Облысымызда жүзеге асып жатқан «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы ауылдағы кадр тапшылығын жоюға және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға септігін тигізіп жатыр. 2024–2026 жылдарға арналған бұл жоба қазіргі уақытта өңіріміздегі 96 елді мекенде, оның ішінде 34 шекаралық ауылда іске асуда.

2024 жылдың қорытындысы бойынша ауылдарға 104 отбасы (519 адам) көшіп барған. 119 адам жұмысқа орналасса, 3 адам жеке кәсібін ашқан. 104 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді (84-і тұрақты, 20-сы уақытша).
Бұл туралы Бәйтерек ауданында өткен БҚО стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева кездесу кезінде айтылды. Жиынға жауапты бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Басқарма басшысы жауапты сала өкілдеріне ауылдарға мамандар тарту мен оларды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыру қажет екенін айтты. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстардың барлық ауданда баяу жүріп жатқанын сынға алып, 2025 жылға белгіленген межеге жету үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін ескертті.
Сондай-ақ ауылдық жерлердегі кадрлық әлеуетті дамытуда "Дипломмен ауылға" бағдарламасының жалғасуы – маңызды қадам. Алайда жастар тарапынанда жауаптылық артуы керек. Өйткені қаражатты алып, жоба шартын бұзып, ауылдан қалаға қоныс аудару фактілері анықталған. 2025 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойыша келісім шартты бұзған 819 жас маманның 160-сы бәйтеректік.
– Облысымызда ауыл-аймақты дамыту саясаты Мемлекет басшысының тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында іске асырылуда. «Ауыл-аймақты дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында өңірде жүргізілген сараптама нәтижесінде 223 елді мекен перспективті ауылдар қатарына енді. Оның ішінде 78-і – тіректі, 110-ы – спутниктік және 35-і – шекара маңындағы ауылдар, – деді аталмыш басқарма басшысының орынбасары Армат Байғазиев.
Жиында аудан аумағында электрмен жабдықтау, ауыз су, жол инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандар құрылысын жоспарын өңірлік стандарттар жүйесі (ӨСЖ) көрсеткіштеріне сәйкестендіру, ауыл экономикасын дамыту бағытындағы өзекті мәселелер де кеңінен қарастырылды.
Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасының оң тәжірибесін Белес ауылдық округінде енгізу үлгісі айтылып, бұл тәжірибені өзге округтерге де тарату жолдары қаралды. Сонымен қатар, Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, округ әкімдеріне инфрақұрылымдық жоспарларды ӨСЖ-ге енгізу тәртібі де кеңінен түсіндірілді.

– Жаңа талаптарға сәйкес, енді құрылыс жұмыстарына бөлінетін бюджет қаражаты ӨСЖ көрсеткіштері негізінде жоспарланады. Қазіргі таңда бірқатар кемшіліктер анықталуда. Сондықтан келесі үш жылдық бюджетке енгізілетін жобаларды ӨСЖ жүйесіне бүгіннен бастап сауатты енгізу аса маңызды. Ауыл әкімдері өз елді мекенінің даму жоспарын әзірлейді. Кейін ол ауданға жолданып, соңынан онымен біз жұмыстанамыз. Құрылыс нысандарын қаржыландыруда ӨСЖ-ге енгізілген нақты әрі дәл ақпарат басты негіз болады. Егер бұл деректер дұрыс толтырылмаса, аудан қаржыдан қағылады, – деген Бибігүл Тишанқызы Салық кодексіндегі соңғы өзгерістерге сәйкес, бұдан былай мақсатты трансферттер тек ерекше жағдайларда бөлінетінін, ӨСЖ бюджетті жоспарлауды басты тетігі әрі оны сауатты толтыру ауыл дамуына қажетті инфрақұрылымның өрістеуі екенін айтты. Сонымен қоса, ауыл әлеуетін арттыруға инвестор тарту мәселесі де күн тәртібінен түспейтіні және болашақта кәсіпкер азаматтар бас қосып қор құру ісі серпін алса деген ұсынысын жеткізді.
Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы