8.03.2022, 22:15
Оқылды: 18

«Отан»-нан «AMANAT»-қа дейін

Мира Мұхамбедиеваның есімі сырымдықтарға жақсы таныс. Күні кеше ғана «Nur Otan» партиясының атауы «Аманат» болып өзгерді, бірақ Мираның жұмысы өзгерген жоқ.

МИРА МҰХАМБЕДИЕВА

Олай дейтініміз, тура 19 жыл бұрын «Отан» партиясына жұмысқа қабылданған Мира Тілекбайқызы бүгінде сол партиямен біте қайнасып кеткен.

​- Жуырда ғана партия атауы өзгергенін білеміз. Жаңа Қазақстандағы партияның жаңа атауынан да күтеріміз көп. Аманат сақталған жағдайда қоғамда адамдар арасындағы бауырмалдық, сенім мен мейірім күшейеді, ел ішінде ырыс-береке ұялайды деп сенеміз.​ Кішкентай кезімде «Кімнен үлгі аласың?» деген шығарма жазған кезде, ұдайы әкемді үлгі тұтып қана қоятынмын. Есейе келе көзқарас, пікір қалыптасып, ой өзгереді екен. Бүгінде өзім қоян-қолтық жұмыс жасап келе жатқан басшыларым М.Қадыров, Ж.Өтегенов, Ғ.Рамазанов, Е.Исанов, Т.Дарғожиев секілді ел ағаларын, азаматтық болмыстарын, іскерлігін өзіме үлгі етемін. Меніңше, шын көшбасшы ең әуелі өзін-өзі сыйлай білуі керек, өзін сыйласа өзгелерді де сыйлай алады. Өзінің пікір айту қабілеті болуы және сол пікірін тыңдаушыға жеткізе алуы керек. Әрбір әрекеті шыншыл, сөзі мен ісіне жауапты болуы керек. Осы қасиеттерді Талғат Мұратұлынан үйреніп келе жатырмын, - дейді кейіпкеріміз.

​Мираның іскерлігінен бөлек, бесаспаптығы, қолөнерлігі бар екенін айтпасқа болмас. Өзі орысша сыныпта оқыса да, қазақ әдебиетіне деген махаббаты, әдеби шығармаларға көзқарасы бөлек.

Әлеужеліні оңды пайдаланатын жанның бірі Мира бір уақыттарда оқырмандарына шығарма авторларын жасыруда шағын жарыс та ұйымдастырғаны бар. Үзінді мазмұнына елең ете қалғандар сол кітапты оқуға құмартып тұратын. Артынша, жеңімпаздарға өз қолынан шыққан бұйымдар мен ақшалай сыйлықты тарту еткен болатын.

​ Қолөнер шебері деп жоғарыда айта кеткеніміздей, кейіпкеріміз шұғылданатын сүйікті істің бірі күнделікті тұрмысқа керек полиэтиленді пакеттерді жинап, олардан жіп жасап, түрлі төсеніштер мен тақиялар жасайды. Бүгінде шамамен 16 мың пакет жинаған оған кішкентай қызы қолғабыс қылады. Ескі жапқыштарды да қайта өңдеп, жаңа жапқыш, джинсылардан әдемі көпшік, көрпе тыстарын тігеді.

Иә, сырттай қарап отырған адамға күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ пайдасыз, жарамсыз бұйымдар мен пакеттерден сыйлыққа да, үйге де қажетті дүниелер жасауды әдетке айналдырған кейіпкеріміз өзгелерге үлгі.

Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы,, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале