14.02.2022, 11:00
Оқылды: 55

Өсу тоқтамауы үшін көшу тоқтауы керек

Даласында дән жайқалған бір округ болса, ол – Талдыбұлақ. Сырым ауданы Талдыбұлақ ауылдық округі бойынша былтыр далалық жұмыстарға 10 шаруашылық қатысып, 1725 гектар жерге дәнді дақыл, 700 гектарға майлы дақыл және 598 гектарға мал азықтық дақылдар себілген.

IMG-20220214-WA0035

– Орташа өнімділік 7-10 ц/га құрады. Округте мал басын арттыру, тұқымдық түрлендіру жұмыстары кең етек жайды. Ауылда 2 ауылшаруашылық кооперативі бар. Малды бақтық екен, азығын да өзіміз дайындауымыз керек. Болашақта екпешөп алқаптарының көлемін ұлғайтуға тиіспіз, – деді округ әкімі Даниял Танзенов өзінің есептік баяндамасында.

Есептік жиынға қатысып, аңғарғанымыз, округте жеке кәсіппен айналысуға ынталылар да көбейген. Нақты іске көшкендері де жоқ емес. Мәселен, Талдыбұлақ ауылы бойынша 1 тұрғын мемлекет берген қайтарымсыз несиеге 1 сиыр мен қаздың 50 балапанын сатып алған. Ал Қазақстан ауылында тұратын келесі тұрғын грант арқылы жүн түтетін аппарат алып, ауыл үшін сұраныстағы қызметті бастауда.

Ауылда өсу тоқтамауы үшін көшу тоқтау керек. Жағымды жаңалық сол, былтыр Талдыбұлақ ауылына көпбалалы 2 жанұя көшіп келді, 2 шаңырақтың тұрбасынан түтін шықты. Сәйкесінше, мектепте бала саны толықты. Ауыл әкімі ауылдастарына осындай игі істің арасын үзбеуді сұрады.

IMG-20220214-WA0034

Талдыбұлақтағы мектеп оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де зәру. Бұл мәселе бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде химия, алғашқы әскери дайындық пәндері бойынша жас мамандар келді.

Былтырғы есеп беру кездесуінде көтерілген Талдыбұлақ ауылындағы балалар ойын алаңын абаттандыру, жаңарту, автобус аялдамасын тұрғызу, бөгетті қалпына келтіру, Қазақстан бастауыш мектебінің маңына электр бағаналарын орнатып, жарықшам қою, транформаторды қоршау сияқты мәселелер шешімін тапқан.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев пен кейбір сала басшылары қатысқан округ орталығындағы жиналыста ұстаздар қауымы аудандық емхананың қызмет көрсету сапасына қатысты бірқатар ұсыныстар айтты. Әсіресе ауырғандығы, ем қабылдағандығы жөнінде құжат жасату үшін науқас адамның Жымпиты мен ауылдың ортасында көп уақыт жоғалтатынын айтып, осы қызметті оңтайландыруды сұрады. Педагогтардың назы мен емделуші тұрғындардың жекелеген сауалдарына ауданның бас дәрігері Роза Тахамбетова жауап берді.

-Түсіндіру жұмыстары нәтижесіз болса – ол біздің кемшілік. Сондықтан әр басшыға өз саласы туралы халыққа ашық, қолжетімді болуды, ақпарат, кеңес беру жұмыстарын жүйелі атқаруды тапсырамын. Жиындардың барысынан байқаймын, халыққа еңбекпен қамту, мемлекеттік бағдарламалардың игілігі, мал дәрігерлер шаралар туралы кең ақпараттандыру жұмысы керек-ақ, – деді кездесуді қорытындылаған Төлеген Төреғалиев.

Кейін тұрғындар сауалдарына жауап берді.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале