатқали Сапарұлының өзі жасаған. Баяндамашы партия алға қойған тапсырмаларды саралай келіп, «Мәстексай» кеңшарының бас зоотехнигі Қайырлы Баесовтің шаруашылық жүргізудегі жаңашыл тәсілдерін, осы шаруашылықтың бас инженері Қабер Мусағалиевтің еңбекқорлығын, «Бірлік» асыл тұқымды мал зауытының бас зоотехнигі Исатай Мәжитовтің өз жұмысына сын көзімен қарайтын әрі ізденгіш қасиеттерін нақты деректермен атап көрсеткен. Сол кезде өзі де 50-ге толмаған Сатқали Сапарұлы ауданда жас кадрлердің резервін қалыптастыруға зор көңіл бөлді. Сол кезде аудандық комсомол комитетіне Алма Жалмұқанова, Жамбыл Ғабдушев, Халила Ақжанова, Төлеген Мерғалиев, Жанғали Борашев, Алтай Апақаев, Сара Мұқанғалиева сынды өрімдей жастар тартылды. Аудандық партия, атқару комитетіне, басқа да салаларға Валентина Мұқашева, Амангелді Меңдібаев, Есберген Әжібаев сынды жалынды жастарды тартты. Кейін осы аталған адамдардың бәрі ауданның әр саласында жауапты қызметтер атқарды. Аудан басшысы сол кезде ауданның ауыл шаруашылығы, кәсіподақ ұйымдары, жергілікті атқару, комсомол органдары салаларында да Ғабдірашид Карменов, Меңдібек Зейнеуов, Мыңжас Әдиетов, Тыныштық Өтешқалиев, Қамысбай Төлеуғалиев, Сатыбай Әлмұқанов, Жұмағали Темірғалиев сынды көптеген жастардың болашағына жол ашты.
Өйткені ол уақытта кадрлердің бәрі де аудандық партия комитетінің сүзгісінен өтетін еді. Сатқали Сапарұлы ауданның білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік салаларының дамуына да орасан зор көңіл бөлді. Бұл саладағы кадрлер де ауданның бірінші басшысының тікелей бақылауында болды. Кейін өмірдің өзі дәлелдегендей сол кездегі жас кадрлердің бәрі де әр салада басшылық қызметтер атқарды. Төлеген Тастайұлы, Ғабдірашит Қарменов, Есберген Әжібаев сынды азаматтар аудан басқарды. Мұның өзін кемеңгерлік, көрегендік демегенде не дерсің. Сатқали Сапарұлының басқару саласындағы бір қасиеті кадрлер құрамын үнемі жаңартып, жаңғыртып отырған.
Мұрағат құжаттарына зейін қойсақ әрбір ұйымдастыру пленумы кезінде пленум, бюро құрамдары жаңа есімдермен толықтырылып, жас кадрлер көптеп тартылып отырған. Жоғары органдарға делегат, депутат сайлауда, жергілікті жерлерде кадр тағайындауда да осылай болған. Баршамызға белгілі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Семей облысы, Шұбартау ауданының «Қой өсіру – жастар еншісі» деген ұранмен қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларын құру жөніндегі бастама елімізде кеңінен қанат жайған болатын. Қой өсіру Қазақстанда екінші тыңға айналып, қой санын 50 миллионға жеткізу міндеті қойылды. Сол кезде жасаған бір баяндамасында Сатқали Сапарұлы «Пятимар» асыл тұқымды қой заводында өткен жылы құрылған «Достық» атты қой өсіруші комсомол-жастар бригадасы да жақсы көрсеткіштерге ие болды. Бригада жүн қырқу жоспарын артығымен орындап, өздерінің бағымындағы екі мың тоқтыны жыл бойы шығынсыз аман сақтады. Мұндай мысалдарды басқа да қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларынан көруге болады. Партия комсомол ұйымдары және шаруашылықтардың басшылары қой өсіретін комлексті комсомол-жастар бригадаларының жұмысына күнбе-күн көңіл бөліп, олардың алаңсыз және жемісті еңбек етуі үшін не қажетті бәрі істелуі тиіс. Аудандық комсомол ұйымдары үстіміздегі жылы да әрбір шаруашылықта осындай қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларын құрудың мүмкіндіктерін қазірден бастап ойластырғаны жөн» деп атап көрсеткен екен.
Айтса айтқандай, партия тапсырмасымен сол жылдары ауданымызда тек қой өсіруші ғана емес, ірі қара бордақылайтын, мал азығын дайындайтын жастар бригадалары жаңбырдан кейінгі жауқазындай қаулап өсіп шықты. «Жаңақала» қой кеңшарында «Қыран», «Мәстексай» кеңшарында «Сұңқар», «Қарлығаш», «Дауылпаз», «Айдархан» кеңшарында «Арай», «Жаңаталап» кеңшарында «Шұғыла», «Балауса», «Пятимар» кеңшарында «Екпін» қой өсруші комсомол-жастар бригадалары құрылды. Ал «Красногор» зауыты мен «Мәстексай» кеңшарында қыз-келіншектерден «Сәуле», «Алау» трактор бригадалары жасақталды. Аудан басшысы атап өткендей жастар бригадаларына барлық жағдай жасалды. Оларға арналып арнайы жатақханалар салынып, сол кездегі заманауи жиһаздармен жабдықталды. Арнайы демалыс бөлмелері, оқу залдары болды. Оларға апта сайын кинолар көрсетіліп, газет-журнал дегендер уақтылы жеткізіліп тұрды. Ең ғажабы бригадаларда еңбек еткен жастар өздері қалаған мамандықтары бойынша жоғары, арнаулы оқу орындарына конкурссыз қабылданып, кейін білікті де білімді маман болып шықты. Партия бригадалардың жұмыстарына көңіл бөліп қана қоймай, олардың еңбектерін лайықты бағалады да.
Айталық «Сәуле» тракторшы-қыздар бригадасы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ие болып, оның тәлімгер-ұстазы Күнзира Темірғазиева Ленин, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталып, бригадирі Дәмелі Өтешқалиева одақтық Кәсіподақтар съезіне делегат болды. Аудандағы комсомол-жастар бригадаларының тәлімгерлері Сатым Бердалиев, Орынбай Қайыров, Теміржан Сапарғазиев, Есмырза Мұқамбетқалиев, Кенжеғали Есжанов, Әли Қанатовтар Отанның ең жоғарғы наградаларына ие болды. Бір сөзбен айтқанда Сатқали Сапарұлы тұлпарды тұяғынан, қыранды қанатынан, болар баланы бесігінен танитын сұңғыла жан болды. Жоғарыда айтқанымдай, Сатқали Сапарұлының кадрлері кейін ел тұтқасын ұстаған тұлғаларға, жергілікті жерлердің білікті басшыларына айналды. Сатқали Сапарұлы 1976 жылы 30 қарашасында Жаңақала аудандық партия комитетінің IV пленумын өткізіпті. Бұл ауданның бірінші басшысы, ардақты азаматтың өткізген соңғы пленумы болды.
«Елу жылда ел жаңа» - дейді дана халқымыз. Міне, арада жарты ғасыр өткенде жерұйығы Жаңақала мүлде жаңа сипатқа ие болды. Сол кездегі кішкене ғана, бастауын жаңа алған ауыл өсіп-өркендеп, үлкен шаһарға айналып келеді. Ол кезде аудан орталығында бір ғана орта мектеп болса қазір екі жалпы білім беретін орта мектеп, мектеп-гимназия, арнайы мамандық беретін колледж жұмыс істейді. Денсаулық, мәдениет, білім, спорт, құрылыс саласында да осыны айтуға болады. Ауданның барлық ауылдық округтеріне көгілдір отын жеткізіліп, мұндай игі істер елді мекендерде жалғасын тапты. Таза су жөнінде де осыны айтуға болады. Ауданның барлық ауылында Ақ бұлақ бағдарламасы іске асты. Ал 2 млрд-тан астам қаржы бөлініп, сонау «Құлшықтан» тартылған су құбырын біздің өңір үшін ғасыр құрылысы деп атауға болады. Барлық ауылдық округтерде әлеуметтік нышандар түгелдей халыққа қызмет көрсетуде. Жол мәселесі де шешіліп келеді. Ауыл шаруашылығы құрылымы осыдан жарты ғасыр мерзімнен бұрынғы жағдаймен салыстырғанда түбегейлі өзгерді. Ана бір нарықтық экономиканың өтпелі кезінде халық тіршілік тінін қолындағы малымен безбендесе, қазір мал саны барлық түлік бойынша сол Одақтық кезеңге жетті. Айырмасы мал мемлекеттікі емес жеке иеліктердікі. Дерек үшін сол кезде жеке иеліктерде әр ауылда 2-3 қана Отандық автокөліктер болса қазір әрбір отбасынан кем дегенде екі шетелдік автокөліктерді көруге болады. Міне, халықтың тұрмыс деңгейін осыдан да аңғарамыз. Осының бәрі осыдан жарты ғасыр бұрын Сатқали Сапарұлы армандаған істер еді.
Сатқали Сапарұлынан кейін аудан тізгінін ұстаған азаматтар халықпен қоян-қолтық жұмыс атқара отырып, басталған істерді одан әрі жалғастырып, уақыт талабына орай одан әрі өркендетті. Ауданның атын Республиканың Алтын кітабына жазып, Одаққа мәшһұр етті. Қайта құрылғанына жарты ғасырға жуық мерзім өтсе де ауданның шаңырағы шайқалған жоқ, сол Сатқали Сапарұлынан басталған дәстүр күні бүгінге шейін лайықты жалғасын тауып келеді, таба да бермек. Сатқали Сапарұлы үлкен әулет басшысы болды. Ұрпақтары әкелері дүниеден өткен соң да күн көрісі жақсы, тұрмысы орайлы жақтарға үдере көшпей, осы ауылда әрқайысы өздеріне бұйырған несібесімен әке рухын асқақтатып, ана есімін аялап келеді. Сатқали Сапарұлы сол қыстың қысқа күніндей қайырылуға келмеген ғұмырында «Құрмет белгісі», екі «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Әрине, Сатқали Сапарұлы еліне бергенінен берері көп азамат еді. Амал не өмірден жас кетті. Әйтсе де артына бір көш ұрпақтарын, өшпейтін істерін, дүние тұрғанша тұратын есімін қалдырды.
Сатқали Сапарұлының еңбектері жөнінде әр кез қаламгер азаматтар Нәсіпқали Мақанов, Мәжит Жаданов, Талап Сәрсенғалиевтер ақтарыла айтты, тебірене жазды. Сатқали Сапаровтың есімінде Жаңақала, Тасқала ауылдарында көше бар. Жыл сайын ұрпақтары Сатқали Сапаровтың жүлдесі үшін шағын футболдан турнир өткізіп келеді. Есімі облыстың, Жаңақала ауданының энциклопедиясына енді. Бұл белгілі қоғам қайраткерінің екінші өмірі, мәңгілік ғұмырының жалғасуы емес пе?
Сатқали Сапарұлының әріптес досы, белгілі қоғам қайраткері, ақын Рахметолла Егізбаев: Ел-жұртың ардақтаған барлық тайпаң, Сен осы білуші ме ең?... Сәкеңді айтам. Көтерген үш ауданның шаңырағын, Адамның асылы еді-ау, жаны жайсаң. Сәкеңді көріп пе едің? Қандай еді? Жаралған нұр-сәуледен жандай еді. Жарқын жүз, жайма шуақ, жаз дидарлы, Жігіттің өзім білген маңдайы еді,– деп жырлаған еді. Осы жолдарды оқыған сайын есімі ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің аса көрнекті мемлекет қайраткері Мәжікен Бутинге арнаған қыран жыры түседі. Осыдан артық не айтарсың.
Закария Сисенғали,
Қазақстан Жазушылар және Қазақстан журналистер одағының мүшесі