Уақыт алмасады, ұрпақ өзгереді, бірақ Отанға деген сүйіспеншілік, оны қорғау, халықтың тыныштығын күзету өзгеріссіз қалады. Себебі Отанды қорғау – абыройлы міндет.
Бұл туралы аудан орталығында 7 – мамыр Отан қорғаушылар күніне орай өткен саптық жиында аудан әкімі Марат Тоқжанов айтты.
Іс-шарада алдымен орталық алаңдағы сахна төріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы кіргізіліп, ҚР Мемлекеттік Гимні шырқалды.
- 7 мамыр – елді, егемендікті, мемлекеттік мүддені қорғайтындар күні. Бұл күн – бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген әрбір әскери қызметші үшін ерекше мереке. Ұлттық қауіпсіздік, төтенше жағдай мен өрт сөндіру, полиция, әскери қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті талапқа сай атқарып келе жатқанын көріп жүрміз. Бұл азаматтарға мықты денсаулық, қажымас қайрат, сарқылмас күш-жігер, отбасыларының амандығын тілейміз,-деген Марат Лұқпанұлы аудандағы бірқатар құқық қорғау салаларының қызметкерлерін алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелік іс-шара патриоттық бағыттағы сазды бағдарламаға ұласып, жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.
Нұрсәуле Әбілпейсова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz