Бәйтерек ауданы Асан ауылында қазақ тіл білімінің, әдебиеттану ғылымының атасы, реформатор, қоғам қайраткері, ақын Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Өшпес сәуле» атты аудандық жас ақындар байқауы өтті.
Алаш ардақтысының ұлт болашағы үшін сіңірген еңбегін ұлықтау, оның шығармашылығы мен еңбегін жастарға терең насихаттау мақсатында ұйымдастырылған мүшәйраға 15-25 жас аралығындағы ақындар қатысты.
Байқау шарттары бойынша І кезеңде қатысушылар А.Байтұрсынұлының шығармашылығына арналған "Алаштың ардағы"тақырыбына бейнеролик дайындауы керек болса, ІІ кезеңде А.Байтұрсынұлының "40 мысал" кітабынан бір мысалды мәнерлеп оқыды. Ал "Жүрегімнен жыр арнаймын" атты ІІІ кезеңде қатысушылар А.Байтұрсынұлына бір өлең арнады.
Жас ақындарға қолдау ұлттық поэзия ізін жалғар жерлес ақындарымыздың шығармашылығын халыққа таныстыру үшін ұйымдастырылған шараға Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің "Жұлдыз" комьюнити орталығының меңгерушісі, айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұл, Асан ауылы аналар қоғамының жетекшісі, зейнеткер ұстаз Клара Асанова және аудандық мәдени-демалыс орталығының әдістемелік бөлім меңгерушісі Амангүл Намазова сынды елге танымал азаматтар қазылық етті.
-Ахмет бабамыздың қалдырған ізі мәңгілік. Оның қазақ тіл біліміне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ел үшін еміреніп, ұлты үшін отқа түсуге дайын болған жанды жастарымыз білуі керек. Сол себепті де ұлы тұлғамыздың 150 жылдығына осындай шара ұйымдастырдық. Елім деп еміренер Ахмет Байтұрсынұлындай азаматтар көп болғай,- деді мүшәйраның ашылуында сөз алған аудандық мәдени-демалыс орталығының әдістемелік бөлім меңгерушісі Амангүл Намазова.
Ауданның Мичурин, Достық, Новенький, Асан, Макаров, Жалын, Озерный, Рубежин ауылдарынан келген жас ақындар бақ сынаған мүшәйра қызықты өтті. Барлық қатысушылар тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. Десе де қазылар алқасы мен қалың бұқараны тәнті еткен Асан ауылынан келген Ақтолқын Ғалиева бірінші орын иеленсе, Макаров ауылынан келген Юлия Рязанова екінші, мичуриндік Назгүл Саматова мен Новенький ауылының намысын қорғаған Альмира Кереева үшінші орынға лайық деп танылды.
Барлық қатысушылар дипломдармен, алғысхаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Арал Болпышұлы,
Бәйтерек ауданы
сурет Stan.kz сайтынан алынды