24.04.2023, 17:45
Оқылды: 23

Осы біз Рахманды білеміз бе?

Газетіміздің өткен сандарының бірінде жерлесіміз Айша Өтенованың музейге әкелген материалдары негізінде Рахман Бертілеуов туралы хабарлама-мақала берген болатынбыз. Енді жастық шағынан бастап барлық өмірін Алатау бөктеріндегі Алматы қаласында өткізген талантты суретші, танымал тұлға Рахман Айбекұлының шығармашылығын қал-қадірімізше  оқырманға жеткізуді жөн көрдік.

інісімен

Рахман - өзіміздің елдің тумасы. Баяғыша айтсақ Лубен совхозының Отрадный ауылында туып-өскен, сондағы сегіз жылдық мектепті бітірген. Қарабиік пен Құмсоқаттың қырларына тамсанып, Аймансай мен Үшсайдың, Қарабұлақтың гүлін теріп, жидегі мен бүлдіргенінің дәмін татқан жігіт. Бұнын сыртында өлкетанушы, мектеп директоры Қиас Жұбаншалиевтің тәрбиесін көрген, Шыңғырлаудың мөлдір суына дос-сыныптастары - Сағынтай, Бақытжандармен шомылып өскенін де айту керек-ау.

Лубен мектебін бітіргеннен кейін армандай болған Алматыға екі чемодан суреттерін арқалап жеткізудің өзі бір тарих. Біз өмірбаянына өткен жолы тоқталғандықтан, енді шығармашылығына көшейік.

Әдетте өзің көріп-білген, санаңнан өшпейтін, жүрегіңе жақын дүниелер туралы жазу, айту шынайы да, анық болары сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда Рахман шығармалары әр алуандылығымен ерекшеленеді. Училище бітіргендегі диплом жұмысын «Балалар мен көгершіндер» деп таңдауының өзі де тегін емес. Оның нәзік жүрегінің қалауы - күнәдан пәк балалар мен бейбітшіліктің символы көгершіндер арасындағы тамырластықты, екеуінің де  тыныштыққа тілеулес екенін дәлдеу еді.

ат арба

Табиғат тылсымынан сыр тартуға құмар суретші Рахман Айбекұлының шығармашылық еңбектерінің дені пейзажға құрылған. Оның туындыларынан асқақтаған асқар тауларды, тау шатқалынан долдана аққан арынды өзендерді, бетегелі белдер мен көгілдір көлдерді көре аласыз.

Сыңсыған орман жынысында тау шыңын бетке алып бара жатқан ақ қайындар, қайсар жігіттей бойын тік ұстаған қарағайлар тіршілік үшін күрестің бейнесіндей елес береді. Шыңдағы шұғыла бір күндік Әулиенің түріне ғашық адамның көптен іздеген арманын еске түсіреді. «Ымыртта», «Тау шатқалы», «Қайынды тоғай» тағы басқа шығармалары соған куә.

Табиғаттың бір сәттік көрінісінде қаншалық өмірдің қуанышы мен  мұңы, көңіл қуанышы мен сезімнің шаттығы жатқанын ақ қағазға айшықтай білудің қаншалықты түрде екенін басынан өткізген  адам ғана түсінері хақ.

Көңіліңді ашар кеңістік пен көңіліңе мұң сыйлар көріністердің қатарласа  көрініс табуы  өмірдің өзі-ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, өтірік пен шындықтың күресуінен  негіз алатынын көрсетпей ие? Суретші болу - қиынның қиыны. Инемен құдық қазғандай, керек десеңіз, бітпейтін азапты жұмыс, жүрек сынағы, өмір үшін шайқас.

Суретші өз шығармасын жазып тұрып күн мен түннің, сәуле мен көлеңкенің, өмір мен өлімнің қас-қағымда алмасып жатқанын терең сезіну керек. Сезініп қана қоймай, солардың арасындағы байланыс пен үйлесімді тауып, жүрек елегінен өткізіп ақ қағаз бен ала кенепке түсіре білуі керек. Осындай ауыр жүкті Рахман Айбекұлы абыроймен атқара алған.

түйе

Жерлесіміздің тағы бір қалам тартқан жанрларының бірі - тарих. Тарихтың қыр-сырына үңіле отырып, ұлттық салт-сананы ояту, өткеніміз бен бүгініміздің арасындағы заңды байланысты көркем суреттеп жазуда да Рахманның еңбегі өлшеусіз. Осы мақсатты  жүзеге асыру жолында дүниеге әкелген туындылары қатарында «Көш», «Боталар», «Қожа Ахмет кесенесі», «Жекпе-жек», «Қыз қуу» тағы басқасын атауға болады. Аталған дүниелердің қай-қайсысы да кезкелген көрмелердің шырайын ашып, салмағын арттырарын байқау әсте қиын емес.

Әдемі композициялық шешімдермен идея арасындағы шынайы келісім, ойының ашықтығы сезімнің тереңдігі - осының бәрі Рахман шығармаларынан үнемі көрініс табады. Оның өмір ұстанымының өзі де осы. Сонысымен де Райымбек Бертілеуов шығармаларының өзгелерден шоқтығы биік, бәсі басым, мағынасы терең. Қай шығармасынан да өзіндік қолтаңба, нәзік нақыш шынайы шеберлік сезіліп тұруы Рахман стиліне  тән құбылыс.

үй

Біз Рахман шығармаларынан өз ауылының да іздерін көруге тырысып, осы тұрғыда  оның «Әкемнің портреті», «Шыңғырлау өзені» атты екі картинасына көз салдық. Бірінші суретте еңбек адамы қарапайым  ауыл тұрғыны  бейнеленген. Алайда, оның жүзінен мейіріммен шуақ іздерін, өмір ауыртпалығын тартып, шыныққан, шыңдалған жанның бейнесі сезіліп-ақ тұр. Шашындағы ақ түстер мен әжім іздері де өмір тәжірибесі мен еңбек жемісінің ізін аңғартады. Қарапайымдылығы жүзіне нұр болып төгілген ардақты ата, қадірлі әкенің кескіні соншалықты шынайы, әрі дәл берілген. Ал екінші «Шыңғырлау өзені» полотносы 1983 жылы жазылған екен. Елден алыста жүрген жанның сағынышынан туған шығарма автордың үздік туындыларының бірінен саналады. Көрермен назарына алдымен өзеннің  кең арнасына түссе, бірте-бірте өзен толқынын қуалаған жанарыңыз тым алысқа, өзеннің басталған тұсына қарай ұзап кетеді. Ол жақта оның ауылы, ел жұрты бар. Дөңнің басына шығып алып қылқалам шебері өз Отаны туралы әсерлі де әдемі әңгіме айтып, ән салып отырғандай. Кең атырапты көк таспадай тіліп жатқан өзен көздің жауын алады. Тіпте әрі де Шыбынды биігі, Шыңғырлау өзенінің  жағасындағы ауыл шетіндегі алып бәйтерек те елес бергендей. Оралмайтын балалық шақ та алыстан қол бұлғағандай. Рахман шығармаларының  күш-құдіреті де осында секілді. Өткен өмір шындығы да солай-ау.

                                                                                                             Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале